Ұлттық нейрохирургия орталығы отаға мұқтаж сотталушыны жатқызудан бас тартты

Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы нейрохирургтің қорытындысы бойынша бел омыртқасына қайталап ота жасау үшін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жіберілген, деп хабарлайды Қызылорда сотының баспасөз қызметі.
Орталық «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жоспарланған ауруханаға жатқызуды мақұлдап, операцияны тағайындаған. Сотталушы ем алу үшін конвоймен Астанаға жеткізілген.
— Алайда медициналық мекемеге келгеннен кейін конвойленген адамдарға арналған мамандандырылған палатаның болмауына байланысты оны ауруханаға жатқызудан бас тартылған. Сотталушы ауруханаға жатқызудан бас тартылғанын көрсетіп, сотқа шағым түсірген, — делінген сот таратқан хабарламада.
Бірінші сатыдағы сот істі қарап, Орталықтың бас тартуын заңсыз деп тапты. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 4-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 143-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған адамдар толық медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс.
— Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген Медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес, медициналық ұйымдар қамауда ұсталған адамдарды ауруханаға жатқызу үшін қауіпсіздік шараларымен жабдықталған оқшауланған палаталарды қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ сот Орталықтың науқасты қабылдауға дайын екенін және ауруханаға жатқызу мерзімін белгілегенін бұрын ресми түрде растағанын атап өткен. Сонымен қатар, сот жоспарланған ауруханаға жатқызуға кедергі болатын күтпеген жағдайларды анықтаған жоқ (Стационарлық жағдайда медициналық көмекті ұйымдастыру стандартының 43-тармағы). Сондықтан, ауруханаға жатқызудан бас тарту заңды күту қағидасын және азаматтың медициналық көмекке құқығын бұзған заңсыз деп танылды. Сот талап қоюды қанағаттандырып, Орталыққа талап қоюшыға емделуге және ота жасауға қажетті жағдай жасауды міндеттеді, - деп атап өтті Қызылорда соты.
Сондай-ақ сот денсаулық сақтау министріне алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке ұйғарым жолдады. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Үкімет