457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Мақсат Тәж-Мұрат: Ғашық жүрек

Нағыз оргазм не екенін білесіз бе? Білмейсіз-ау

(Парабола-твист )

Содан бері де зырқырап қырық бес жыл өте шығыпты-ау...

Нөмірі жетінші пойыздан, бүйіріне «Спорт» деп жазылған қара жолақты ақ буылтығымды иығыма асып, перроныңа алғаш табаным тигеніне. Бір сәт айналаға әуескерлікпен қарап, қалт тұрып қалғаныма. Маусымның басы, көктеміңнің бал ай шырыны кетіп бола қоймаған шақ. Мұнда жаздың ыстығы - көктем, айнала табиғатың енді бүршік атып, шуаққа алақан жая бастағандай екен.

Кенет, көктемді қанатына ілестіріп алысқа әкеткен қараша қаздай, жаңа шашырап келе жатқан Күн сәулесін, онымен бірге буалдыр үмітті, бытырадай шашылған мың сан ойларымды жарып өтіп, су перідей судыр-судыр сылаң қағып, жан-жағына алаң-ғұлаң қарап тұрған менің жаныма таядың. Алқаракөк кірпігіңді бір қағып, көкторғындай аспанкөк көзіңді кең ашып, үлбірек қызғалдақ-ернің қауызынан бүр жарып, тіл қаттың. Бейтаныс деп жатырқамастан, орынсыз сынықсынбастан, ығыспай келіп амандастың. Теңдес құрбыша яки қиырға ұзатылып кеткен әпкемдей бір жылылық. «Икеяның» тоқыма жамылғысындай жұмсақ дауыс. Қырдан келген бозымның қарсы мезіретпен жымиғаны қасірет белгісіндей көрінді білем, еріксіз күліп жібердің. Күміс санағандай сыңғыр күлкі.

Танауыма бір жағымды иіс соғып өтті. Иісің. Жо, иіс те емес. Бір энергетикалық жұпар. Жаныңмен, жүректің дір етуімен сезетін карамель латте. Сол. Өзінен бұрын дақпырты жеткен, суреттен таңдайымның суын жұтып отырып талай көзімнің алмасын суарған қаса сұлу. Ғайбанамдағы, мына жімле ғаламда одан өткен көркем жоқ шығар дегізген, ақылымнан ажырата жаздаған сұлулық.

Туымы әлдеқашан болса-дағы, балалықтың жұғыны кете қоймаған екі бетіңнің шұқырайған ойығы, сұлу, сүйір иегіңнің ұшына дейін албырағаны, үстіңгі ерніңнің ұсақ тамшылармен тершігені... көзапара, анық көрінді. Суретте байқастағанымнан толысып, ажарлана, сымбаттана түскендей болғаныңмен, алдыма - күнқақты арық дала баласының алдына бет-жүзіңнің, тәніңнің ақтығын сақтап келгеніңе әлденеге шүбәм қалмады. Себебі өзіңді ұстауыңда еркекті арандатқыш еш фривол жоқ еді.

Дене мүсініңе байқатпай көз сүрінтіп өттім. Майлы бояумен салынған пастораль: камея тақылеттес жұқалтаң бәден, құмсағат порымды кінәмшіл құлын мүше; жұпар мықын, үсітті аяқ, көкорай шалғын гүлзар-омырау; жотаңда бұлғақтаған қос гүлбұрымның қалқасына қанша жасырынғысы келсе де, андағайлап тәбет қоздырар кардан -беліңнен дөңгеленіп, бұрала басып жүргеніңде айналып түсіп, аңқаны кептірген сан-сауыр; одан төменірек -- тізеден төгілтіп киген белдемше де жасыра алмай тұрған асау тақым... Қыз емес, першинг. Талия -- Италия.

Вах-х! Дарымшының сыбызғысынан көз ала алмай қалған абжыландай арбалдым. Жанарымда түсініксіз бір жарқылдар ойнап жатқанын ағатсыз сездім. Бәрі де бір қарағаннан басталады дейді ғой, кінәратсыз, ес қалдырмай сүйгізетін рефлектілік жаста емеспін бе, сол арада өнбойым instant ысып, көз алдымда көкшіл-қызғылт толқындар бірін бірі жұмарлана қуып жөңкіді.

Әлденеге жүрегім аунап түсіп, алқымыма тығылғандай болды.Instinto.Әуейі құшыр. Сенің де жүзіңе жұқалаң сәуле тарап, көз жанарыңда белгісіз бір жарқыл жарқылдағандай екен...

