freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«Жұмыс қарқыны өте баяу»: Нәлібаев Алматы әуежайына қатысты сын айтты

Қоғам
«Жұмыс қарқыны өте баяу»: Нәлібаев Алматы әуежайына қатысты сын айтты
Үкімет

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында мегаполистегі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік нысандарды аралады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сапар аясында Нұрлыбек Нәлібаев алдымен Алматы халықаралық әуежайына барып, әуе айлағындағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен танысты. Атап айтқанда, перрон ғимаратының құрылысы, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы, жаңа жүк тұрақтары және ішкі рейстер терминалын қайта жаңғырту жұмыстары қаралды.

Қазіргі уақытта әуежайда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа халықаралық терминалдың жалпы аумағы 56 мың шаршы метрді құрайды. Нысанға 93 млрд теңге инвестиция тартылып, оның өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін артқан. 2024 жылдың маусымында жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін бұрынғы ғимарат толықтай ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшкен.

«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Көсе Гөкердің айтуынша, TAV Airports Holding компаниясы алдағы бес жылға арналған жалпы құны 360 млн доллар болатын даму жоспарын бекіткен. Оның аясында терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жерүсті қызмет көрсету жабдықтарын жаңарту, жүк перронын, борттық тамақтандыру нысандарын, қонақ үй мен көп деңгейлі автотұрақ салу көзделген.

Алайда Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс қарқынының тым баяу екенін сынға алды.

«Алматы – туристер көп келетін ең әсем қалаларымыздың бірі. Әуежай аумағындағы қаланың келбетіне кері әсер ететін әрі туристерге қолайсыздық туғызатын құрылыс жұмыстарын 1 шілдеге дейін аяқтау қажет. Туристік маусым қарсаңында жаңғырту қарқынын күшейтіп, халықтың мүддесін ескеріңіздер», – деді ол.

Сондай-ақ бірінші вице-премьер жақында нөсер жауыннан кейін халықаралық терминалды су басу жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл оқиға қоғамда кең талқыланып, тұрғындар мен қала қонақтарының теріс пікіріне себеп болған.

Осыған байланысты Нұрлыбек Нәлібаев жұмыстың басты көрсеткіші сапа екенін атап өтіп, Алматы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қоғамдық көлік желісімен, соның ішінде болашақ метро бағыттарымен біріктіруді тапсырды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу