Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті
Тарих
Жылпылдап жеңілтектің желін үрлеп,
Ұры мысық секілді сүтке өрлеген,
Қария-көк, тұрсың ба тегі білмей,
Өзіңнен отты оқиға күткен мен ем.
Сорылған сұлу қыздың ерініндей,
Сазарып бола қалдың «түк көрмеген».
Несіне тіл қатпайсың,
Дейсің бе өз тарихыңды өзге елден ұқ,
Соны бұлдап жау кетті сөзден жеңіп.
Кімге керек кеңес қып айтпағасын,
Қолмен қойған бейнеңіз көзбен көріп?
Сорпасыз өмір деген сұм неменің,
Қонақпыз сыр-сипатын білмегемін.
Өшім көп тілімді ұқпас түнге менің.
«өткеннің тапсам » деп ем тың дерегін.
Мәлімдер мазары мен мінбелерін,
Үйтастың үнін бағып үндемедім.
Сөнгенбе әлде сесіңнен именген от,
Танылмайды бет-ауызы күйген дерек.
Суайт самал сайқалсып, сүйреңдемек,
Том – том тарихың барма әлде түйген бөлек.
Соны мен таба алма жүрмін бәлкім,
Не тапсам да оқитын ми менде жоқ.
Көрмеген де, білмеген бола қалдым,
Түлерме едім шындықтың тыңдап бәрін.
Шымға шөгіп бара жатқан молалардың,
Аңғармаймыз астында кім жатқанын.
Әлде жау ма? Бабам ба онда жатқан?
Таба алмаймыз тіміскіп тұрсақтағы.
Жалантып Жоңғар атқан жетім жебе,
Жамсатты нәрестені құрсақтағы.
Сыртасты сырғытқанда шыңнан жұлып,
Жаны шыға жалғандық тұр жаңғырып.
Сұрап ап күңнен көйлек, құлдан құрық,
Сұрап ап, кетілген кілт, сынған құлып,
Баяғы мен бүгінді құрбан қылып,
Болашаққа берсек пе бір заңдылық.
Күрсінгіш көрік кеуде
Көңілдің көк дөнені көк тер, ақ тер,
Шанақ тарда шаппайда шоп-шолақ шер.
Төбесінен тіке түсер тың бір шабыт,
Босағаңнан алтынды боққа орап бер.
Ұлы шыңға қарақшы оба жияр,
Ойдағы осал өлеңдер соған ұял;
Көп илеуге көнбейтін көне мінез,
Күрсінгіш көрік кеуде, дода қиял.
Көру тұрмақ естуге сенбеуге ерген,
Арман – аруақ адуын тең кімдермен.
Дала дүбір, тек қара аршынды ерлер,
Сенің сандал сертіңе сенгім келген.
Жан аруақ жанарыма жарқын от жақ,
Алтын сүйек рухыңды сарқып ап қап.
Қара темір шайнаған қазанатың,
Құлаштап қара жерді қамтып аттап...
Самсыған сардарларды ағынға айдап,
Арасында арамыза танылмай қап.
Санаңа сары жұлдыз сіңдіме екен,
Түнерген түмен қолдың бағын байлап.
Астасып атақты ерлік мархұм ғұмыр,
Асқақтатып асау су, алтынды бу.
Күнгейшапқан көмескі көп ерлер-ай,
Күңіреніп алдың дүбір, артың күбір.
Атты қазақ арманға жетіп өлген,
Сел соқсада сыртыңнан сетінерме ең.
Ел іші «ез» деп боқтар енжарларда,
Ерге қонса елеуреп екіленген.
Ор қазып тоссаңдағы он тасадан,
Мен де мыңға бір өзім тарта салам.
Төстен тиген темірге разы ерлер,
Айқаста, арыста да арқасы аман.
Оқ арқадан тисе егер тектен тиед,
Жан шықса өлген тұлғам шөккен түйе.
Ер жанымды емірене кекпен сүйем,
Ел десе емірене ет пен сүйек.
Ендей жүзіп, Емілден ары өтем деп,
Жайығыңдай жұлқынам жаға тербеп.
Хан Шыңғыстың қаны әлі бар екен деп,
Абдырасын жүзімнен ағаекемдер
Өр рухыңды берсе руларға,
Күрсігіш көрігіңмен дәнекерлеп.
Аспан өзені
Аш қыраның тұрмады өзеленбей,
Кескініңнен күйіңе кенелем кей.
Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті,
Күркірек көктемдегі көк өзендей.
Қартайған әулие атам күшің дардай,
Ұшырдың шыңда тұрып құсыңды алға.
Алғыр құс тік атылып, шұғыл шықты,
Мен қорықтым бүркітіңнен құтым қалмай.