Әлдене бір сезім бүршік атып қалды. Етене жақындығымыз болмаса да, бұрыннан таныс-біліс, тіпті құмар, құштар жандардай тез сөйлесіп кеттік. Ауып күндер басталды. Шақыруымды пейілдене қабыл алғаныңнан кейін, ызы-ғызы көшелеріңмен қатар түзеп, иықтаса адымдадық. Сылқ-сылқ күліп сылдырай ағып жатқан арықтарың, оларды жағалай қаз-қатар тізілген қарағаштарың мен тал-теректерің, сол келе жатқан бетімізде секіріп барып мәуесін үзіп ап ауызға салатын алмаң мен алқорың, көктеліп тігілген құрақ көрпең -қызыл-көк, ақ сылаң желегің, гүл клумбаларыңдағы астралардың, цинийлер мен петуниялардың алашабыр шашыратқысы ... қысқасы, мен үшін гүлдетіп қойған бауың мен бақшаң - жыңғылдың көкшігеш жапырағына қуанатын қыр баласын апиын сорғандай елітті. Бұл өзі кейін пайда болатын жарқылдақ витриналардың емес, құпия-көмес шағын бөлшектердің қосылуынан түзілген еркіндіктін, шаттықтың күйі еді. Және ессіз сүйер есер шақтың симфониясы. Және де соңыратқы кемел махаббаттың көңіл тербелісті прелюдиясы.

Кездейсоқ емес еді жолығысуымыз.Арамызға көзге көрінбейтін бір жіпті әкеп байлаған тағдырдың ретті кездейсоғы десе лайық.

Беліңнен қынай қысып, көше кезген со бір ауып, ауыш сәттер алда ұзаққа созылар махаббат маусымының күйашары екенін мен де, сен де білген жоқпыз. Әйтеуір көшеңді аралатып, тротуарларыңды таптатқан алмас тағалы арғымағым жонымды жұлқып жүргізбей, өзіңе кісіней дендеп енбекке емінтті. Гүл құшағыңды, сені мендіксің деп алғаусыз құшар ұлы түнді аңсатты. Көкорай мамық төсіңе еркімше аунар күнге тағатымды тоздырды. Көз қарауытып, бой талықситын байуаз сәтті.

Туды ондай атты күн. Дәлірегі түн. Жо, іңір. Махаббатта тұрыс жоқ. Дөңгеленген дүние оттан да ыстық алақанға келіп, оңтүстік ендікке ендеген түрпілеу сүйісімнен соң, ұятыңның шідер жібін үзіп, алмас тағалы арғымағымның ырқына берілдің...

Ақыры...түленім түрткіштеп тыншытпай, асау сезімдер екеумізді де гәңгіртіп, көк желек етегіңді тарсындық та, тауыңа шығып кеттік. Екінтінің шұғыласы көкжиектен көрінген Айдай қызғылттандыра жарқыратқан, кеудесінде будақ-будақ бұлт көшіп жатқан ақбас шыңдарға тарттық. Ол кезде қасиет шалған кепиетті мекеніңе фурникулер түспеген-ді - біз өзімізше, басқаша жолмен...доңғал, дөңес жолмен кеттік. Етектен бөктерге, бөктерден тепсеңге, тепсеңнен төскейге еліктіре баураған құба жон, өрдең-дең, өмілдіріксіз ат шығып-түсе алмас қиын жолдарды игеріп, одан да әрі, шөккен нардай жоталанған биіктерге үзеңгілесе шықтық.Қалың қорыс сай-сала, ыбық-қоқтыңды зау биіктен жамырай құлаған мама-бұлақтарыңды еме арна алған өзен-өзектеріңді қоңылтақ самалыңды кеуде кере жұтқан күйі жиектеп кеп, былтырғы өлқая шөп биылғы жас көкпен алашабырланған төр жайлаудың күреңсесі мен одан да жоғарырақтағы альпілік саркүйігіңді төтелей өтіп, ақ тиіндерді бутербродқа ауыздандырып жүрген адамдардан қара үзіп, теппелеп отырып ақбас шыңдарыңның ең төменгі салпысына тұяқ іліктірдік.

