Хрусталь тауы (албан ертегісі)
Бір шал мен кемпір өмір сүріпті, үрерге иті жоқ тақыр кедей екен, жалғыз ұлдары бар екен. Олар тұратын қыстақ ұшар басы көкке шаншылған Хрусталь тауының етегінде еді. Ол тауға өрмелеп те, еңбектеп те шығу мүмкін емес болатын, шыбын тайып жығылар жалтыр беткейінде сүрлеу-соқпақ, қиялап та болса қыр асырар із жоқ еді. Жан баласы баспаған құпия тау көпшіліктің қиялын сан саққа жүгіртіп, көзін қызықтыратын.
Бірде шал-кемпірдің ұлы базарға барады. Базар алаңында патшаның жаршысы жүреді екен:
── Сиқырлы үкіге мініп, Хрусталь тауына ұшатын жан бар ма? ── деп, жар салады екен. ── Мен бармын! ── дейді бозбала естісімен.
Бозбала сиқырлы үкіге мініп, Хрусталь тауының басына жетеді. Үкінің ұясы сонда еді. Төмен қараса, «қайтер екен?» дептамаша қылған жұрт:
── Не көрдің? ── деп айқайлайды.
Бала айтады:
── Төңірек толы асыл тас, гауһар мен күміс! ── дейді.
── Лақтыр бері, аяма!
Бозбала неше алуан асыл тасты, гауһар, күмісті уыстап-уыстап төмен қарай тастай береді. Базаршы қауым жанталаса жүгіріп, қойны-қоныштарын, себет қапшықтарын асыл тасқа толтырады, кейбіреулер етек-етек етіп жинайды. Жұрт көтергенінше қазына әкетіседі үйлеріне, көзі тоймас қомағайлар қайта айналып келіп:
── Тағы, тағы! ── деп шуласады.
Бозбала бұлардың құлқынында түп жоғын сезіп:
── Енді маған етекке түсуге көмектесіңдер! ── деп дауыстайды.
Етектегілер:
── Дәмесінің зорын! Жағдайың онсыз да жаман емес!
Көп сөйлемей, асыл тас таста! ──деп кеу-кеулейді.
Не істемек керек? Жерлестерінен көңілі қайтқан байқұс бозбала тау төбесінде жападан жалғыз қала береді. Ары-бері сенделіп жүріп, қарауытқан бір үңгірді көреді. Үңгірге кірсе, таудың ішіне бойлайтын жол жоқ екен. Соған түсіп, тартып кетеді. Ақыры бейтаныс бір өлкеге тап болады.
Жүре-жүре ұйысып, шоғырлана өскен биік тораңғыға жетеді. Тораңғының түбінде үй, үйде бір соқыр шал тқрады. Шалдың 300 ешкісі бар еді, 300 ешкіні серке бастап, сол маңайдағы шүйгінде жайылушы еді. Бозбала қотанның көптен бері тазаланбағанын, науаның қаңсып жатқанын көріп, ерінбей-жалықпай қи ойып, қотанды тазартып, науаларға шүпілдетіп су құйып қояды. Содан соң тораңғының саясына демалуға қисаяды.
Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады
Өрістен оралған ешкілер қотанның мұнтаздай екенін байқап науадағы тұнық суды ішіп, шөл басқан соң:
── Апырау, бұны кім істеген? Иеміз су қараңғы соқыр, оның қолынан келмесе керек, ── деседі.
Маңдайында үш көзі бар данышпан кәрі серке ертесіне бір шыбышқа:
── Сен бүгін қотанда қаласың. Бізідң қамқоршымыздың кім екендігін білуге тырыс, ── деп бұйырады.
Шыбыш қотан басын біраз күзеткен соң, шыдамай шоқ тоғайға бет алады, бұтадан-бұтаның жапырағын жалмап жүріп, серкенің тапсырмасын тарс ұмытады. Сол кезде бозбала жасырынып жатқан жерінен шығып, қотанды сыпырып, науаларға су толтырып, ешкілер өрістен қайтар уақытқа қарай қайтадан тығылып қалады.
Қотанның кешегіден де таза екендігін көрген серке:
── Әй, шыбыш, кім келді? ── деп сұрайды.
── Ешкім де келген жоқ, ── дейді шыбыш.
Серке ашуланып, шыбышты мүйіздеп тастайды. Ертесіне тағы бір ешкіні қарауылға қалдырып кетеді. Әйткенімен ол берекесіз де жасыл жапырақтың қызығына түсіп, бозбаланы байқай алмай, жазаға ұшырайды.