Аяз да ақ бетімді шымшылар кеп,
Тыншығам жоқ.
Қыраның құлшынар көп.
Тыныс алмай тіксіндім, бұлтқа барып
Атамның ақиығы тұншығар деп.
Бүркіттің ажалына араша жоқ.
(Осыны да айтама тамаша деп.)
Қыстың бұлты мұз шығар деп ойлаушы ек,
Биіктен бұлтта ұшады аласа боп.
Көкке түлкі шығарды тастақ жақтан,
(Сол жылы ай шалқақ туып, басталды ақпан.)
Тік сорғалап құйылды қыран жерге,
Жарып шығып өзеннен аспанда аққан.
Жебедей боп көз алдан көлбеңдей өт,
Ал түлкіге бұл қатер төнген бөлек.
Атымды ұрып атама ере шаптым,
Ең күшті көріністі Мен көргем де жоқ.
Ертістей тамрымда жосылд қан,
Оқиға өтпес мүмкін тосын бұдан.
Мені бір күш кенеттен киіп кетті,
Бүре басып, шоқып жеп отыр қыран.
Бір сенім сілкіп алды мені бекем.
Көңілім айдын - шалқар көіңе тең.
Бұлт дген Алтайды аспас тұман екен.
Түн асқан дөнен қымыз көбік екен.
Бура бұлтты бұрын мен ұқпай жатқам,
Аршаның түтіні екен құрт қайнатқан.
Бұлтпенен бұлт соғылар найзағайда,
Күйіп өлем, осыны құптайды ақпан.
Дертім өлең болғанмен, көркім өлең,
Шек қоймадым ешқандай еркіме мен.
Содан бері серпінмен шалқып ұштым,
Аспан толып ақса да жөңкіп өзен.
Қайыңтоз хат
Толассыз сел жауындай сіберлеген,
Тыпырлап тулағанмен шідерлі өлең,
Қара сөзбен жұмбақтап қолқамды айтып,
Қайыңтозға хат жазып жіберген ем.
Онда ақын да емес ем жол қалдырған,
Сәби сезім сол күні ақ болған құрбан.
Шешең отын тамызған қайыңтоз хат,
Бой жылта қоймағанмен көз жандырған.
Қоныс қой құтты іргені бөлген сенен,
Ұлан жаздай ұлушы ем, көрмеуші ем мен.
Атамның құшағында жатып аңсап,
Көз алдарға көре алмай көлден серуен.
Көксеуші ем кезігетін шақ таба алмай,
Ерке едің ел мақтаса мақтағандай.
Омалып отырмадым ой соқты боп,
Ердің ісі біткен бе атқа қонбай.
Қыл мойыннан ілінген шалмадай ақ,
Түршіктіріп түн соңы таңнан оят.
Хат жеткен Хиуаға Ат жетпей ме,
Жазғы аттың терін қайтем жаудан аяп.
Олжа аңдып ойланған ба аңшы жатып!?
Құтырынған құнанға қамшы басып,
Күн батуын күте алмай шапақ шашқан,
Шымнан шаптым қан қызыл шаң шұбатып.
Адаспай ауылыңа жетсемде аман,
Өткенде аман өзеннен ес қалмаған.
Оқтау жұтқан адамдай иілмедім,
Ғашық ермін ғарыштан дес бер далам!!
Не істер екен торығып тұрған ұлан,
(Шымыр ол шыңылтыр қыс, шың қарыған)
Өз жүрегім орынын таппай тұрса,
Көк құнан алқынады бір жағынан...
Табалайды тағы ұлды тарпаң далам,
Ғашық екем қалғанмен қалқаңда аман,
Жетім бота көзденіп жар астында,
Жау жапырақ жамылып жаутаңдаған.
Отырдым ұзақ қарап
Сәуле‑жан, алып ұшқан сағыныштар,
Сабылтты, қанатымда талығыс бар.
Қырағы ем талпынғанын қағып ұстар,
Қағынғандай қызылға тағы құщтар.
Құримын құштар болмай тоқтаса арман,
Жанымда жалығу да жоқ қашыннан,
Оқша самғап өтейін, бапташы алдан,
Қыранды ашта, тазыны тоқта салған.
Біздей түлек ұшырса шыңдар ыңғай,
Бір ұя қыран таппас жылда мұндай.
Желігі зор ескек жел ырғағындай,
Осы мен қойсам ба екен құр қағынбай...
Қызығы бар болғанда қыз ақ тамақ,
Тілеп ұшып қылар ек біз‑ақ талап.
Аң‑құсты қақпан да алад, тұзақ та алад...
Қимаймын ғой, отырдым ұзаақ қарап...