Мұқағали минуттары

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 07.10.2021

 «Ақынның алдында қандай қиындық тұрса да, жазуы керек»

Эдуардас Межелайтис.

Ғазиз тіршіліктің жүрегін тыңдай алатын шын ақын ақындардың арасында да аз болса керек.

«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің» қай-қасынан да сәтті өлең, сәтті тармақ табуға болады. Бірақ Мұқағали айтқан шын ақын категориясына бәрін тегіс жатқыза алмаймыз. Оның себебі тым көп шығар. Әркімге әртүрлі анықтама да беруге болады. Сонда шын ақын кім? Кімді шын ақын дейміз? Оны қалай анықтаймыз? Сұрақ көп. Өлшем де, талғам да әртүрлі. Бірақ бір өзгермейтін қағида бар. Шын ақын – шынайы жазуы керек.

Ақындардың өлеңін оқығанда бәріміз түсінеміз. Бірақ тегіс түйсінеміз бе? Түсіну мен түйсінудің парқын ажыратпағанша, шын ақынды да ақындардың арасынан таба алмай кетеміз.

Мұқағали Төлегеннің қазасына арнаған өлеңінде «шын ақын» деген категорияны айтып кетті. О заманда да ақын көп. Қазір есімі бізге белгілісі бар, белгісізі бар. Тіпті, есімі белгілі болса да, бір өлеңі есте жоқ, қаншама ақындарымыз бар. Мұқағали олардың бәрін шын ақын қатарына қосқан жоқ. Жиырма тоғыз жасында қаза тапқан Төлегеннің жаназасына қатысып, топырақ салу үшін Қарақалпақстанға арнайы барып, жоқтау жазды. Мұқағалидың бұл барысы – бағалау еді. Шын ақынды қадірлеу, тану болатын.

Мұқағалидың дүниеден озғанына жарты ғасыр уақытқа таяғанда оқырмандардың оған деген махаббаты бір салқын тартып, суығанын көрген жоқпыз. Қайта үдеудің үстіне үдей түсіп келеді. Оның сыры неде?

Ақын өзіне де шын ақын өлшемімен қарады ма?

***

Андре Маруа: «Достоевскийді біздікілер өздерін ұмытып жақсы көрді (оған негіз де бар еді), бірақ сол жақсы көрудің Толстойға, әсіресе, Тургеневке салқыны тиді» деп жазады. Яғни, орыс жазушыларын Еуропа оқырмандары бір-бірімен салыстырып, оларға жазушылардың бір-біріне деген көзқарасы тұрғысынан қарады. Мәселен, Достоевскийдің оқырмандары Тургеневке Достоевскийше қараған. Оқырмандардың осындай махаббаты біздің әдебиетте де жоқ емес. Жершілдік тұрғысынан да, көзқарас ыңғайында да бұндай жікшіл махаббаттың мысалын еркін-ақ келтіруге болады. (Бірақ оның керегі не?). Біздің айтпағымыз Мұқағали осындай көзқарастың қай-қайсынан да биік болыпты. Оның поэзиясын сүйетіндердің махаббаты Мақатаев замандастарының біреуіне де салқынын тигізген жоқ. Себебі Мұқағали ешкімге ұқсаған жоқ. Оның оқырмандарын Алтай мен Атыраудың арасынан еркін табасыз.

Қандай естелікті оқысаңыз да, Мұқағалидай жайдары адамды көресіз. Әбіш Кекілбайұлының үйіне «Қарлығашым, келдің бе?» кітабын апарғанда, Айсәуле анамызбен үйде қалып қалатыны, кейуананың: «Жарықтық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қандай!..» деп тамсануының ар жағында Мұқаңның жайсаң мінезі жатқан жоқ па?! Ақынның ұстанымы түсінікті: Біреуді сүю үшін біреуді жек көрудің не керегі бар? Осы ұстаным оқырмандарына да көшкендей. Мұқағалиды сүю үшін басқа ақынды жек көрудің қажеті шамалы.

***

Гораций: «Рим бар кезде мен де ұмытылмаймын», – депті. Рим мәңгі тұрады деп ойлаған шығар. Әлде ол үшін әлем Рим болды ма екен? Ал Мұқаңның өлшемі басқа. Ол мекенмен емес, уақытпен өлшейді. «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын», – деді.

Мұқағали өлеңдері қарапайым күрделі құбылысқа (простая сложность) жатады. Оның өлеңдерінен ұдайы, үдетіп қолданған жыраулар поэзиясының лексиконындағы сөздерді кездестірмейсіз. Бұндай қолданыстар бүгінгі ақындардың арасында да, тіпті, жас ақындардың ішінде де көп кездеседі. Мұқағалида бәрі – қарапайым. Түсінікті. Бірақ олай жазу өте қиын. Неге?