Үшінші күні серке ешкілерге:
──Бүгін күнделікті жайылатын өріске өздерің барыңдар, бет-беттеріңе лақпай, бір жерде болыңдар. Мен осында қалып, қотан күзетемін, ── дейді.
Серке қалт етпей қақшиып, қотан шетінде тұрады. Күн тас төбеден шаншылып, шыжғыра бастайды. Серкені ұйқы басады. Бірақ екі көзі ілінгенімен, үшінші көзі жұмылмайды екен. Серкені ұйықтадыға жорыған бозбала тасадан шығып, қотанды айнадай етіп тазалап, науаларға су құйып, кете бергенде, серке қарғып тұрып, жолын бөгейді.
── Кімсің сен, адамбысың, жынбысың? ── дейді.
── Адаммын, ── деп жауап береді бозбала.
── Ендеше үйге жүр,иеме таныстырайын, ── деді серке. Екеуі соқыр шалға келеді. Бозбала сол күннен бастап қартпен тұрып, бағып-қағады, үй шаруасына көмектеседі. Арада бірер күн өткен соң бозбала айтыпты:
── Әкей, ертең ешкілерді айдап апарайын, бас-көз болайын, ── депті.
── Бара ғой, ── деп келіседі қарт, ── тек жартастың түбіне жайма, қатерге душар боласың.
── Жақсы, ── дейді бозбала, ── алаңдама, айтқаныңды орындаймын.
Ертесіне таң ата бозбала ешкілерді қотаннан айдап әкетіп, тура жартастың түбіне иіріп тастайды да, өзі қолына сыбызғысын алады. Кедей бозбала бұлбұл әуен қосқан дәулескер сыбызғышы еді. Ешкілер бітік, нәрлі шөпке бас қойғанда, тамылжытып сыбызғы тартуға кіріседі. Кенет жартастың тасасынан перінің сылаңдаған сұлу қызы шыға келіп:
──Тыңда мені, адам ұлы, ── дейді, ──сен сыбызғыда ойна, мен билейін. Кім бұрын шаршаса, қай жеңгеніміз қалағанымызды аламыз! Бар өнеріңді аямай тарт! Өкінбейсің. Өйткені маған теңдесер биші жер-әлемде жоқ!
── Хош! Келістік! ── дейді бозбала.
Сыбызғы сыңқылдап, небір сылқым саз төгіледі. Перінің қызы мың бұралып, таңғажайып, әсем биге басады. Оған парапар биші шынында да жоқ еді.
Күн сеңгірден ары аунап, ымырт үйрілгенде перінің қызы сұрапты.
── Мүмкін, бүгінге осы да жетер? ── депті.
── Мейлің, ── деп жауап қайырыпты бозбала. Ешкілерін түгендеп, үйіне қайтарыпты.
── Неге сонша бөгелдің, балам? ── дейді зағип қарт. Әлде ешкілеріңді жартастың түбіне жайдың ба?
── Жоқ, әкей, жоқ! ── деп азар-безер болады бозбала.
Ертесіне шал:
── Балам, жартастың түбіне бара көрме, ─ деп өтінеді.
── О не дегеніңіз, әкей, жартасқа қарай аттап баспаймын, ── деп сендіреді оны бозбала. Өзі ешкілерін алдына салып, қуып отырып, жартастың түбіне барады.
Қой тасқа жамбас басып, сыбызғысын сызылтып жіберуі мұң екен, перінің қызы жетіп келеді.
── Ал, адамның ұлы, бастайық! Сен сыбызғыңды күйле, мен биімді билейін. Менің биімдей сұлу би жоқ бұл дүниеде! ── дейді.
Бозбала сыбызғысын уілдете үрлеп, қан қыздыра құйқылжытады, перінің қызы буынсыз бұратылып, шырқ көбелек айналады. Би де, күй де күні бойы толастамайды. Сам жамырағанда перінің қызы:
── Мүмкін, бүгінге осы да жетер? ── деп сұрайды.
── Мақұл, ── дейді бозбала, ── қалауың білсін.
Ешкілерін қайырып, қартқа айдап апарады. Қарт оның тым кеш оралғанынан секемденіп:
── Әй, балам, бүгін тіпті жай келдің. Сен осы жартасқа барып жүрсің-ау, ── дейді.
── Жоғ-а, әкей, қам жеме, жартасты желкемнің шұқыры көрсін, ── деп бет бақтырмайды бозбала.
