Бауыржан Қарағызұлы. Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...

  • 15.03.2021
  • Malim Админ

Дежавю

Алақаныма қараймын,
өткен күн қайырылып келердей...
Шыным, түсін, ұғын,
мас болдым өмірге өлердей.

 

Іштім, еліріп, шерлендім,
Не таптым?!
Ап-ащы өмірді
қалай іше бергенмін?
...

 

Іштім бәрін! Не көрдім?!
Ойлашы.
Өмірдің шарабын татпаған
бала күндерім -
дана күндерім қайдасың?!

 

Іштім.
Уақытымды іштім,
Бақытымды іштім, сорланып...

Іштім.

Қайғы татыған көз жасымды іштім.

Бақытымның тәтті сілекейін іштім, паңданып.

 

Міне,
әбден салынып кеттім өмірге,
жалығып кеттім,
сендерден
және
ұятсыз сөздерден.
Ештеңе жоқ өзгерген.

 

ТЕК

...Роботтар жайлы айтқым кеп еді,
тұла бойымның тұнығы - Тағдырым.

 

Көңілдің қошы болмай тұрғанын қарашы,
құлазып, тағы, жан бүгін...

 

Жап-жасыл балапан жапырақтар
қол соқсын, шулап,
саясаттың шашын сулап, тарашы,
сүйкімі артар, сорлының.

 

Тұнығым,
ертең бір ақын
қуыршаққа айналса,
кінә артпа маған. ...Білемін.
Ой, сосын оның өлімі көркем тойланса,
ауырмасыншы жүрегің.

 

Ауырады ғой, жүрегің...

 

Қарашы,
мөп-мөлдір тамшылар ойға батады,
жылайды, сұлу құлайды.
Топыраққа жанын айма-ла-тады,
ұнайды... Маған, ұнайды.

 

Сол жерден нәзік Өмір өседі,
Топырақ оны туады.
Оны да тағдыр еңіретеді,
омырауын жаспен жуады.

 

Мөп-мөлдір жаспен жуады бәрін,
Жас емес, өзі - тамшы еді.
Тамшының ол да қуады жолын,
тұнығым,
Өмір, қанша еді???

 

Бәрі...

Мұңайма, Құдайға айтасың бәрін.
Дос. Дұшпан. Сатасың бәрін.
Ішің босайды.
Рахаттанып,
шалқаңнан түсіп, жатасың, жаным!

 

Шаршама, қаншама күндерің өлді.
Үй. Жұмыс... Болады бәрі.
Айтасың Құдайға,
саңқылдап...
Аңсаған не бар? Қалады бәрі.

 

Жарқыным, алтыным қайда барасың?!
Кел. Өмір, мәңгі ме?! Қайтшы...
Ішің босайды.
Рахаттанасың,
жантайып жатып, әңгіме айтшы,
Көктем келді ғой...

 

Жазылу

Жазған,
баяндаудан шаршадым,
өмірімнің көз жасын,
онысыз да аз «досым»,
Қош. Жаным нені аңсады,
Жазған?

Жазылған баршасы,
Жапырақтың жасымен,
Топырақтың қанымен
Өзің жаздың емес пе,
Жазған?!

Күн тамшылап сағатттың
цифирларынан – иллюзия.
Көк тозаңның ішінен,
ғалам жайлы айқай салдым – күлкілі.
Күлкім – бір түрлі, Жазған.

 

Баяндаудан шаршадым,
Өлімімнің ғажаптығын,
және оның
ойхой, азаттығын мақтай-мақтай,
мақтаменен бауыздалып,
қына бітті жағыма.
Көздерімнен қызыл гүлдер
өсіп шықты күбірлеп...

 

«Өлім деген – судыраған Сөз ғана...
Ойлан, бала, аз ғана...», – дейді тағы,
ішімдегі Бауыржан – түсімдегі әуре.
Содан кейін ауырғам.

Енді жазылдым.
Жазған.

