Рысбек Зұрғанбайұлы. Өлім алдындағы өтініш

1955 жылы 29-тамызда Баян-Өлгий аймақтық Ногооннуур сұмынының «Көкжота» жайлауында туған. 1990 жылдан Моңғолия Жазушылар Одағының, Моңғолия Журналистер Одағының, 2022 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
1990-1996 жылдары аймақтық радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 1996-1998 жылдары «Жаңа Өмір» газетінің бас редакторы, 1998-2002 жылдары радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 2002-2005 жылдары «Шарапат», «Армысың Ақиқат» газеттерінің жауапты хатшысы, бас редакторы, 2005-2015 жылдары Аймақтық Азаматтар Өкілдері Құрылтайының баспасөз-ақпарат қызметкері болып жұмыстады. Қоғамға 44 жыл еңбек етіп 2015 жылдың қазан айында еңбек зейнеті демалысына шықты. 2021 жылдан Моңғолия Қазақ Қаламгерлер Кеңесінің Басқару кеңесінің төрағасы, «Шұғыла», «Қалам-Сия» журналының бас редакторы.
Өлім алдындағы өтініш
(Төлеген мен Мұқағалидың соңғы демі)
Жалбарынам, жас төгіп:
ҒҰМЫР-АНА,
Сәл аялда, өгейсіп зымырамай!
Тіршілік нәрін тамызып таңдайыма,
Маңдайымды түзетіп құбылаға,
Сәл сабыр ет, ғаділім – Ғұмыр-Ана!
Тірлік нәрін тамызшы таңдайыма!
Шер ілмеші шапаным шалғайына!
Жалғыз рет қуантшы, жүрек жарып,
Мерт болайын, көкке бір самғайын да!
Тірлік нәрін тамызшы, таңдайыма!
Музалары тірліктің жер-көктегі,
Шарпып өтсін жанымды, тербеп, мені!
Мұрсат берші бір рет «іңгәлауға»,
Ақын – сәби емес пе, жөргектегі?!
Іңгәласа – ақ жырын селдеткені!
Музаларым – құндақтап, тербеп, мені,
Өмірімнің өріне өрлет, кәні!
Әуен кетсе – қаңырап мынау кеуде,
Жайлауынан шілдеде ел кеткені!
Муза кетсе Ақын да өлмек, тегі!
ҒҰМЫР-АНА аялда, нұр дарығыр!
Сарқа айтып алайын сырларымды,
Жазылмаған, жазайын, жырларымды!
Еске алайын өткен күн өрнектерін,
Еске алайын достарды – кіл дарынды!
ҒҰМЫР-АНА мұрсат бер, нұр дарығыр!
Мұнара ғып соғайын мұңдарымды,
Биіктетіп кетейін туларымды!
Көзбен шолып жарықтық шыңдарымды,
Жалаңаяқ кешейін суларымды!
Тыныстап бір жұпармен таңсәріде,
Жолығайын «АРМАН-АЙ!» – Ән-серіге!
Гүл терейін даладан, жыр терейін,
Құлақ түріп ғажайып сан Сарынға!
Құшағыма құласын Аңсарым да!
Самал жұтып сейілдеп, сәнді қырда,
Жүрегімді жуайын Жаңбырына!
Ашық Аспан, Жұмыр Жер, Жарық Жұлдыз,
Бақұлдасып, бас иіп барлығына,
Есеп беріп қайтайын Тағдырыма!
Адамдай-ақ – ақсақал, дана, мықты,
Ойға алайын – балдәурен балалықты!
Өкінейін – еске алып шалалықты,
Махаббатқа жүгініп – ең алғашқы,
Сараптайын осы екі аралықты!
Көп қой әлі Өткелдер, мен өте алмақ!
Ойым да бар Лайнерге билет алмақ!
Тым құрыса достарға хат жазайын,
Не, соңғы рет Бауырға телефондап!
Құлайыншы құрдымға, келе сала-ақ!