Таң атып, бозбала ешкілерді айдап, қотаннан шыға бергенде зағип шал:
── Балам, жартасқа жолама, мен екі көзімнен сонда айрылғанмын, ──дейді.
Бозбала тағы да жартастың түбіне келеді. Қалтасынан сыбызғысын суырып, ысқырып қалғанда, перінің қызы да сылаң қағып, пайда бола кетеді.
── Қалай, адамның ұлы, бүгін де келдің бе? ── дейді.
── Келдім.
── Ендеше не тұрыс, бастайық!
Бозбала бастырмалата тартады. Қас қарайғанша екеуі де дамыл таппайды. Ақыры перінің әл-дәрмені құрып құрып:
── Ух шаршадым-ау! ── деп көкалға сылқ ете түседі.
Бозбала әбжіл қимылмен бас салып, перінің қызын қураған шегіршінге қыл арқанмен мықтап танып тастайды. Содан кейін ешкілеріне:
── Жиналыңдар, үйге қайтамыз, ── дейді.
Перінің қызы жалынады:
── Адамның ұлы, бері кел, босат мені, ── дейді.
Бозбала:
── Егер қарттың көздерінің қайда екенін айтсаң, босатайын, ──д ейді.
── Әуелі арқанды шеш, сосын айтамын.
── Мен саған сенбеймін, ── дейді бозбала
── Жарайды, айтайын, шалдың көздері анау бір түр тікенектің түбінде. Енді босат мені!
Бозбала тікенектің түбін тырмалап, іздеп-іздеп, түк таппай, беті, қолы тырналып, қайта шығады да, ешкілеріне:
── Кеттік, үйге. Пері өтірік айтыпты, ── дейді.
Ешкілер тұяқтарын сыртылдап, қотанға апарар жолға беттейді.
── Тоқта, адамның ұлы! ── деп дауыстайды перінің қызы. ── Босатып кет мені, шалдың көзі мына шегіршіннің түбінде жатыр.
── Сенбеймін саған!
── Сенбесең, келіп қара!
Бозбала қайтып оралып, әрі іздеп, бері іздеп, ештеңе тапаған соң, ешкілерін айдап жүре бергенде перінің қызы айқайлайды:
── Тоқта! Босат мені!
── Қашан шыныңды айтқанша, босатады екен деп ойлама!
── Жарайды, жартастың түбіне барып жақсылап ізде, сол жерге жасырып едім.
Бозбала жартастың түбін мұқият тексеріп, шалдың екі көзін де тауып алып, ешкілеріне келеді де:
── Жетті енді, әбден тойдыңдар, үйге қайталық, ──дейді.
── Адамның үлы-ау, босатшы, мені, ── деп жалбарынады перінің қызы.
── Шалдың көзін қайда тыққаныңды айттың, енді соны қалай ұясына қондыруды үйрет, сонда ғана босатамын, ── дейді бозбала.
Шарасы таусылған, пұшайман болған перінің қызы:
── Шалдың жанарына жан бітіру үшін таң сыз бере оны үйден алып шығып, екі көзді ұясына салып, бетін күншығысқа қарату керек. Көтеріліп келе жатқан күннің алғашқы шапағы көзіне түскенде құлантаза айығып кетер, ── депті.
Бозбала перінің қызын байлаудан босатып, ешкілерін алдына сап, өлеңдетіп қотанға қайтады. Қарт сарыла күтіп есік алдында тұр екен.
── Балам-ау, неге сонша кешіктің? Дәу де болса, сен бүгін малды жартастың түбіне жайғансың-ау, ── дейді.
── Құдай сақтасын, әкей, жартаста нем бар! ── деп жауап қайырады бозбала.
Түн пердесі сетінеген, бірақ таң әлі құлан иектене қоймаған елең-алаң, өліара шақта бозбала ұйқыдан шалды оятады:
── Әкей тұр, сыртқа шығайық, қазір күн ұясына көтеріледі, соның сәулесіне жылынайық, ── дейді.
Шал орнынан тұрып, бозбалаға еріп, табалдырықтан аттайды. Бозбала:
── Қане, бері қарашы, көзіңе не болғанын көрейін, ── деп, шалдың екі көзін ұясына орнатып, бетін шығысқа, енді-енді туып келе жатқан күнге бағыттайды.
── Әй, балам, сен жартасқа барған екенсің, ── дейді зағип қарт.
── Иә, әкей, иә, ── дейді бозбала. Сол мәурітте қызара қылтиған күннің алғашқ шуағы шалдың жұмулы көзін сүйеді.
