Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Malim Админ

  • 14.10.2023

Бақытжан Райысова. Қазақтың лирик ақыны Ғафу Қайырбеков 1981 жылы «Қазақ әдебиеті»  газетінде: «Мен Бақытжанның балдырған дауысты өлеңдеріне шын қуаныштымын. Жас ақындар осылай жазса керек. Бұл өлеңдерде ақындық шынайы сезім, ол туғызған өрнек бар. Талапты жастың болашағынан үміт етіп, ақ жол тілеймін» деп, жас ақынға батасын әрі бағасын берген еді. Содан бері қырық жылдан астам жуық уақыт өтіпті.

                        Ақын Бақытжан Райысова 

Бақытжан 1976-1981 жылдарда Алматы қаласындағы қазақтың маңдайалды білім ордасы – Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып, қызыл дипломмен бітірді. Ол университетке дейін де, оқып жүргенде де қолынан қаламы түспей өлең жазды. Жай адам бір ғұмыр кешсе, ақын қыз Бақытжан екі ғұмырды қатар кешті. Ол Жыр ғұмырында өзін еркін сезінетін. Тау суындай мөлдір жырларын жазғанда арайланып, көзі тұңғиық бір сырға толып, ұшатын құстай қомданып, ерекше құлпырып кететін. Ал егер адам бойындағы кемшілікті, сатқындықты көргенде бүгін өмірден кетіп қалатындай қамығатын, жас баладай ызаға булығып жылай салатын. Ол кезде де ол қолына қалам алатын еді...

  Оқуды бітіре салғанда Бақытжан «Қазақ университеті» газетіне қызметке тұрды. Алғашқы бастамасына бәріміз, әсіресе достары қатты қуандық. Бірақ Тағдыр деген батыр кім-кімді де өз дегеніне бағындырады ғой. Бақытжанға отбасылық тағдыр өзінің туған елін ұсынды. Сыныптасы Бауыржан Қанапиянов Семей қаласындағы мал-дәрігерлік институтты бітіріп, Алматыға келіп, Бақытжанға жүрегін де, құшағын да ашты. Бақытжан таразы басына отбасылық ғұмыр мен ақындық ғұмырды салғанда, ауыл, отбасы басым түсті. Осы жөнінде Бақытжанның жерлес ақын ағасы катонқарағайлық  Әлібек Қаңтарбаев: «Баяғыда  өнер Олимпі Алматыны талақ етіп, Алтайға қашпауың-ақ керек еді. Әттең...» деген екен. Қанша «әттең» десек те, Бақытжан жар болды, екі баланың анасы болды, мектепте ғажап ұстаз болды. Әдебиет сабағынан ақынның дәріс оқуы бір ғажап дүние ғой. Өскеменде мектеп мұғалімі болып қызмет жасайтын Бақытжан қаншама бала ақындарды бауылып, томағасын сыпырды. Оның оқушылары қандай жарыстарға барса да жүлделі болады. Себебі олардың ұстаздары жай қарапайым мұғалім емес, Ақын – Ұстаз. Ал екіншіден ақынның ұстаз болуы өзі үшін де өте пайдалы. Мектеп оқушылары бала болғанмен де, олардан да ертең-ақ үлкен ойдағы, биіктегі адамдар, тұлғалар шығады. Талантты шәкірттердің таза жүрегі, балауса балғын сезімдері де ақынға қатты серпіліс, көңіл күй сыйлайды. Ұстаз да зергер ұста сияқты, әр шәкірттің талантын ашқанда, өзі де қуанып, еңбегінің бал дәмін татқандай болады. Сондықтан болар Бақытжанның қаламы қолдан түскен жоқ, оның еліміздегі беделді баспалардан «Ай мен Алтай,  «Ай патшалығы», «Ғасырдың мұңы», «Сезім сәулесі», «Шағылға біткен шынармын», «Кәусар дүние» атты жыр жинақтары жарық көрді.  Сонымен қатар оның өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Дидар», «Арай» газеттерінде, «Жұлдыз», «Ақ Ертіс», «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдарында, «Балауса» студент-жастар топтамасында «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» жинағында, «Алтай әуендері» атты топтама-хрестоматияда жарияланған.