Дарын-қыран қанатын жаяд, талмай...
(Ажал бұлты, әнеки, таяп қалды-ай!).
Аялдашы аз ғана, ҒҰМАР-АНА,
Бір өлеңім қалды ғой аяқталмай!
АЯҚТАЛМАЙ!
Дариға-ай, қанат талды-ай!
Жанарынан жарқылдап жай атқандай,
Қарындастар – қаракөз қарақтарды-ай!
Жүрегімдегі жырларды күте-күте,
Өкінішке өртеніп, өксік іше,
Қарап қалды-ай, – Жастық жыр аяқталмай!
Жарық сәуле, дариға, іңкәрім-ай,
Өткенім бе осылай, сусап, ұдай?!
ҒҰМЫР-АНА, басымды бір көтеріп,
Жастық қойшы Жартастан, шынтағыма-ай!
Тым болмаса көрейін ақырғы рет,
Терезеден телміріп – нұр-сағымды-ай!
Тоймасам да тағдырдан сыйымды алып,
«Бергеніңе шүкір!» деп сиыналық!
Терезеге жеткізші – Тіршіліктің,
Есітейін – мәңгілік күйін, анық!
Кетейін де, болмаса, Күн сәулесін,
Сиғанынша жанарға жиып алып!
ҒҰМЫР-АНА көтерші қабағымды,
Жарқ еткізші – жабылған жанарымды!
Неше күндей торыған, жанымды арбап,
Қарсы алайын сабырмен АЖАЛЫМДЫ!
Тарқата бер талақ қып базарымды!
Тек, қолымнан түсірме ҚАЛАМЫМДЫ!
...О, дариға-ай!
Суынып Көрік-кеуде,
Тоқтайсың-ау, Жүрегім, толып шерге!..
Бірақ... Мені, тұрып та, көміп Көрге,
Дәті бармас ешкімнің «ӨЛІК» деуге!..
Бір азамат өлгенмен...
«АҚЫН ӨЛДІ!»
деуші... лер... ге,
Ө... л... е... ң... і.. м ер... ік бе... ер...ме... е!...
1981 жыл. Мамыр айы. Өлгий шәрі.
ЖАНАР
(Арал теңіз элегиясы)
Жанарды көрдім – оты сөнген жалынсыз,
Үрейге толы,
Үміттен ада, әрі үнсіз!
Қадалған сәтте – бозмұнар тұнған қарашық,
Қалтырап кеттім – кешкендей бейне жаным сыз!
Жоқ – баяғы қиылған сұлу қас-кірпік,
Кеткендей бәрі – көз көрмес басқа жаққа үркіп!
Көрікті әлем сыланбай Жанар-айнаға,
Тоятын іздеп торуды қойған жас бүркіт!
Өзегін өртеп өкінішті бір от лаулап,
Өксікке толы жанардан кермек жас саулап,
Базары тарқап, ажары солған Ару-көз,
Аяныш сыйлап... кемерден қашық жатты аулақ!
Төңкеріп бей-жай қарашықтарын мұңсіңді,
Күрсінді ащы!
Әлсіздеу ғана бұлқынды.
«Қос күре тамыр суалған шақта,
Қос қара бұрым қуарған шақта, қарағым,
Тамашалауға келдің бе, сен?!» деп, бір тынды!
Не уәж айтсам рауа мына сауалға?!
Іздесем бе екен Күнәһарды осы Зауалға?!
«Жоқ іздеп» жүріп кешіксем, ол да өкініш!...
Бір дәру таппай кетем бе, қайран ЖАНАРҒА?!
Құла құмдардан қол бұлғап: «Мен мұндалар»,
Қасиеті ерен Қағыбам еді – бұл ЖАНАР!
Аппақ сор басқан,
Аппақ шел басқан Басырдың,
Шырадай етіп Шырағын қайта кім жағар?!
Қарашығынан көшірмес шуақ-күлкіні,
Жасауылдардай сап түзеуші еді-ау Кірпігі!