   Сол арадан бір кілтеңдеу жер тауып, зау қарағайдың зіңгітіне арқамызды сүйей отыра кеттік. Бетімізге әлдебір су тамшылары тиді --жо, жаңбыр емес, шөкпе бұлттың іші екен. Қанатынан нұр шашырап, ағаштан ағашқа сорғалаған жез тамақ торғайдың әсем әннің қайырмасындай төгілте салған шықылығын тыңдап отырып айналаға көз салдық.

   А-ля натюрель.

   Тау ішінің қатқыл, шағырлау бедері. Кешкі ауа тастарды іші түскен қауындай солқылдата соғып, танау қағып жатқан бұлақ пен өзектің дабысымен дірілдей жаңғырығады. Салқын, сыз тартқан ауа, бейне жылдың төрт маусымын бір мезгілде бастан кешіріп отырғандайсың. Тұттай жалаңаш жақпар тастар алысырақ, биігірек қарауытады. Теріс қабақтарда тозған киіздей алашабырлана ағараң қағып мыңғасырлық қар жатыр. Одан әрі, шыңдардың жалаңқаясында ұшпа биікті Күннің кешкі шұғыласымен қанкөбікке бояп қызғылттандырған ақ сіреу. Екі шыңның аралығы - шолп-шолп сүйісіп мазаны қашырған мұздай сулы тектоник көл, жанарыңның көлмегінде көксіп, жендет сиқырмен құбылады.  Дөңгеленген дүние алақанға келіп, көз қарауытты...

     Салқын, сызды ауада денеміздің ыстығы өрлей жөнелгені несі?! Жылы жерлеріңді сипаған жұмсақ қол, әңгіме-сөзді таусай келіп, тентек қылығымен сені сүйсінткені етек-жеңіңді қымтап отыруды қажет деп таппағаныңнан да білінбей ме!? Шашылып қалған етегің... Өңің оттай алаулап, «Мен, өзім...» деп, біртіндеп «тиегіңді» ағытқаның... төске өрлер айлаққа біржола зәкір бекіткенімнің соңында, едел-жедел, ентікпе қимылмен, етек-жеңі жоқ үлбіреген бүлдеңді көп көргенімді хош көргенің неткенің?! Со жерде, мәтқапы айта салған, бір жерден оқып алған жаттамалы жарқашақ «Бриджит Бардо суға түсетін киіммен қалғанда Фаинадан әлдеқайда таланттырақ көрінеді екен» каламбурымды шын көріп қалып, үстіңдегі соңғы лыпаңды қажет деп таппағаның қалай кетті, өзі !!!

    Алдымнан жаңбыр сағынып, кенезесі кеуіп жатқан аптап алқап ашылды. Тау беткеймен қоралана жайылып келе жатқан іңір арайы сәулелендірген лыпасыз төскей. Бана бір әзірде, ауық-ауық талпынып, көтеріліп-басылып тұрған екі төмпек, қашан, қай уақытта көкке тіп-тік шаншылыңқы егіз екі шыңға айналып үлгерген, айтшы, еркектің пірі Закария шайқым!? Күндіз уысыма толмайтындай көрінген биік омырау, енді алтын тақыт үстінде ақ тұйғындай ерігіп жатқан әзәзіл қос музart ! Дүр алып қос шың, мергендер атып ап, алдарына мүшелеп жайып салған құлын мүсін, меңсіз сұлу, банадан бері таудан мұнарытып ұшып, дембіл-дембіл ұмсынып тұрған тарланымды жиырыла жыбырлатып әкеп біржола болаттай қатайтты - тастан қатты, темірден берік ерен ағаш енді ол...

    Сенің де сай-салаңды әлсіздік буы алып болыпты. Тұла бойың босап, көз алдың мұнарытып, шым-шымдап жуасып, ырқыма көне бергеніңді қауыз-ерніңді дымдай ашып сүйгеніңнен білдім. Махаббатта тұрыс жоқ -- құндыздай шәлкөдеңе еппен сырғи кеп, әнеу бір, аяқ басу қиын ақар-шақар тұсқа, алаң-ойдымыңа барып тірелдім. Құлшынып, торға түскен ақ балықтай ыршып, от құшақта суға шиыра лақтырған жиырма тиындай жоқ болдың. Ұятыңның шідер жібін үзіп берілдің...

Жазғы Күн бұлт арасынан, қынаптан қылыш суырғандай кенет жалт етті. Енді іңір түгел-толайым біздікі, еш міндеттемесіз қатынастың - шексіз еркіндіктің ымырты.