         Ақын туралы, сөздің сұлуы поэзия туралы қара сөзбен пәлсапа соғу соншама қиын екен. Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады. Сенбесеңіз, оқып көріңіз:

Жан  ғылымы

Бабаларды хан көтерген киізі,

Аттың жалы, арқар, киік мүйізі,

Өлең оқып жусаны мен жуасы

Қайда барсаң шашырайды нұр исі.

Мейірімді бұйрат-бұйрат белдері,

Қайырымды жылы жүрек сенгені.

Тазалықты көк аспаннан көшірген

Төңкерілген құралай көз көлдері.

Қарын қамы туралатын намысқа,

Дат дегізген азуы алты қарысқа.

Жалаң сөзге жарты көмбе жасырған,

Домбырада шебер жүйрік қағысқа.

Қазақ осы – жан ғылымын игерген,

Айран ұрттап, қымыз ішіп күн көрген.

Сабыр түбі сары алтынын сақтаған,

Әлі де сол –асықпайтын сұр мерген...

Телегейден туып еді күй-дастан,

Әміре ән боп кетті өмірге сыймастан.

Көз алмайтын болып алды Жер шары

Көкірегінде Аққуы бар Димаштан.

Әлем бүгін қазақтарға разы,

Қазақ қана өз-өзіне наразы.

Қайыры бар қасиетті қайырым

Болса екен әділетке таразы.

Дәл осы саф алтындай тума өлең демеске шарамыз жоқ. Өз туған халқының қасиетін (Бабаларды хан көтерген киізі), ұлы даланың болмысын (аттың жалы, арқар, киік мүйізі, өлең оқып жусаны мен жуасының шашыраған нұр исі) қалайша жеткізген десеңізші. Ал енді «Тазалықты көк аспаннан көшірген Төңкерілген құралай көз көлдері» дегені – жаңа сурет, поэзиядағы жаңа құбылыс. «Көз алмайтын болып алды Жер шары, Көкірегінде аққуы бар Димаштан» өмір шындығы өлең-құдірет шындығына қалай айналып кетті! Төлеген Айбергенов айтқадай: «Ақын болу оңай деймісің қарағым, аузында болу ол сыздаған улы жараның» демекші Бақытжанның соңғы шумағы:

«Әлем бүгін қазақтарға разы,

Қазақ қана өз-өзіне наразы.

Қайыры бар қасиетті қайырым

Болса екен әділетке таразы» деуі – дәл сол сыздаған улы жараның аузында тұрғанының белгісі.

Ал ақынның «Шын өмір» өлеңіне назар салсақ.     

Шын өмір

Өмірге  келдім мен

осыған өкінбен,

Алтайы ақжібек самала сипады бетімнен,

Данышпан Абайды оқыдым,

Тауық боп термедім дүние-қоқымын.

Көзімді ашқаннан көргенім көркемдік еді шын,

Естіген аңызым – «Алтықыз»,

Адасқан алты қаз жоғалтқан кебісін.

Қайғы мен өмірде бар еді бір үнсіз келісім,

Туғаннан көрмедім ақ жолдың тегісін.

Қолыммен бастым мен жүректің жарасын,

Айға сан аунаттым көзімнің қарасын,

Бақытқа бөледім көңлімнің санасын,

Бар дүние көрісіп, тапқанда жарасым...

 ...Пешене  тас қашап бір жазу бастады,

Қанжоса бөрілі тағдырдың тезіне тастады,

Есімде жазықсыз жабысқақ бір қара басқаны,

Содан соң... алдымнан аспан боп алақан ашқаны.

Ұдайы осылай болған ғой,

Өмірдің өмірлік дастаны...