Шапағат шашқан махаббатымның маздағын,
Табамын қайдан – қоздатар бір тал шырпыны?!
Тереңнен толқып, Арымды құммен ысқылап,
Кептеліп қалды көмейге – осы ҮШ СҰРАҚ!
ӘМУ боп,
СЫР боп,
АРАЛ боп – көз алдымда,
Аранға түсіп қансырап жатты ҮШ ПЫРАҚ!..
1988 жыл. 4-11-сәуір. Өлгей шәрі.
КИЕ
(Баллада)
«Киелі» деп дүйім жұрт, кінәлі істен тиылып,
Дұға оқып жанынан өтетұғын сиынып:
Қабырғасы қаңқиып, марғауланып маңқиып,
Ергеншегі аңқиып, төрт құлағы қалқиып,
Жел кеміріп, күн қақтап.. бір бүйірі құлаған,
Бозтөбеде бір Мола тұрғанына не заман!..
...Сол моланың жанында... еңк-еңк етіп жылаған,
Көтере алмай еңсесін... кө-өп отырды бір Адам!...
Сауыс-сауыс сақалы, өрім-өрім шапаны,
Сұп-сұр жүзі қапалы... кейде ықылық атады.
Кірпігі әрең қыбырлап, былшық көзін сығымдап,
Үн шығарып ыңылдақ, сөйлейді ерні жыбырлап.
Аруаққа жылаған – медет сұрап Моладан,
Бейнет шеккен туадан мүсәпір ме, бұл, адам?!
«Әлде?.. Әлде?.. Әлде?..»-леп, жорысам да әрнеге,
Жұбап таппай дәлме-дәл, кінә қойдым «кәллеме!».
Бір Үн шықты, жаңғырып – тұрғанымда тарығып,
Сол сарынды мәңгіріп тыңдап қалдым аңырып!
Аруақ па?
Адам ба?
Періштеме – жаны ізгі?
Әйтеу сол «ҮН», о, Алла, бастады бір аңызды!
...Тағдыр пейілі тарылып – долданғандай дүлей жел,
Құба қалмақ жауығып... үрке көшіп үрейлі Ел.
Дүйім дүние дүрбелең... сол бір қиын кезеңде,
Болыпты бір азамат – жауға найза кезенген!
Басқыншымен белдесіп, жалаң қылыш сермесіп,
Жан, қанымен қорғапты – туған жерді кең бесік.
Күндердің бір күнінде жаудың мысы басыпты,
Бас сауғалап, батырдың сарбаздары қашыпты.
Сонда өзі жалғыз қап – қан майданның шебінде,
Ұрыс сапты ұзақ күн – бір қадам да шегінбей!
Қалжырапты, қажыпты, әлсірепті қансырап,
Бірақ, басын имепті – сауға тілеп, жан сұрап.
Бір заматтар болғанда оққа ұшып арғымақ,
Батыр жігіт бармағын шайнапты да, қан жылап,
Қайратымен таң қылып – жеңген жауды мастанып,
Жата кеткен жантайып – арғымағын жастанып!
Төнгендерден анталап тілемей-ақ мархабат,
Екі көзі қанталап, былай депті: «Ей, зәнталақ!
Ел-жеріме зұлматын ала келген зұлымдар,
Айызың қансын, ал, кәне, маған найза сұғыңдар!
Бірақ мынау Төбеден аулақ-аулақ тұрыңдар!
Бұл – қазақтың мекені!
Таптатпаймын, ұғыңдар!»
Сонда:
Текті сөзге жығылып – есті қалмақ нояны,
Шеріктерін шұбыртып – кері қайтқан ғой, баяғы!
Қырық жерден жаралы, ашулы, арлы арыстан,
Көз жұмыпты Төбеде – дақ түсірмей намысқа!
Апта өткенде аңырап Бозтөбеге ел кепті,
Арғымақ пен Арысын ақ арулап жерлепті.
