Қазақстандық танымал әнші Қуандық Рахымның анасы өмірден өтті. Қайғылы хабарды өнер иесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әнші анасының қазасына байланысты әсерлі жазба қалдырып, жан тебірентер сөздер айтты.
"Жаның жәннатта шалқысын, анашым", – деп жазды ол.
Сондай-ақ Қуандық Рахым тағы бір жазбасында өмірдің өткіншілігі туралы ой қозғап, "Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз" деп, ауыр қайғысын бөлісті.
Желі қолданушылары мен әріптестері әншіге көңіл айтып, қолдау білдіруде.
Қуандық Рахым – қазақстандық танымал әнші, ол 1992 жылы 9 қыркүйекте Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Өнерге жақын ортада өскен оның анасы да кезінде Жезқазған өңіріне белгілі әнші болған.
Қуандық бала кезінен музыкаға қызығып, кейін бұл жолды кәсіби түрде жалғастырды. Ол Тәттімбет атындағы өнер колледжінің дәстүрлі ән бөлімінде білім алып, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдады. Әнші домбыра, күйсандық және қылқобыз аспаптарын меңгерген.
Көпшілікке ол "МузАрт Live" жобасы арқылы кеңінен танылып, тыңдарман жүрегінен орын алды. Оның шығармашылығында "Лаула", "Мен Қазақпын", "Оп-Оңай", "Сегізінші кереметім" сияқты әндер ерекше орын алады. Сонымен қатар "Естелік", "Тәтті махаббатым", "Жай ма?", "Дәлелде", "Серілер" туындылары да кеңінен таралған. Қуандық Рахым қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан жас әншілердің бірі ретінде бағаланады. Бүгінде ол ұлттық өнерді насихаттап, тыңдармандарына сапалы музыкалық туындылар ұсынып келеді.

