Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні
Желтоқсан айының 6-жұлдызы мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Осыған орай танымал ғалым, қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында естелік жазды.
Бүгін алаштың айбоз абызы Әбіш Кекілбаевтің туған күні екен.
Қазақ әдебиетін кіреуке қардың астынан гүл атқан жауқазындай дүркірете жасартып, жаңғыртып жіберген алпысыншы жылдардағы жаңа толқынның тоғанақты көш керуенінің бұйдасын уысында ұстаған, сонау үш қиян тараптан, Маңғыстау түбегінен келген маңдайы жарқыраған қаршадай бала Әбіш болатын. Мұхтар Әуезовтің науша студент Кекілбаевтің балауса сауалдарына жазбаша жауап беріп, «Лениншіл жас» газеті бетінде сұхбат жасауы да тұлпар болар тайды шашасынан ұстап, кекілінен тараған кемеңгерліктің үлгісі, абыздық сәуесі еді.
Әдебиеттегі Әбіш әлемі - ұлтының тілі, үні, ділі, діні, тінімен үйлескен қалың еліне тарту етілген – баға жетпес қазына. Бұл – әлемдік әдебиеттің мың бояулы өрнек жібін өзінің ұлттық ой станогінде иіріп, көркемдікпен кестелеген сөз өнері. Ол қай тарапқа, қай тақырыпқа салса да, ойы таусылмайтын, сөзден тосылмайтын, қаламының құнары қағаздың бетін нұрландырған сөз зергері болды.
Алаштың айбоз абызы әдебиеттің барлық жанрында еселі еңбек етті: поэзия, проза, көсемсөз, сын, сапарнама, тіпті ғылыми зерттеулермен арнайы айналыспаса да поэзия мен прозаның теориялық табиғатын түсіндірген қыруар құнды еңбектерді тынбай жазып, артына мол мұра қалдырды. Ал түрлі қоғамдық-мемлекеттік сұраныспен рухани-саяси іс-шаралар кезінде түйіліскен келелі мәселенің түйінін тарқатып жасаған баяндамалары, жарыссөздері, ой-толғаныстары, керек болса, табанда тауып айтқан шешендік шиырлары оны классикалық әдебиеттің өкілі ретінде атауға, жазушы деп тануға тарлық етеді.
Ол – қайраткер тұлға, ақылман ойшыл, қарымды қаламгер, ғұлама-ғалым, шежіре-шешен. Ол – Сеңгірбайұлы Мұрындай төкпе жыраулардың, Абыл сынды ақтаңгер күйшілердің ақ домбырасының шанағынан төгілген эпикалық-әпсаналық інжу-маржандарды көркем прозаның көкорай сұлулығымен көмкеріп оқырманға тарту еткен, есте жоқ ықылым замандағы түркі мифологиялық кодын ұрпақ санасында тірілте алған шандоз. Ол – баяғының билеріндей саңқылдап сөйлеп кеткенде түйдек-түйдек көркем ой орамдары мен кестелі сөздері екпіні жолындағысын жайпап өтетін тау суындай ағыны қатты арынды ділмар! Оның болмысы мен бітімінің сымбат-сыры маң дала төсіндегі Үстірт сияқты оқшау болса, мінез-сезіміне буырқанған Каспийдің көкшулан толқыны мен Тұран ойпатының салқар кеңдігі тән еді. Міне, осы асыл қасиеттердің бәрібір алып тұлғаның бойында шоғырланса, алты қырлы дүр-жауһардай жарқырайды.
