Электрондық кітапхана балалар әдебиетінің цифрлық мұрағатын қалыптастырады

Қазақ балалар әдебиетінің небір жауһар үлгілері бар. Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаевтарды айтпағанның өзінде, Сансызбай Сарғасқаев, Өтебай Қанахин, Қосжан Мүсірепов, Төлеужан Ысмайылов, Жақан Смақов, Машхар Гумеров, Тоқаш Бердияров сияқты қаламгерлердің баспа бетін көрген сирек данамен қалған кітаптары оқырман қолына түсе бермейді. Себебі, бұл еңбектер қайыра басылған жоқ.
Жақында үкімет басшысы Олжас Абайұлы осы күрмеулі мәселенің түйінін шешетін сүйінші жаңалықты елге жеткізді. Енді бұл жанрдағы жинақтар, кітаптар цифрлық форматқа көшіріліп, бұқараның игілігіне жарайтын сәт алыс емес деді ол.
Бектеновтің пайымдауынша, бұл кешенді жұмысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы іске асырады. Яғни, осы жерде электрондық кітапхана ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Онда танымдық кітаптар, көркем әдебиет, газет-журналдар цифрлық нұсқада көпшілікке қолжетімді болмақ. Мысалы, «Ақ желкен», «Балдырған», «Ұлан» сияқты байырғы басылымдарды іздейтін оқырман қарасы көп. Электронды кітапханада құжаттарды бір жүйеге түсіріп, арнайы каталогтарға орнықтырады. Осылайша, цифрлық мұрағатқа барлық еңбектер жинақталады.
Бүгінде ұлттық электрондық кітапхана базасында 1300-ден астам балаларға арналған әдебиет сақтаулы. Атап айтсақ, эпостық жырлар, аңыздар, ертегілер, мифтер мен энциклопедияларды табуға болады.
Жас буынның зердесін ашу мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесі де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды атқаруда. Елдің әр аймағында тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізіліп, аталмыш тақырыпта подкасттар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, балалар жазушыларының анкатасын қалыптастыру ісі тиянақталмақ.
Сонымен қатар, жас өркендердің өрісін ашу бағытында біртұтас ұлттық стратегия қабылдау жұмыстары қолға алынып отыр. Енді барлық білім беру мекемелерінде бірыңғай тәрбие бағдарламасы іске асырылмақ. Былтыр бұған дейін алты негізгі жоба қолданысқа енген еді. Балалар әдебиетіне қолжетімділікті арттыру, оқу сауаттылығын ілгерілету Президент тапсырмасына сәйкес, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы шеңберінде жүргізіледі. Кезек күттірмейтін жобалар орындалса, оқырманның мүмкіндіктері артып, авторлардың шығармашылығы кең көлемде дәріптелері сөзсіз.
Фото: Pexels