Шікін, біздің қолдар алтын ғой - енді, жөппелдемеде, «оңтүстік ендікті» ұятсыздықпен бетке алып барады. Тас қайнатардай тақымыңды ашалай керіп, сайыңның сонысын жапырып, шалғынын бүктеп барып, шөкпе бұлтыңның тамшыларымен ыбылжып жатқан алаң-ойпатыңның кіреберісіндегі, имхо, ат тағалы пошыммен салбырап тұрған кішкентай безеуді, әйелдің ең кәртеймейтін асылын, асылының сөлін түрпілеу сүйіспен саумалдай сауып, жедел бағындырғанның соңында...ие, ие, дәл осы дер шақта, аэробаллистік «Кинжал» зымыранымды шрапнель шашумен емес, тікелей соқтығысулармен қарсы алып жатқан ЗРК—шылпық қорғаның жеңгенін емес, жеңілгенін қалады. Нефрит шыбық нефрит іншігіне емірене енді. Девайс дүлей күшпен аңқасы кепкен Матильда зәніңді іші түскен қауындай солқылдатты. Астыңнан отты найзағай-зымыран оқтұмсығымен андағайлап кеп қадалғанда танау қаға ыршып, ышқынып барып, бір мезгілде, алқаракөк жанарың лайытып, бұрқылдай атқылаған бозамық қайнарымның соңғы деміне дейін таусап, тыншыдың. Жөнді ұғылмайтын бір түрлі бір сөздер...лап-лүп, лап-лүп ыңыл...

   Тастан қатты, темірден берік ерен ағашым шишаның түбіне жетіп үһіледі.

    Көкке ұмсынып, аспанмен амандаса тіленіп тұрған қос шынар байыз тауып, сылқ түсті.

Бір сәт уақыттың шегін жоғалтып алған сияқтымыз. Ес ала, ақыл шала. Мыйда жалғыз-ақ сұрақ : мынаның бәрі менікі ме, мына тау алқабының гортензиясы сылыңғыр қара дала баласының басы бүтін мендігі ме ?!

     Ие, сенікі ! Шапақ куә ! Арай куә ! Алмас пышақ піскен қауынды тілген, көк қаршыға қоңыр үйректі ілген іңір -- мен куә ! Ол -- сендік !

     Бұл-- дірілдей жаңғырыққан тау іші ғой.

 

ҒАШЫҚ ЖҮРЕК - 2

 

... Сол іңір әлетінде, кешқұрымның кешбэгінде,Космостанциядағы зіңгіттің түбінде, екеуміздің кеудемізде бір күй ойнап тұрды. Латиндық мамбо. Есіңде ме: Кешқұрымның кешбегінде

«Қатты қысып тұрып белімнен,

Cүйдің cty ернімнен.

Тұңғиыққа баттым мен,

Сен берген сезіммен...»

Сосын, мәуесі мәужіреген алма ағашының түбінде жатып сырласқанымыз. Ешқандай пафыс-мафыссыз, жанымыздың түкпіріндегі, оның түбегіндегі, одан да арғылау бұрыштардағы нәрселерімізді бөлістік. Жанның жасырын сырларын. Әсіресе сен... ағылып-төгіліп, адами затқа сездірмеспін деген құпияларыңды түгел ақтардың.

Нағыз оргазм не екенін білесіз бе? Білмейсіз-ау. Айтайын. Шынтаза оргазм - екеудің уақытты бірге өткізуі және сол сәттерде өздерін бір-біріне сарқып беруі. Жүрек жылуының соңғы тамшысына шейін сығып беруі. Со кезде екеудің көз жанарлары жаңа жыл кеші алаңындағы шырша гирляндтарынан бетер жарқырап жанады. Өзара ақыл деңгейді танудан кейін барып туатын зияткерлік уаз кешу. Сексуалдылықтың шынайы, ең күшті түрі - қауашағың ішіндегі таза сексуалдылық.