Сұғанақтық пиғылмен – көз алартып ел-жерге,
Құтырынған көкжалдай кекті дұшпан келгенде,
Жүректері шайлығып, жандасуға қаймығып,
Берекеден айырылып, қайта қашқан қайырылып,
Ата ғұрпын қорлаған – қорқақтарды жиып ап,
Жаназасыз бауыздап, арам қанын құйып ап,
Күзеп сақал-шаштарын, тұлдап – мінген аттарын,
Соққан екен қамкесек – илеп соған батпағын!
Бір ұлағат болсын деп, кейінгі ұрпақ, ұл-қызға,
Шейіт кеткен Ұлына, Ел, солай, Мола тұрғызған!
Талай дауыл соқса да, қанша заман өтсе де,
Сол Молаға қиянат жасамаған ештеңе!
Киелісі халықтың – азып-тозып, бүлінбей,
Тұлғаланып, жарықтық, тұратұғын – піріңдей!
Қорқақтардай, баяғы, – тастап қашқан жауға Ұлын,
Опасыздар, о, тоба, ортамызда бар, бүгін!
«Көзі осы деп көненің!»,
«Басы осы деп пәленің!»,
Бір ақымақ шыққан да, салған елге әлегін!
Даурығумен тыншымай, буырқанған, бу атқан,
Орайлы бір түнде, әлгі Моланы кеп құлатқан!
Қабырғасы Моланың күңіреніп сол уақ,
Мақұлықтың ісіне мазаланған, Аруақ!
Атып Мола киесі, тиіп халық қарғысы,
Ақыл-естен айырылып, зауал тапқан сол кісі!»...
...Аруақ па?
Адам ба?
Періште ме – жаны ізгі?
Әйтеу, сол «ҮН», о, Алла, айтты осы аңызды!
Мінәжат қып сиынып, қастерлейтін дүйім жұрт,
Қарадым, мен, Молаға – өзекке өрт құйылып!
Қасиеттің бетіне ойып салған таңбадай,
Үңірейіп Мола тұр!
О, жалған-ай! Жалған-ай!
Көне Мола жанында – еңк-еңк етіп жылаған,
Көтере алмай еңсесін кө-өп отырды бір, Адам.
Сұп-сұр жүзін жас жуып, жалбарынып Ол отыр,
«Кеше алмаспын» дегендей, тұнжыраумен Мола тұр!..
1991 жыл. 24-желтоқсан. Өлгий.
КҮЙ ҚҰДІРЕТІ
Толды лезде дүбірге – тыныш бөлме,
Кеңейді де тарылды – тыныс демде!
Саусақтарға біткендей бір құдірет,
Сиқырлы үн шығарды – тоғыз Перне!
Мың сан бұлақ қағынып, қарғып ақты,
Бір Қызғыш құс, о, тоба, Тау құлатты!
Ашық аспан кенеттен жауындатты!..
Жауындатты!
Артынша дауылдатты!
Қызыл құмды қырық өзен жарып ақты!..
Қасат қарлар қурайдай жанып жатты!..
Қабағынан қар жауған қайран Бабам,
Қан-өзенге жүздірді Арғымақты!..
Жер өртенді!..
Жалындап жанды – Аспан да!
Жарқылдады – жаналғыш Алдаспандар!..
Жазық жерге – төмпешік таулар тұрып,
Жазық болды лезде – қарлы Асқарлар!..
...Қиял құсым талап қып – тым алысты,
Бес ғасырдан әріге бір-ақ ұшты!
Бабам өткен... бақи кез бұлдыр етіп...
Басқыншыға күйініп... ыза қысты!..
Ыза қысты!
Дәл солай!
Сол мезетте,
Қабағыма қондырдым, сірә, Қысты?!
Кенет! Кенет!..
Домбыра шанағынан,
Шықты бір Үн!..
Шерлі емес...
Қуанышты!..
...Толды лезде дүбірге – тыныш бөлме!