Ақынның өмір философиясы... Оқырман ақынмен келісіп, өлеңдегі өмірдің шындығын, ақынның сезім тылсымын өз бойынан өткізіп, жанарын жасқа малуы да мүмкін, екінші жағынан «Ұдайы осылай болған өмір дастанын» өзгертер жол іздеуі де мүмкін.  Ақын жеп-жеңіл етіп: «Данышпан Абайды  оқыдым, Тауық боп термедім дүние-қоқымын» дейді. Дәл солай, Абайды оқыған, көңіліне тоқығандар дүние қоқымын  термейді.

Егер сіз саумал жырдан дәм татқыңыз келсе ақынның мына өлеңін оқыңыз:

...Қоңыр салқын үнімен селеулердің

Сабыр сақтап даламда кемелдендім.

Сыбызғы үнді  сазынан өлеңі ескен

Менің жаным  сарайы шеберлердің...

 

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,

Ғажабынан тірліктің арман туар.

Күлімдесе кеудемде  Күн суреті

Бабам менің қанымен салған шығар...

Бейкүнә шықтың көзі ақық жасты,

Жалт еткен ғұмырымен бақұлдасты.

Дірілдеп сағағында қайран өмір

Қызыл гүл қара  жермен жақындасты.

Көлдердің мөлт еткенде қарашығы,

Жайраған жасыл белдің жарасымы,

Жалғыздың жанына  жара салған шығар

Шатырлап найзағайдың тау асуы...

Алтайда жүз жыл бағып Ай қабағын,

Суреткер бола алмасам таң қаламын.

Бұтағын қарағайдың шайқап өскен

Кербұғым, Кәусар текті Кермаралым.

Жұтынып жұпар шашса өрден шынар,

Көрем деп көздің нұры көрден тұрар.

Қарығып көркемдіктің құдіретінен

Қамығып талай шебер өлген шығар?..

Ал, не дейсіз! Сөз-сурет демеске амал да жоқ. «Менің жаным сарайы шеберлердің». Бақытжан ақынның жаны, жүрегі нағыз шеберлердің сарайы болмаса мындай сұлу жыр тумас та еді деп ойлаймыз.

Тасты жарып шыққанда таудан шынар,

Ғажабынан тірліктің арман туар.

Күлімдесе кеудемде  Күн суреті

Бабам менің қанымен салған шығар...

Осындағы алғашқы екі тармақ суреткердің көзі көріп, жүрегі сезіп жазған жыр жолдар. Дәл осындай сөз оралымдары Бақытжанның өзінің төл қолтаңбасы дерлік.

Иә, Ақын деген бір басында әуресі де, сәулесі де көп халық бұл. Ол қоғамдағы рухани жетімдерге пана болғысы келетін, кеселді жандарды өз рухымен жазғысы келетін РУХ емшісі.

Сүю үшін жаралған, рух кеселдің шипагері, емшісі жалғыз ақын, өз отына оранған. Бірақ ақындар өлмейді, жапырақ жүрек боп мәңгі көктейді. Олар нені жырласа сонда қалар, «арыстанмын», «жолбарыспын» деген Мағжан рухы сол аңда, «Мен  таулықпын» деген Мұқағали жыр тауына айналған. Ал шығыстың арай таңы болған ақын Бақытжан Райысова – Алтайдың мөлдір тамшысы.

Гүлтас Сайынқызы

Байланысты жаналықтар

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

03.03.2022

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Арон Атабек ауруханаға түсті

05.10.2021

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

23.09.2021

Еш уақытта Алма-Ата болмайды, Олжеке!

21.09.2021
MalimBlocks
Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

Көрнекті ақын  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!

Мұқағали минуттары

Арон Атабек ауруханаға түсті

Әріби-Бек Өр Алтай. Бұрқырап сол күн қара бұлттар көшті

Еш уақытта Алма-Ата болмайды, Олжеке!

АЛАШТЫҢ АРЫ – АЛМАТЫ!