 

Келешек

...Жоқтарсың.
Жоқтарсың іштей егіліп,
бәрі де сонда кеш болар.
Сөгіліп қабырғаларың,
жас толар көркем көзіңе.
Кезіңе жалғызсыраған,
келемін өткен шақ болып,
тұрамын сенің алдыңда,
кешірім сұрап, ақталып.
Сен сонда мені түсініп,
түсіріп бәрін есіңе,
ерніңнен күлкі тамшылап,
кешірсең ғана болғаны...

 

ОЛ

...жоқ шығар, табиғи өзгеру,
уытты, кекті көздері.
Не деген қатыгез еді,
не деген қып-қызыл сөздері,
ұятым қызарып кетті,
уақыт ұзарып кетті...
Ояндым.
Ол мені алдады, арбады...
Қорлады.
Құдай-оу!
Есім дұрыс адаммын ғой,
есім дұрыс, жынды емес.
Өмір сүргім келеді жай бір адамдай,
мазамды алмашы түнгі елес!
Болды енді.
Ғайып.
Бәлкім, асықты.
Міне,
ойымның сұп-суық қолдары,
Жанымды шошытты.
Рухымды жасытты.
Шыдаймын. Қайтемін, көндігем??
...Ұйықтай алсам ғой енді мен?!

 

БейБақ

Ей, бейбақ,
Ар алдында тыр жалаңаш шешінген,
және
өлім сотына тірідей кесілген,
сен ғана емессің,
сөз оғына атылған,
сен ғана емессің
қашып шыққан жатырдан...

Топырақ!
Топыраққа жанталасып жүгірген,
Мен ғана емеспін,
өз ойына өртенген, жүгінген, үгілген,
Мен ғана емеспін...

Көр... Көресің Көрді.
Көр... Көзіңнен жан толқып...
Мен – отпын. Отымнан шер іш,
тәп-тәтті қайтыс боласың,
тәп-тәтті аруақ боласың – сәби!

Уақыт қабатында жорғалап,
қорғалап жүрген кім, Хақтан?
Маңдайыңнан тағдырың сорғалап,
Өмір сүргің келеді оттап.
Ал
Менің күлкім келеді.
Күлкім – удай өртейді жасымды,
жылатып Ғасырды.

 

Сөзге қанат біткен түн

Тіле. Өзіңнен тіле, сұра өзіңнен.
Өзіңде – мәңгілік сәт сайын жаралған.
Сәт сайын жоғалған ойларың оралсын, гүлдесін.
Гүлдесе, көзіңнен сөз тамар мөлдіреп.
Басталар басқа әлем жүректе.
Күн туар күлімдеп тілекте.
Өзіңнен тіле.
Қадырың кетпесін өзіңе. Қадыр түні.
Көктесін күдігің, күдігің көктесе,
бір тамшы жаспенен басқа әлем жазылар,
оқылар шындығың бір тамшы жаспенен.
Пой, сосын Ой ұшыр алақаныңнан,
алақаныңнан сөз ұшыр, тағдырлас!
Енді бұдан былай Құдай ақыл айтпайды біздерге.
Айтқан Ол, уақытқа серт етіп.
Ал енді Арлы кім?!
Арсыз кім?!
Жазған. Жазылған барлығы.
Өзіңді оқы.
Қадыр Түні ұлымасыншы құлқының.
Тек қана Өлең түседі Аспаннан бұл Түні.

Қадыр түні. 2017 жыл. Қырғызстан. Бішкек қаласы.

 

 

ЕКЕН...

Бұл қалада бәрі бар екен.
Жоқ та бар екен.
Енді былай қарасаң,
сол түн,
сол еріген жел... Жөтелген ауа...
Жөтелген ауаның үнінен,
сол баяғы таныс мұң тағы да ыңылдап,
жетектеп алды. Терезе алды.
Күрсінген ағашты көресің
сол баяғы уақытқа ілінген.
Күрсінген ағаштың түбінде
Көліктің дауысы домалап барады.
Қаңғыбас дауыс,
біреуді қағып кетпесе екен,
біреуді басып кетпесе екен...

Түркия. Газиантеп шәрі.