Еркектің ең эротик жері -- пардон, оның ковбойы яки аэробалистік «Кинжал» зымыраны деседі. Шын емес. Еркектің бірден-бір эроген жері - мыйы. Ер адам үшін интимдік жақындық қылу - сүйген адамының өзін қалағанын, қабылдағанын, содан да бойындағы барын бергенін білу. Әйел затының өзін қалап тұрғанын сезіну. Еркекке ең керек нәрсе - жан тыныштығы осы сезінулермен келеді. Ол өзіне кім ішкі жайлылық, толық үйлесім сыйласа, ол сол адаммен бейне үйінде отырғандай рақат бір күймен жүрсе, еркек сол адамымен ұзаққа бірге болады. Бұл өзі бір тәнсіз, үзриттік махаббат сияқты. Сол сезім ғана, яғни сүйіспендік -секстің көкесі. Өңгесі - фитнес. Нирвана жыныстық қатынасқа түсуде емес. Нирвана - екеудің бір толқын ұстап тербелуі, бір трендтен табылуы.  Со бір кешқұрымның кешбэгінде мен осы шындықты ұқтым. Сенің де ең мықты артықшылығың - жан біткеннің бойындағы ең жақсы, алуан сипатты жақсы нәрселерді кәделеуің, кәделей тұрып өз бойыңа сіңіру екенін ұқтым. Бұл сенің best blena фишкаң екенін, сол арқылы сенің бойыңда мәдениет дейтін ұлы ұғым басталатынын сездім. Сенің басқалардан ерекшелігіңнің -- әрқашан жүзің жайнап, көзің күліп кеп, ығыспай қолыңды ұсынып, тіл қататын жайдары жаз мінезіңнің бастау көзін таптым. Сен өзіңше бір әлем, тіпті өз алдыңа ұлт іспетті екенсің, ғажабы, сенің өкілің болып табылатын жандарды дүниенің қай қиырынан кездестірсең де жазбай танып алуға болады екен.

Судағы балықтардың тіршілігіне қарап тұрып, олардың жұптаспай аулақтан бірге бола білетіні неткен ғажайып деп ойлайсың. Несін жасырайын, бірде мен сондай сынақтан өте алмадым. Сен мені қалыптап едің.Әуектеттің, еркелеттің. Маған сыйлаған сезімдеріңмен, эмоцияларыңмен тауыңның қатпарындай мінезімді жұмсартып, қайырусыз жылқыдай арда құлқыма бас білдірдің. Таң асырып, тамшы терін тұндырған перзентіңдей көріп, сүрінсем сүйеніш, шалдықсам жастық болдың. Қиялымды шалықтатып, таным көкжиегімді кеңейтіп, мияттық жасадың. Илегіңнен өткізіп, өнерімді аштың. Ат мінген азамат атандырдың. «Жеңісі көп өмірде жеңіле көрме» деп қайрап, қаламымды қаттырақ сілтетіп, қара сөзімнің өзін ақындық шабытқа суардың. Несін айтасың, екеуміз өмірдің осы өтелек-төтелегінде жаңғақтың қос жарты қабығындай біте қайнасып, Affinita жан туыстығына жеткен едік.

Ал мен жеттім бе осыныңның қадіріне !? Жоқ. Менталды, рухани раллиіме бір күнде опасыздық жасадым.Тояттамаған қаршығадай жұтынып, ақсаңдақ түндерімізді, ақшулан күндерімізді тәрк етіп, ашық теңізге шығып, желкенін түзеп тұрған ақ кемемізді тастап, алебастр терілі бөтен жағалауға желкен кердім. «Есен тұрып, сау болсам тез-ақ келем» деп кетіп, өзіңді ұзаққа -- алты жылдық репидке қойдым.

Менің осы жазып отырған параболам секілді иір-қиыр өмірімді сен толық қабылдамадың. Көңіліңдегі алаң, қимастық сезім сыртқа көз жасы болып шыланып шығып тұрып, баяғы сол перроныңнан өз қолыңмен аттандырдың. Жалған фантик сөзді шерше-ля-фам - жаңа өмірге қимай жібердің. Қызылтырнақ топлес бойжеткендерге. Қанша қауғаласаң да сарқылмас, қанша құйсаң да ындыны толмас әуежайлық дьютифрилер - Хауа анасының күнәһар қыздарына.

Алты жылдың төртеуі бейтаныс бір терезелерді қағумен өтті. Ал қалған екі жылда, романтикалық флердің селдір пердесі жыртыла келе «жұлдыздарда» жарық болғанымен жылу болмайтыны мыйыма жетіп болды. Катамарандағы үшінші, төртіншілер... , жаңбыр жауып өткендей ғана әсерлер. «Ақ қанаттыларынан» көңілі суыған сондай бір шақтарда удары қатты кабальероң сенімен қоштасу алты-ақ секунд екенін, ал сен жайлы ойдан арылуға алты жылың аздық ететінін анық ұқты ғой. Жолбарысқа жем іздеп алысқа жорту міндет емес екенін. Ел ұйқыда, мен ояу, оттар сөнген беймезгіл шақта, қиқы-жиқы түс көріп, бастығырылып оянғанының соңында, алебастрлі суық қаланың биік үйіндегі балконға шығып ұлығанымда. Жарама мақта тосатып , жаныма жылу беріп отырар өзіңді бір жоғалтсам ендігәрі таба алмайтынын білген бейбақтың зарлы күйігі еді ол. Сені, ЕLLE, іздеуден туған қасқыр ұлу.

