Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Malim Админ

  • 09.02.2024

«Хантәңiрi» деп жырлап, поэзия әлемінiң Хантәңіріне айналып кеткен ақынның әлемi – құдды бiр жанартау жарылып, алай-дүлей бұрқасын боранның шайқатқанындай, кейде маусымның мамыражай мезгiлiндегi аңқыған жұпардай реңге құбылып, iңiр қараңғысындағы алқызыл шапақ түске боялады. Алатаудың бауырында тұрып, бұлтты аспанға, сарғайған жерге, гулеген желге, үнсіз мүлгіген тауларға ұзақ қарасаң, ақын өлеңдерінiң рухын сезiнесiң.

Meн сені сүйгем,

Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ақырет күні адам баласынан жастық шағы үшін бөлек есеп алынады деген түсінік бар. Әгәрәки рас болса, сол сыннан сүрінбей өтетін ақынның бірі - Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев. Қалай дегенмен де ол шәкірттік дәуірді басынан өткермей-ақ, еліктемей, солықтамай іштей түлеп келіп өлең аламанына бірден түре тиіскендей көрінеді. Асау ат та қажырлы адамның қолынан, көзінен, тақымынан сескенеді. Сол тәрізді адуын өнерді ұстап тұру үшін қайсар мінез, берік иман, бет қаратпас айбын керек. Әйтпесе сөзің өтпеген, қолың жетпеген арман адамды жеп қояды. Мұқағали шайыр ғайып-жалған құрдымына шым батқан өткен дәуірлердің жоқшысы. Оның өлеңдерін оқығанда кетілген қорған қабырғалары, қап-қара ыс басқан кәрі үңгірлер баяғы жасан қалпына келіп, жермен-жексен болған сәукелі мұнаралар қайта бой түзеп, сән салтанат құрғандай көрінеді. Қыналы моласымен құмайтты даласы қайта түлеп, Маңғыстаудай Отаны үшін шыбын жанын садаға қылған баhадүрлер, Алатаудай асқақ рухты аруақты ерлер, жуан қоныш батырлар көрлерін қопарып, тары лақатты қақырата сөгіп, қайта сапқа тұрғандай болады. Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің. Қаншама ілік іздеп, сынап қарасаңыз да саңылау таптырмас шебер жымдасу, тылсым жарасу, жұмбақ қауышу.

Құран мен Сүннеттен қапысыз сусындап, арғы-бергі әдеби дүниелерді Мағұрып пен Машырықтың бай мұраларын адақтап шыққан сұңғыла ақын өмiршең поэзияның жарқын үлгiсiн көрсетті.

Мұқағали ақын лирикаға эпикалық-фон бере жырлаудың шебері. Ол тұла бойыңды түгел баурайтын философиялық сурет салуға жеткен суреткер. Оның шығармашылығы сөздің ұғымдық, символдық, мифтік-магиялық, саздық-гармониялық шоғырын іздеп тауып, жұтындыра пайдаланады. Ол қолдана-қолдана жауыр болған теңеулерге жоламайды.

Ал, нағыз ақындық шабыттың хошынан туған «Аққулар ұйықтағанда», Моцарт «Жан азасы» поэмаларының жөні тіптен бөлек. Осы поэмалардағы мейлінше оралымды, мейлінше шалымды, балы мен зәрі, сұңғыла ойы мен сырбаз мінезі қатар өріліп отыратын, теңдік бермей тайпалып, шығандап кеткен аяқ-алысқа Абайдың өзі сүйсіне қарағандай-ау!

Азамат Серікұлы  

Байланысты жаналықтар

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Жәркен Бөдешұлының жырлары

22.08.2024
MalimBlocks
«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Жәркен Бөдешұлының жырлары

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед. 2021 жылдын 22 cәуірінде өмірден озды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Еліміздегі көптеген баспаларда, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. «Емендер түнде бүрлейді», «Жұлдызға орын ай бермес», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» секілді ондаған кітаптың авторы.