 

Шын. Дық.

Өзінің аспанында
балықтар ұшып жүр...
(Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.)
Біз
ауаның астанда балықтай жүземіз.
Құс та жүзіп жүр ауада.

 

"Тасбақа" дегенге шамдандық,
таңдандық құстарға...
Өйткені төбеңде!
Құстар да жүзеді ауада,
бірақ, төменде.

 

Ұмыттық ұятты.
Қош. Уақытша.
Бізден ақылды сияқты, дельфин.

Нақылды судай сапырдық,
жылайды жанар.
Судай сапырдық сөзді,
балыққа обал.

 

Ғарышта жұлдыздар жүзіп жүр,
ойланшы дельфиндей... Жүзіп... Былай...
Уақыт та жүзіп жүр, ойнап...
Кеңістік - Су.
Ұшып жүр Құдай!

 

ГАЛСТУК

Түн іші. Жоқ, мүмкін таң алды,
немесе түстегі асынан,
бір адам табылмай қасынан,
бастығы, досынан, қасынан,
қиянат көргенде, сыпырып басынан,
қанша адам асылып өлді екен осыған?!

 

3018 жыл. Құрбан Айт.

Электронды қалада
қып-қызыл күн батқанда,
ақ пен қара таласып,
жоқ пен бары жарасып
жатқанда,
Өлім келді алаңға.
Келді Өлім
ал қызыл гүл ұстап,
жөткірініп сөйледі,
галустугін дұрыстап:
«Менің атым Құрбан» деді.
«Сен» деді.
Ешкім сенбеді.

 

Түн. Мен.

...Мен, қазір осы уақыттың
Жанын сеземін,
демін сеземін
күрсінген...
Түн.
Момақан Түн, Түс және Өң сіңген,
мынау беймаза,
ұйқысы қашқан қаладан,
ұйқыда жатқан далаға
сіңіп кеткім келеді,
Аспан жаңбырындай,
тамшы тағдырындай мөлт етіп...

 

Тағдырдың жазғанын көремін,
біреудің дұспандығын,
қастығын,
жалған достығын,
ластығын көтеріп келемін,
көтере беремін...
Бəлкім, момақан Түнім,
Саған,
мұным күлкілі.
Мен өлсем,
Сөз көтере алмай
өлетін шығармын
бір Күні!

 

Топырақ демі

Топырақ,
Мен жасанды мұңнан қорқамын…
Түннен қорқамын дұғасыз.
Соқыр сөздерден;
Қабірге айналған қараңғы-ы-ы көздерден;
кінәлі кірпікті жуған күнәсіз жастан;
тәубесіз бастан, қорқамын,
Топырақ!

 

Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,
Мейірім жауып тұр мөп-мөлдір.
Иә, рас,
біз — жетімбіз жерге тасталған,
мастанған Жоққа,
не
Рахым Нұрына мас болған,
ұмытшақ нүктеміз — адасқақ…

 

Топырақ,
Мен, өзімнен қорқамын…
Төзімнен қорқамын кектенген.
көпірік дауысқа көмілген,
өтірік сезімнен,
қорқамын топыра-а-ақ…

 

Қарашы,
жаңбыр кетіп барады…
қайда кетіп барады?
тағдыр кетіп барады...
Қайда кетіп барады?
Қарашы,
Тамшы мөлт ете түсті…
шолп ете түсті бір өмір,
Топырақ!

 

Желдің қатысы жоқ

Жел тайғанақтап жүгіріп бара жатыр...

Байлығың - біреудің жүйкесінен есілген арқан.

Қайғының өзі көңілді. Бәрі – елес.

Кешегі ашынып жүрген – сабырлы.

Өкінішіне асылып өлген ол емес.

Байсалдық еді, Жарықтық.

Арқанның да қатысы жоқ дей салдық.

Есінеу үшін күрсініп...

Қайғының өзі көңілді.

Ақылды ойлап тапқанда,

жоғалтып алдық өмірді...
Өкіне алмағанымыз – өкініш.

Өкінішімізді тойладық.