Тарылды да кеңейді – тыныс демде!
...Тозақ отын сөндірген Тастүлектер,
Тура тартты – туған жер, ырысты елге!
Күлкі шашып мың бұлақ ыршып ақты!
Семген гүлдер қайтадан бүршік атты!
Саялы орман толықсып, сыңсып жатты!
Туған өлке түледі – нұр сымбатты!
Әлде бір қол сезімнің сымын басты!
Жаутаң көздер жайнады... жымыңдасты!
Белін шешіп – ақсақал төрге шығып...
Үй сыртында... екі жас сыбырласты!...
1979 жыл. 26-наурыз. Өлгий шәрі.
ЖОЛЫҚТЫР, БАЛА КҮНІММЕН
(Элегия)
Жалаңаяқ, жалаңбұт,
Жар жағалай жүгірген,
ЖЫМДАРЫМ, менің, жетелеп,
Жолықтыр БАЛА КҮНІММЕН!
Ойнайын – көлдің бетіне,
Таспен «қаймақ жалатып!»
Бақырып бір жылайын,
Башпайымды қанатып.
Көбелек қуып көк белден,
Көш жерге ұзап кетейін.
Сарышұнақ аулап, шалдығып,
Кешке үйге әрең жетейін.
Тезегім қалып терілмей,
Жайған қозым жамырап,
Таяқ жейін Апамнан,
Ақылға түсіп азырақ.
Етегіне оралып,
Мұң шағайын Атама.
Жазғырып «жаман кемпірді»:
«Тиіспе, – десін, – ботама!»
Тізесіне сүйеніп,
Ертегісін тыңдайын.
Ағатайым әлден соң,
Сызылтсын жез сырнайын.
Сағынып Атам Алтайын,
«Ағажай» деп ән салсын.
Жасаурап көзі Апам да,
«Жалған-ай!» деп тамсансын.
Қара өлеңнің «қозысын»,
Көгенінен ағытып,
Атам мен Апам «жасарып»,
Бірін-бірі қағытып,
Әзілдесіп айтыссын,
«Бозбала» мен «Бойжеткен!»
Ауылдастар таңдансын:
«Керемет – деп, – ой, неткен!»
Сағыныштың не екенін,
Кәрі де, жас та сезінсін!
Түн ортасы ауғанда,
Екі Абызым көз ілсін.
Ортасында томпиып,
Мен де ұйықтап қалайын.
Қызық-қызық түс көріп,
Нұрлансын – сәби сарайым!
Жалаңаяқ, жалаңбұт,
Жар жағалай жүгірген,
ЖЫМДАРЫМ, менің, жетелеп,
Жолықтыр БАЛА КҮНІММЕН!
ҒҰМЫРЫҢ ҚҰЯР ҚҰРДЫМҒА
немесе
ШАЛ АЙТҚАН ШЫНДЫҚ
Басылмаған өзендей тасып әлі,
Асығады Адамдар, асығады.
Дабырласып,
Даурығып,
Дауласады,
Жауласады!
Жаңқадай шашылады!
Қауышады,
Қайтадан табысады,
Шер тарқатып, сырласып алысады.
Асығады тағы да алабұртып,
Жанұшыра жүгіріп жарысады.
Жасығаны жария, жабыққаны,
Жанар қарып қинайды ғаріп халі.
Ғасыр әні сан мәрте құбылса да,
Өліп-талып НАН табу – бар ұққаны!
...Оқшауланып осынау сабылыстан,
Дамыл тілеп жаныма жарым мысқал,
Бір орынға келіп ем қағаберіс,
Ұшырасты Шал – таяқ-талын ұстап!
Жапалақтай жарбиған жар басында,
Қыжым-қыжым Шал отыр дәл қасымда.
Қарбаласқа қым-қуыт қажи қарап,
Сиынады әредік Алласына!
Кенет... діріл үйіріліп қабағына,
Қарады да – таңданған жанарыма,
Бір нұсқа айтты, күмбірлеп:
– Е, қарағым,
Тарқап барады, өмірдің базары да.