──А ш, әкей, көзіңді, ── дейді бозбала. ── Аш, қорықпа. Бірдеңе көріне ме?
── Көрінеді, балам! мен көріп тұрмын! Көзім ашылды! ── деп жылап жібереді қуаныштан толқыған шал. Бір жылап, бір күліп, бозбалаға айтып алғысын түгесе алмайды.
── Енді үйде қал, балам, ешкіні өзім-аө бағайын, сен үй шаруасын істе, ── дейді шал.
Бозбала шалды жуындырып, киіндіреді. Қарт жуынып жатқанда сақалының арасынан бір буда кілт түседі. Кілттің саны он екі екен. Шал бір кілтті алып, қалтасына салады да, қалғанын бозбалаға ұстатып:
── Мә, балам, мына он бір кілтті ал. Менің үйімнің он екі бөлмесі бар. соның он бірін аш, көргеніңнің бәрі сенікі. Тек он екінші бөлменің кілтін өзімде ұстаймын, өйткені сен әлі жассың, арылмас қайғыға қалуың мүмкін, ──дейді.
Шал ешкісін өргізіп кеткенде, бозбала он бір бөлмені ашып, армансыз тамашалапты. Не жоқ дейсің ол он бір бөлмеде! Алтын, күміс, асыл тас, қымбат киімдер... бәрі-бәрі төбе боп үйіліпті. Ал он бірінші бөлмеде тарп ұрып, батыр мінер қанатты тұлпар тұр. Арада бірнеше күн өткен соң бозбала шалға базына айтыпты:
── Әкей, он екінші бөлмеде не барын білмесем, көңілім көншір емес, ── депті.
Қарт талайға дейін көнбейді, кілтті берер болмайды, ақыры бозбаланың көңілін қимай:
── Ай, балам-ай, қоймадың-ау. міне ала ғой. Тек не көрсең де, абдырама. Ойлаған ісіңді саспай қимылдап, қапысыз орында. Әйтпесе, ғұмыр бойы өкісіп өтесің, ── дейді.
Бозбала он екінші бөлмені ашса, қаңырап бос тұр, қақ ортасында мөлдіреп хауыз жатыр. «Шал неге бұл бөлмені менен жасырды екен?» деп ──таңырқайды бозбала. Бірақ бөлменің бір сыры барын сезіп, есік қалқасына тығылып, тапжылмай күтеді. Біраз күн өткенен кейін төбедегі тесіктен апалы-сіңілі үш қыз ── Жаһан сұлулары ұшып кіріпті. Көйлектерін шешіп, суға түсіп, ойнай бастапты. Үлкен қыз айтыпты:
── Тезірек судан шығып, киінейік, әйтпесе кісі көзіне шалынып қаламыз, ── депті.
Жаһан сұлулары бір-екі сүңгіп, судан тез шығып, киінеді де, төбедегі тесіктен ұшып кетеді.
Үш апта дегенде сұлулар қайта соғады. Бұл уақытта бозбала да не істерін тәптіштей ойластырып, сақадай сай отырған болатын. Қыздар шешініп, суға қойып кеткенде, баспалап барып, ең сұлу кенже қыздың белбеуін ұрлап алады. Жаһан сұлуының аспанға ұшар сиқыры осы белбеуде еді. Апалы-сіңлілер судан шығып, таранып киінген соң, бірінен кейін бірі самғап, көкке көтеріледі де, кенже сұлу ғана белбеуін іздеп, бөгеліп қалады. Сол кезде бозбала да тасадан шап беріп, ұстай алады.
Кешке шал келіп, бозбала мен Жаһан сұлуын көріп, батасын береді:
── Ал балам, дегеніңе жеткен екенсің. Енді бақытың тасысын, ── дейді.
Бозбала қартқа алғысын жаудырып, қанатты тұлпарға мініп, Жаһан сұлуын алдына отырғзып, ат көтергенше қазына бөктеріп, ата-анасына оралады. Бақытты тірлік кешіп, барша мұратына жетеді.
Аударған Ғалым ДОСКЕН,
«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.
Тағы қараңыз:
- Сиқырлы сылдырмақ
- Бақыт ұстасы (латыш ертегісі)
- Кестеші қыз (грек ертегісі)
- Джоан мен ақсақ қаз бағушы (ағылшын ертегісі)
- Тышқан – ханша (француз ертегісі)
- Шыншыл Свэн (дат ертегісі)
- Өлеңші Томас (шотланд ертегісі)
Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.
Көшіріп басуға болмайды!