Балалар әдебиеті: Кім не жазып жүр? Шешімін таппаған мәселелер қандай?

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі кенже қалып жатқан, сол себепті мемлекет тарапынан енді назар аударыла бастаған басым бағыттың бірі – балалар әдебиеті. Өз ішінде бірнеше жанрға бөлінетін ауқымды салаға қойылар талап та жоғары екені белгілі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы кейінгі жылдары жас ұрпаққа рухани азық болатын контент өндіру, балалар тақырыбында жазылған шығармаларды көбейту, сәйкесінше бүлдіршіндерге арнап шығарма ұсынатын қалам иелерін барынша қолдауға үндеп келеді. Бұл ретте өткізіліп жатқан байқаулар мен мектеп кітапханасына арналған әдебиеттер тізімінің бекітілуіне тілге тиек етуге болады. Бұдан бөлек универсиеттер мен мектептер, кітапханаларда да балалар әдебиетінің көкжиегін кеңейтуді көздейтін іргелі шаралар ұйымдастырылып жатқанын көріп, біліп отырмыз.
16 шілде күні Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиетін дамыту туралы қаулы қабылдап, алдағы жылдары атқарылатын бірқатар жұмыстарды назарға алып отыр. Олардың қатарында балалар тақырыбына қалам тартатын ақын-жазушыларға бағытталған «Ертөстік» халықаралық конкурсын өткізу, түрлі мультхикаялар мен аудиокітаптар шығару, республикалық деңгейдегі телеарналардың эфирінен балалар әдебиетін дәріптейтін бағдарламалар ашып, көрерменге жеткізу, балалар әдебиетіне айтарлықтай үлес қосып келе жатқан қаламгерлерді қолдап, марапаттау секілді бастамалар бар.
Балалар әдебиетін өрістету үшін кешенді жұмыстар іске асуға тиіс. Бұл алдағы төрт-бес жылдың мұғдарында ғана атқарылатын шаруа емес. Осы ретте Malim.kz елімізге аты белгілі ақын-жазушыларға сауал жолдап, қазір қандай шығармалар жазып жүргенін және нендей мәселелер шешімін таппай тұрғанын біліп көрді.
Арасанбай Естенов: Кітап таралымын 10 мың данаға жеткізсек...
Бүлдіршіндерге арнап «тілашар-әліппе» жазған болатынмын. Оны қазір республикалық «Балдырған» журналы жариялап келеді. Ерекше атап айтар мәселе - жарық көрген балалар кітабы оқырманға жетпейді. Мемтапсырыспен шыққан үш-ақ мың кітап сатылымға шықпайды. Министрліктен шығатын кітап 1000-ақ дана. Ал кітапханаға екінің бірі бара бермейді. Көкейтесті мәселе осы! Кітап таралымын он мың данаға жеткізсе ғой деп ойлаймын.
Ділдар Мамырбаева: «Фентэзи жанры қызықтырады»
Фентэзи жанры мен үшін қызық. Бұған дейін өздеріңіз білетіндей, «Робот. Вирус. Сезім», «Роботтар отбасы», «Айдағы қалашық» секілді шығармаларым жарық көрді. Осы бағытта ізденісімді жалғастыра беремін.
Біздегі проблема, жас ерекшелігі ескеріле бермейді. Жас ескерілмегеннен кейін тіл де ескерілмейді, 3 жастағы балаға 9 жастағы баланың тілі мен тақырыбын айта береміз. Гаджет, интернет заманында батырлар туралы айтқан әңгімеміз өтпейді, олар түсінбейді, содан кейін оқуға құлқы болмайды. Өнертапқыштар, экологтар, археологтар, ғалымдар туралы балаларға арнап жазу тапшы.