Көптеген қаламгер сияқты Әбіш ағаның да әдебиетке өлеңмен келгені белгілі. Ол жан түкпіріндегі сырларын, көкейіндегі көркем ойларын өлеңмен өрнектеді. Сонау студент кезінде жазған «Махамбет» поэмасы жастардың ортасында азаттық рухын шалқыта жырлауымен резонанс тудырғанымен, толығымен жариялануына шектеу салыныпты. Кемеңгер Кекілбаев келе-келе көшелі проза мен кесімді көсемсөз саласында кеңінен көсілер шаққа жеткенде өлеңді жанынан тастаған жоқ, қасиетті де киелі өнермен арасын суытқан емес. Ағаның аңқаңды аңызақ аптап кептірген елсіз, қу-медиен далада тіршілік нәрі болып қарсы алдыңнан кезігер зәмзәм сулы құдық туралы «Шыңырау» өлеңі «Шыңырау» повесінің әу бастағы лейтмотиві екенін аңдайсың. Кейінгі «Үркер» мен «Елең-алаң» эпопеяларының да, басқа да хикаят, романдардың бастауларын 60-жылдардағы «Обалар», «Қанжар», «Түйелер», «Археолог», «Бағзы бабаларға ода» тәрізді өлеңдерден іздеген жөн. Өлеңдерінің өзінен суреткерлік бояу аңқып қоя беретін Әбекеңнің қай-қай шығармасы да терең талдау-тәпсірлерге сұранып тұрғаны анық.
Әрине, Әбіш аға – ең әуелі қара сөздің қасиетін терген жампоз жазушы. Ол «Күй» хикаяты арқылы сонау 1966 жылы әлемдік әдебиет кеңістігіне кейіннен философиялық-әлеуметтік терең мағынаға ие болған Мәңгүрт образы мен категориясын алғаш рет әкелді. Жадысы өшкен ұрпақтың, тарихы мен танымынан айырылып, өз халқына өзі жау болатын буалдыр саналы, будан буынның тақсыретін шоң Шыңғыс Айтматов 1980 жылы жариялаған «Ғасырдан да ұзақ күн» романында күллі адамзат баласына дабыл қаға жаңаша түсіндіріп-түйсіндіріп әйгілеуін ұлылар арасындағы үндестік-үйлестік деуге болады.
Әбіш Кекілбаев публицистикасы – ұлт зердесінің өлшемі. Азаттықтың ақ таңын «Ойдағымыз болды, ортамыз толды» деп тебіреніспен қарсы алған ол бостан еліміздің тұғырын бекітіп, болашағын пайымдап, тәуелсіздікті тиянақты дәріптеп насихаттау үшін саналы түрде қоғамдық өткір сұранысқа ие жүрдек жанр көсемсөзге бет бұрады. Ол расында бағзы мен бақиды жалғастырып жатқан сара жолдың үстінде бізді кемеңгерлік тағылымымен сусындатып отыратын теңдессіз ұлттық құндылықтардың айнасы іспетті.
Адамзаттың арғы-бергі өткені кешегі күндей санасында сайрап тұрған Әбіш Кекілбаев – тарихи тақырыпта көл-көсір терең білім иесі. Ол қай тарапқа, қай тақырыпқа салса да, ойы таусылмайтын, сөзден тосылмайтын, қаламының құнары қағаздың бетін нұрландырған сөз зергері болды.
«Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөзі Әбіш Кекілбаевтың өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді. Әдебиеттің басты мұратын қоғам үшін шынайы тарихи сана, халық үшін шынайы ұлттық сана, адам үшін шынайы азаматтық сана деп білген кемеңгер Кекілбаев публицистикасының басты ұстыны – елшілдік, мемлекетшілдік. Оның қайраткерлік өмір жолы мен бүтін шығармашылық қызметі осыған тұғыр болып, Тәуелсіздік мұраттарына қуатты сөзімен үн қосуына негіз салды. Сондықтан Әбіш ағаның парасатты қайраткерлігі мен публицистік қаламгерлігі – бір-бірінен ажырағысыз. Сөз бен істің бірлігінің айқын айғағы.
Қазақ халқының байтақ руханиятында, мемлекеттік саяси-қоғамдық өмірінде Әбіш Кекілбаев намымен келіп, абыз болып аттанған даңғайыр дана уақыт пен кеңістіктерден Шалқұйрықтай құйғыта шауып, бағзы би-бабалардан бізге сарқыт болып жетті, тұлпар тұяқ дүсірімен ел санасын сілкіп оятып дүбірлетіп өтті.
Жатқан жері жарық, жаны жаннатта болсын!
Автор: Дархан Қыдырәлі, қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, ҚР парламенті сенатының депутаты
Фото: автор архивінен