Өмірден өткен 19 жастағы футболшы емханаға қандай күйде жеткізілген

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Хан-Тәңірі» командасының 19 жастағы футболшысы Диас Төлеудің ауруханаға қандай жағдайда жеткізілгенін хабарлады.
Ол Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасы аясындағы ойын кезінде өзін нашар сезініп, қызметкерлер оны алаңнан көтеріп алып кеткен. Ведомство мәліметінше, футболшы клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілген.
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне 2006 жылы туған пациент клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Оны матч кезінде кезекшілікте болған жеке медициналық жедел жәрдем көлігі алып келген. Қабылдау кезінде жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, өмір белгілерін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді, — деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Қазір ойыншының денесі өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Еске салайық, кеше «Хан-Тәңірі» клубының шабуылшысы көз жұмды. Ол «Қайрат» академиясының түлегі болған.
Фото: sport.ru