Өлімді сұп-сұлу қорлағанымыз үшін,

байсалдық жайлы ойладық.

Қатты беріліп ойға.
Күбірлеп...

Қолымыз дірілдеп...

Қолымызда есілген арқан.

Бір ұшы қайда?!

 

Апатия

І

«Ымырт тағы өлең оқып өткенге,
Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде...
Ертең үміт сығалаған шығыстан,
Келер жылы қар жылап тұр көктемде.

 

Ал сен болсаң түс көресің күнімен,
Өмір сүріп ой кешесің түнімен.
Желдің мұңын түсінбеген боласың,
Ай туғанда аппақ гүлдің түбінен...»

 

ІІ

Саусағыңа саусағым тиген нүкте

- жаңадан бір әлемнің жаратылған киесі.

Сүйесің. Ғалам кетті өзгеріп.

Ақиқатқа айналады сезгенің.

Бұл не деген ғажайып.

Бұл не деген өзгеру.

Әр секундта ғарыштың кезіп күллі ғұмырын,

жан дауысына үңілу.

Өлім деген - өтірік.

Өмір деген - мәңгілік.

Қайда жүрдік қаңғырып???

Жаным. Ерініңнен шашырап қуаныштың інжуі,

жанарымнан төгіліп жұбаныштың жақұты

еріп кетті кеңістік, омырылды уақыт.

Бақыт.

 

ІІІ

Міне, тағы да ұйқысыз отырмын.

Бақұлмын бәріне.

Жаныма келген кім?! Жалғызбын.

Қанымда жаралған ғарышта балалар ойнайды,

бабалар бата оқып...

Ал мен болсам темекі шегемін,

терезе мөлдіреп қарайды далаға.

Дала да қарайды молаға.

Жоқ, мүмкін қайғымды шегемін,

мысқылдап молаға?

 

Уфф... Ойыма келген кім?!

Ерменнің исі келеді мұрныма,

күрең тауларды еске алсам,

келеді жылағым, келмейді өткен күн.

Осының бәріне сенбейді,

қартайған бұтақты сөйлеткен

жап-жасыл нәресте жапырақ.

«.»  

 

Ең ақырғы түн сияқты. Мына түн.

Қызық емес.

Жоқ ешқандай жоспарым.

Жоқ ешқандай мақсатым. Мұратым.

 

Өмiр деген – жалғыз түн.

Кеш бiлдiм.

Ешкiм менi iздеп жүр.

Iздемеймiн ешкiмдi.

 

Жер бетiнде ешкiм жоқ.

Сол.

Себебi жоқ – себебi.

«Бiреу қайтыс болыпты...»

Күлкiм келедi.

06.08.16.

Ынтық

Сүйем дедім... Жан неге үндемеді?
Сол үнсіздік қинайды күнде мені.
Ақ пен қара – бірдей түс. Оян, жаным...
Таң келеді. Мен келем. Түн келеді.

 

Сөйлемейді... Немене көздегені?
Өзгермеймін. Көзқарас өзгереді.
Ақ пен қара - бірдей түс. Күлші, күнім,
Мен келемін. Күлмесең, сөз келеді.

 

Жылап тұрды... О, неге жолықтырдым?
Жалықтырдым. Соңында қалып тұрмын.
Ақ пен қара – бірдей түс. Келші маған,
Өз отыма өртеніп-жанып тұрмын...

 

Жек көремін. Көрмеймін. Жаралады.
Қап-қара түн, аппақ Ар табалады.
Ақ пен қара – бірдей түс. Жүр, табамыз,
жоғалмайды. Өткен күн оралады.

Байланысты жаналықтар

Қуаттың «Мазасыз маусымы»

14.05.2021

Автокөлігімді саяси көзқарасым үшін өртеді

14.12.2020

Қысқы көкпар көріністері (фоторепортаж)

03.02.2021

Алматы әсерлері

03.04.2020

Мирас Асан. Іші пысқан қаладағы жыр

07.04.2020

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жары - Ажар апа қайтыс болды

05.10.2020