Меніңше, ол ақынның қазақ сөзін өте жақсы білетінінде. Оның шын ақындығында. Табиғилығында. Ол сөздердің үйлесімін керемет біледі. Бір-біріне тартылып, бір-бірін жатсынбайтын сөздерді ғажап қолданады. Оның үстіне Мұқаңның ұйқастары да қазақы. Ол ештеңені ойлап таппайды, бір нәрсені қолдан жасамайды. Өлең қалай туды, солай жазды. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегені осы болса керек.

Ақынның интонациясы оқырман жүрегінің лүпілін тура басады. Оған дейін дәл Мұқаңдікіндей интонация ешкімде болған жоқ. Бірақ кейін Мұқағалиша жазатындар көбейді. Бұл жаман құбылыс та емес. Ең алдымен ақынның қазақ поэзиясында қаншалықты ықпалға ие болғанын көрсетеді. Мұқаңның интонациясын ала отырып, оған өзі жаңа нәрсе қосып, өзіндік жолын тапқан қаншама ақындар бар. Шайырлар – бір-біріне ұстаз. Поэзия солай өседі, солай көгереді.

«Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік.  Сенің жұлдызың – ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» деп, ағынан жарылады Тұманбай досы. Тұмағаңның жұлдыз деп отырғаны жыры емес пе? Ондай мейірімді, ондай шұғылалы жырға кім болса да ғашық болмай тұрмайды ғой. Тіпті, тірісінде өзінен қашып жүретіндер Мақатаев жырларын жатқа білмеді ме?! «Осы ел өзімнен қашады. Кітабыма неге сонша құмар, ә», депті Мұқаң бірде ақын інісі Айтақын Әбдіқалға.

Кітабы шығысымен тез тарап, өтіп кететін болған. Өйткені ескірмейтін, уақытпен ғана өлшенетін өлеңдер жазды. 1976 жылы 28 ақпанда: «Әттең, ауруым болмаса, биыл мен үшін жаман басталмады. «Өмірдастан» таңдамалым он бес мың данамен шықты. Аса жаман емес. Мазмұны, тақырыбы мені қанағаттандырады. Бұдан 10-12 жыл бұрын жазғандарымның жаңа дүниедей оқылатыны қуантады. Бәрі орнында...» деп жазады.

«Өмірдастан» өзінің қатты күткен жинағы. Сол таңдамалысына өзі берген баға әлі солай ғой. 10-12 жыл емес, 60-70 жыл өтсе де, ақын жырлары жаңа жазылғандай оқылады Біздің өзіміз бала күнімізден жаттап өскен жырларын әр оқыған сайын жаңа өлең оқығандай екпіндей жөнелетінімізде не құдірет бар екен...

Ақынның «ХХІ ғасыр құрдасымын» дегені жәй ғана айтыла салған сөз емес. Түйсікпен сезген сөз. Ол – ХХІІ ғасырдың да сырласы.

***

Мұқағалидің өлеңдерінде де, күнделігінде де поэзия туралы сыры көп. Ол – поэзияға ғашық. Тіпті, бұл сөздің өзі аздық ететіндей. Ол өзі – поэзия. Ауруханада жатқанда қаншама өлең жазды. Өмірінің соңы 4-5 жылында ақын қаламынан туған жырлардың осалын табу қиын. Және қалай жанталысып жазады. Ауруханаға түспей тұрып та ол солай жазған. Анна Сниткинаның Достоевский туралы айтатыны бар. Бәрі Федор шалдың көп жазғандығы оның баспалармен келісімінен деген. Алдын-ала ақша алып, амалсыз көп жазды деген. Алдымен стенографисі, кейін өмірлік серігі болған Анна мүлде олай емес екенін айтады. Оның қарызы жоқ кездері де Федор Михайлович сондай қалыпта жазған. Ол қарыз болмаса да, сонша шығарма жазар еді дейді. Бұл сөзді кейін достоевскийтанушы, ақын, сыншы Игорь Волгин де дәлелдеп шықты.

Ал Мұқағали ше? Ол дерті қозып, өмірден күдер үзе бастағанда ғана күніне он өлең жазды ма? Жоқ. Ол өзі сондай ақын еді. Бексұлтан Нұржеке-ұлымен сөйлескенімде: «Мұқағали керемет ұқыпты адам еді. Оның замандастарынан да, өз тұрғыластарымнан да ондай ұқыпты адамды көрген жоқпын. Оның бүкіл қолжазбасы менің көз алдымнан өтті. Әр өлеңінің қолжазбасы бар. «Есіңе мені алғайсыңның» үш нұсқасы бар. Бәрін сақтауымыз керек», – деді. Ақынның бұндай ұқыптылығын жары Лашын Әзімжанқызы да естелігінде жазады. Әр жылда жазылған өлеңі әр папкіде, жарияланғандары мен жарияланбаған өлеңдері бөлек-бөлек қатталып отырған.  Яғни, ақынның жас кезінен жоспары болған. Шибұтта жазған өлеңдерінің әрқайсының астында датасы жазылған. (Айтпақшы сол жас кезіндегі өлеңдердің мұңлылығына Бексұлтан Нұржеке-ұлы да, Амангелді Кеңшілікұлы да назар аударды).