 *   *  *

Әрбір бақытты тіршіліктің бір үлкен қасіреті болады дейді ғой. Сол секілді, қасірет-қайғының да соңында бақытты сәттер болатын көрінеді. Өмірімдегі солардың үлкені - жонға түскен жолдарыңды, сыр алып, сыр түйіскен құпия түндеріңді аңсап, сен күтуден тыйыла бастағаныңда кенеттен өзіңе оралуым -- бір сүйген жүрек айнымайды екен. Бітеу, дүмбілез кейістікпен қарар, бәлки бір түрлі бір бөтен дауыспен тіл қатар дегенмін. Жоқ, нөлдік төзбестік саған жат екен : күте-күте жамалын жаңбыр жуып, жерге түскен жапырағың, жүзі нарау тартып, жасырын мұң жүгіріп өтсе-дағы, ақыры, тағы да зулейхалық алқара көк-ыраң көзін ашып амандасты. Жасырын жараңның аузын тырнап тиер сөздерден қашып тұрып, егде тартқан Базилионың шәрмік қарнын байқатпай шолып өткен күйі, ұзақ сонар жол кешіп, сан сайыста сілкісіп, тон тоздырып қайтып келген адасқағын кешірген баянды бәйбішедей сарабдал сабырлықпен қабақ шытпай қабылдадың. Атызыңды менен кейін баптап жүргендерді тәрк етіп, тағы бір мәрте сенім таптың. «Үміттендіргім келмейді сені, мен не бере алам саған!?» деместен, сырға берік қалпыңмен тағы да үнсіз сүйдің. Бізді байланыстырып тұрған нәрсе -- жоғалмаған ескі хаттардай нәсте көп, өте көп екен.

Иә, бұ күнде көйлегің көлбіреңкіреген, бетіңнен де әр тайыңқырап қапсың. Мен алғаш көрген, шығанағында түгі жоқ балғын жас енді белі үзіліп, мықынынан дөңгеленіп гүлдей майыспайды. Жұпар омырау ояң, көкмайсаң қашаң, түгің мазаң тартқан. Парақтарыңды көптеген қолдар судырлатқан. Мен уалаған шыңдарыңа, мен кезген төскейіңе, мен аялаған алаң-ойдымыңа төбесінен тебен қақсаң батпайтын қитабан біреулер сумақай қолдарын жүгірткен. Қойға шапқан аш қасқырдай анталаған жындысүрейлер, бедекшілер, сақалтайлар аяқ салған. Үлкен жолдың үстіндегі синдикаттай алақаншық етіп сүргілеген, алма бағыңа ат туарған. Соның өзінде де, баяғы өз үнырғағыңнан, өз үнекпініңнен, өз үнреңіңнен шамалы жаңылсаң да, ақ пен қара алшы түсіп жатқан бүгінгі кейпіңнен өзіңе тән салмақпен, нұрдан жаралған арыңмен байыз тауып, жаман нәстелерді, сынып түскен тырнағыңа татымайтын базбіреулерді бойыңа тоғытпастан, әйініңді сақтап қалыпсың.

Айнымасқа тағдыр қосқан, қанбаған құшырым, сөнбеген жалыным сүйреп әкелген бірінші де бірегей жағалауым! Тағдырыңның қия шетін басып қана өткен екі ширек ғасыр уақытымды артқа тастап, «бетім оттай береді, жүрек – он сегіз» деп тағы сендіріп, тағы да келдім өзіңе. Мен енді баяғымдай, түс көріп жатқандағымдай еркінмін, азатпын. Еншалла, екеуміз екінші деңгейлі сүйіспеншілігімізді мәреге апарармыз. Тәніңді басқалар иеленсе де, мен сенің жүрегіңді иеленемін...

Бүгін Астана туған күнін тойлап жатыр.

Ал мен жүрегімнің Астанасымен біргемін.

Жан тағынан тайғанша сүйем сені !

Алматым...

Мақсат Тәж-Мұрат 

Фото: pixabay.com