Балалар әдебиеті жанр жағынан кенжелеп қалған. Бұрын жаңылтпаш, жұмбақ, ононим, антоним сөздерді ойнату ,"р" әрпі бар сөздерден өлең құрау көбірек еді, қазір сиреп кетті. Балаларға арналған кітаптардың дизайны әлі ақсап тұр. Балалар әдебиетінде адал сыншы жоқ. Балалар әдебиетін зерттейтін әдеби орталық құрылу керек шығар деп ойлаймын. Осы тақырыпта бакалаврлық, магистрлік, PhD диплом қорғағандардың еңбегі бар ма? Олар практика жүзінде өз қорғаған тақырыптарын жалғастырып жүр ме деген сұрақтар туындайды. Осы жағы ойлантады.
Ділдәгүл Бекмұханбетова: Балалар әдебиетінің иллюстрациясы айқын жолға қойылуы керек
Қазір мені монолог, новелла, әңгіме жанрлары қызықтырып жүр. Балалар әдебиетінде кітаптардың иллюстрациясы әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Балалар әдебиетінің иллюстрациясы айқын жолға қойылуы керек. Онсыз бала санасына шығармаларды толыққанды сіңіру қиын. Бірақ, бәрі қаржыға тіреледі. Бір авторлық әліппенің суреттерін салдыру, сараптама жасату және баспаханадан шығару үшін 6 миллион теңге жұмсадым. Жанкешті болсаң да ешкім көмектеспейді.
Балалар шығармаларында жас ерекшелігін айқындап жазу үнемі ескеріле бермейді. Осыған байланысты жазушылар шығармаларын педагог ғалымдардың сараптамасынан өткізіп отырса, артық болмас еді. Мысалы, мен дидактикалық, хрестоматиялық әліппемді министрліктің "Әліппеге арналған үлгілік оқу бағдарламасы" негізінде зерттеп жазып, білім басқармаларының әдістемелік орталықтарына барып, он рет ресми опрабациядан өткіздім. Ғалымдар, сарапшы педагогтар, әдіскер мұғалімдер 7 рецензия жазды. Авторлық құқым "Зияткерлік меншік институтында" тіркелді. Барлық құжаттары бар. Сараптама шығармаларға да өте пайдалы болар еді. Кем-кетігін түзетіп жіберер еді. Қаламақысын төлесе, педагог ғалымдар талдап, сараптап береді деп ойлаймын.
Ернұр Сейдахмет: «Футболшы Месси» атты кітабымды оқырманға ұсынамын
Тамыз айында балаларға арналған «Футболшы Месси» деген кітабым жарыққа шыққалы жатыр. Бұл жинағым иллюстрациялық сипатта болмақ. Ол еңбекте балаларға ұғынықты тілде атақты аяқдоп шеберінің өмір жолы баяндалады. Яғни, әйгілі споршының туған кезінен әлем чемпионы атанғанға дейінгі жетістікке толы кезеңдері қамтылады. Иллюстрациялық суреттерін Елдос Тоқтарбайдың баспасы дайындады. Дегенмен, бұл тарапта айта кетер мәселе де бар. Мәселен, кітап қолжазбасын мемлекеттік тапсырыспен өткізсең, оны белгілі бір баспа тендер арқылы ұтып алады. Ол баспа мұқабасын, қағазын барынша үнемдеуге тырысады. Соның кесірінен дизайны солғын, суреттері сапасыз болып шығады. Баспалардың көбінде иллюстраторлар жоқ. Осының барлығы кітап сапасына кері әсер ететіні белгілі. Осы жағын мемлекет жолға қойса дейміз. Одан кейін мемлекеттік тапсырыс бойынша балалар әдебиетін жазып жүрген авторлардың еңбегіне қаламақы төлеуді бір жүйеге келтіру керек. Мысалы, біз балаларға арналған кітапты жазарда көбірек қаламақы алу үшін өндіріп жазуға әрекет жасаймыз. Ал оның сапасы, көркемдігі белгілі бір деңгейде төмен болып шығатыны даусыз. Аз да болса көркемдігіне қарап, гонорарды туындының ерекшелігіне, мазмұнына қарап бағаласа деген тілегіміз бар.
Көрнекі сурет: Adebiportal.kz

Ең көп оқылған