Әбіш Кекілбайұлы «Қарлығашым, келдің бе?» деген жинақтан соң Мұқағалидің ерекше өскенін жазады. Жалпы сол жинағы өте сәтті шыққан жинақ. Асқар Сүлейменов екеуі Мұқаңның үйінен қайтып бара жатып: «Енді оны ешкім тоқтата алмайды» деп қайтатындары бар. Бұндай екпінге үнемі дайындалып жүрген ақын ғана жетеді емес пе? Оның күнделігіндегі мына бір жазбаларға назар салайық:

 «Ақпанның 5-інен 15-іне дейінге он күнде 27 өлең» Бұл 1972 жыл;

«Айналасы бір жетіде «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, хош болыңдар» жазылды.

Газеттердің тапсырмасын былай қойғанда...

1972 жыл 9 ноябрьден 28 ноябрьге дейін цикл өлеңдер жазылды...»;

«Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?...» 24 желтоқсан, 1973 жыл;

***

Ақынның 1975 жылы аурумен өтті. Бірақ көп өлең жазды. «Поэзия – менің жанымның шырылы» дейтіні осы жылы. Өмірден бір жола күдер үзе бастаған шақ.

«Мен елу жылдық тойымды көре алмаймын. Балаларыңа бас бол, мені жоқтатпа, сен өзің кеткенше азық болатын дүние жазып кеттім. Соған ие бол! Қысылмассың! Өзіңе-өзің мықты бол!», - дейді Лашынға.

Ауылдан Еркін досын шақырып, егер қисая қалса, қонақасына соятын малын дайындауды тапсырады. Біржола күдер үзілген. Үміт жоқ. Осы үмітсіздікке дейін ол әр минутын қадірледі. Өмірді сұмдық сүйді. Түсінді. Бәрінен мысал келтірмей-ақ қояйық. Оқырман, өзіңіз де жақсы білесіз. Мұқаңның «Пай, пай, өмір», «Өмір-ай деймін...», «Қаздар қайтып барады мекеніне», «Өмір жайлы сұрай берме сен менен...» өлеңдерін-ақ еске алыңызшы. Қалай толғайды! Қалай толғанады! Осы қимас уақытында шын серігі поэзия екенін түсінеді. Бар сырын, мұңын, арман-аңсарын соған төгеді. Мына бір өлеңінде бәрі тұр ғой.

Поэзия! Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл-жасыл шұғыла шашылғанда,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.
Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан.
Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу-күрсінуден,
Жүректердің іздедім дүрсілінен.
Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!

                                                           ***

35 жыл.
Уақыт қой көп-көрім.
35 жыл қуарып,
35 жыл көктедім.
35 күз, 35 қыс, 35 жас,
Осал өмір емес қой отыз бес жас...
35 жыл.
Өмірді кезіп келем.
Және 35 бола ма?
Сезіктенем...

Ақынның қысқа өмірін болжады дейтін сөздер осы бір өлеңдерінен шығады. 45 жасқа дейін әлі он жыл бар. Неге бұлайша сезіктенеді? Бұл ақындарға тән қасиет. Бәлкім, барлық шығармашылық адамдарында бар ой. Өзіңнің өміріңнің соңы туралы бір ойланбай қоймайсың. Бұл нақты болжау емес. Күдік.

Ал ақын 45-ке келгенде мына бір сөзді айтты.

Өзімнің есебімде,

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі...

Ендігі қалған өмір,

Неше жылға жетерін,

Неше күнге

Ұмыт болып есебің де, өсегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде,

Қырықтың бесеуінде.

Бұл әбден дертті асқынып, айықбасқа көз жеткен уақыт. Енді тыныш өлімді аңсайды. Еркін досын шақырып, аманатын тапсырғаны да сол.

1976 жылы 27 наурыз күні ақын мәңгілікке көз жұмды. Ақын дүние салар жасын да, күнін де тура айтқан дейтін сөзді құлағымыз шалатын. Интернетті ақтарып отырып, Шаяхмет Имашұлының бір естелігін таптық. Онда нақты көргені емес, естігені айтылғандай. «1976 жылы «Өмірдастан» деген Мұқағалидың сары кітабы дүниеге келді. Оған Мұқағалидың өзі қатты қуанып, қатты дәріптеген. Кітаптың бірнеше данасын алған болса, соның барлығын өзінен үлкен ақындардың біразына қолтаңбасымен таратыпты. Біреуін Әбділдә Тәжібаевқа жіберіпті. Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды анау Қарасазда жүрген жерінен шақыртып, үй бергізіп, жұмысқа алғызған.

Сол Әбекеңе қолтаңбасымен кітабын бергенде тілегін білдіріп, «27 наурыз, 1976 жыл» деп жазып жіберіпті. Ол негізі ақпан айының іші екен. 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтеді. Содан кейін Әбекең таң қалып, «әулиелігі бар екен ғой» деп «Әулие ақын» деп ат қойған көрінеді», дейді Шаяхмет Имашұлы.

Әуелі осындағы «Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды анау Қарасазда жүрген жерінен шақыртып, үй бергізіп, жұмысқа алғызған» деген сөздің өзі күмәнді. Лашынның, Әбділданың, Нағиман анамыздың естеліктерінде де бұндай бір ауыз сөз жоқ. Әбекеңнің алғы сөз жазып, газетке өлеңдерін жариялап, бата бергені рас. Ал қалғаны қаңқу сияқты...

Осы жазбадағы 27 наурызға қатысты сөз де ешқандай естелікте жоқ. Әбділдә Тәжібаев ондай сөзді айтпайды. Бұған күдіктеніп, Мұқаң өзі әдебиетке жетектеп кеп қсоқан, қамқор болған Бексұлтан Нұржеке-ұлы інісінен сұрап едік, ондай сөзді мүлде естімеген болып шықты. «Тіпті, ол уақытта Мұқаңның Әбекеңе кітап апарып беретіндей мүмкіндігі болған жоқ. Аурып жатты», дейді.

Тұрсынжан Шапай естігенін, бірақ қайдан шыққан сөз екенін білмейтінін айтты. Амангелді Кеңшілікұлы да бейхабар болып шықты. Ақыры дал болып отырғанда, әлеуметтік желіге Еркін Ібітановтың бір бейне жазбасы шықты. Ютуб желісінде ол видео тұр. Сонда ауылдан Еркінді арнайы шақырып, аманатын тапсырып, «Өмірдастанды» сыйлағанын, кейін кітапты ашып қараса, 27 наурыз деп дата жазылғанын көреді. Ал Еркін мен Мұқағалидің кездескен соңғы күні 2 наурыз.

Нарынқолға Алтынкүл апамызға хабарласып ем, ол кісі де тура Еркіннің айтқанын айтты. «Кітаппен бірге балаларға мандарин беріп жіберіпті. Кейін көңіл айтуға барғанда, соған таңғалдық», – деді. Бірақ өкінішке қарай ол кітап сақталмапты.

Мұқағали феноменіне, оның аспандап кеткен даңқына бәрі таңғалады. Жұмабай Шаштайұлынан естіп ем, ақын дүние салғанда Нағиман анамыз: «Сені жерден іздеп жүрсек, тауға шығып кетіпсің ғой», депті.

Кейінірек баласы туралы естелік айтқанда: «Қырық бес жасында қыршын кеткен оның күллі қазақтың баласы боларын, ардақты ақыны атанарын, Құдай ақы, туған шешесі мен де, өмірлік жары да, туған бауырлары да білгеміз жоқ», дейді.

Ал Мұқағалидің інісіндей болған талантты ақын, өзі де қыршын кеткен Кеңшілік Мырзабеков ақын ағасын жерлеген соң Жұлдызға: «Көп мүжілме. Екі метр көрге әкең сыяды деймісің?! Көресің, бар қазақтың ардақ тұтар ақыны болады», депті.

***

Бүгін дәл Мұқағалидай молынан айтылып, кеңінен тараған ақын сирек. Тіпті, кейде ұлы ақынды талғамсыз қолданып, тықпалай беретін де әдетіміз жоқ емес. Өмірін, шығармашылығын зерттеуде де олпы-солпы дүниеміз көп-ақ.

Толстой өмірінің соңында: «Өмір деген – өлім», – депті. Мұқағали: «Өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме», – дейді. Ақынның өлімі оның нағыз өміріне айналды.

Мұқағали қандай қиын дертке шалдықса да, тұрмыстың қандай ауыртпалығына тап келсе де – жазды. Ештеңеге қараған жоқ. Уақыты санаулы еді. Оның минуттарына дейін есептеулі болатын...

Байланысты жаналықтар

Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

10.10.2024

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Классик жазушы Асқар Сүлейменов

08.10.2024

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024
MalimBlocks
Ақын Гүл Зарқұмар өлеңдері

Гүл Зарқұмар (1974 - 2022) – 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады. 2022 жылы Алматыда қайтыс болды.

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Классик жазушы Асқар Сүлейменов

Көрнекті жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асқар Сүлеуменов 1938 жылы 29 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданы Шорнақ ауылында туған.

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.