Сарқылса, Өмір өзені, ағып-ағып,
Қала алмайды, еш пенде, жанын бағып!
Ішер суың кеткенше буға айналып,
Күйбеңдедік!
Сонда да жарымадық!
Шағылған соң тауаның – тауың құлап,
Аяса да, дос түгіл жауың жылап,
Топшысына оқ тиген кәрі Қыран,
Мүмкін емес самғауы, – сауығып ап!
Ірің шалған сүйектей кеміктеніп,
Сырыл алып өкпеңді, демік керіп,
Көрік-кеуде суынса, көрік кеміп,
Қалған ғұмыр – нақ тірі Өлік деп ұқ!
Жасың жетсе... жасанба!
Тоналасың!
Болады асың – быламық!
Жоғаласың!
«Бір күн жарық!» деп, босқа емексімей,
Торуылда ертерек Мола басын!
Сақал-мұртың сапсиып «өсіп-өнді»,
Оны күзей бересің несіне, енді.
Жылмағайлап, жылмитып қыра берме,
Қауіптенбе, болам деп «кесір өңді!».
Данышпансып,
Ділмарсып,
Ақылдымсып,
Қақылдама!
Сілеңді қатыр!
Тұншық!
Тақылдама балаңа, тақуасып,
Қатынға ұрсып, қағынба!
Қатын – қырсық!
Не қыласың – жаңа етік, бас киімді,
Қиялдай бер – жұмақтан «жақсы үйіңді!».
Елдің сөзін естіме! Көрме – ештеңе!
Көзді жұмып, тарта бер – таспиығыңды!
Бастан кешкен өмірің, ерлігіңді,
Ұғады деп ойлама ендігі Ұлды.
Енді қалған ғұмырдан «кемдікүнді»,
Парыз деп ұқ – санауға көндігуді!
Әзірлеп ал – ақырет кебініңді,
Зиратыңа зәру – тас, теміріңді.
Қаздырып қой көріңді – ренжітпей,
Өліміңде – ұлың мен келініңді!..
Татар дәмім қалғанда «түстік» қана,
Міне, осыны қалетсіз ұқтық, бала!
Шындығы осы – Өмірдің!
Бұған Сен де,
Дәт айтам деп дауласып «ыстықтама!»
Қайрат қайтты!
Қан суып, қажыр бітті!
Қамыққанмен қайырсыз, қазір, тіпті.
Сүйкімдірек Өмірдің сәулелерін,
Сағым жұтты!
Содан да жаным күпті!
«Қарттық» деген «кешілмес жазаны» алып,
Отырғанда, қайтемін мазаланып?!
Мынау – мың сан былыққа малтықпай-ақ,
Кетсем екен – Тозаққа таза жанып!..
* * *
Шырт түкіріп шатақ Шал барады ұзап,
Өмір менен Өлімді таразылап!
Шал – оңаша,
Мен – саяқ!
Ал, Басқалар,
Безектеп жүр – ізінде «Қара тұзақ!»...
КІЛЕМГЕ КӨШКЕН СЫР
Кілемдерді көргенде – кірлі еденге төселген,
Көңілсіз күй кештім, мен, – мұң саулап көз-кесемнен.
Үлпілдеген түгінен ізін көріп табанның,
Болдым, өзін көргендей – сезімсіз нас наданның.
Мұным, бәлкім, біреуге көрінер де оғаштау,
«Түсіндірер»:
«Тұрмысқа арналған, – деп, – о бастан!»
Рас! Рас!
Кілемдер – игілікке арналған!
Мен де осы пенделік, шыққан жоқпын, арнамнан.
Болса жай бір төсеніш – нем бар Сізбен арбасып,
Көп қой... көп қой ондайлар – жерде жатқан шаң басып!
Соза берсе сағыздай – болады ғой сөз ғайыл...
Көріп тұрмын кілемнен – қарындастың көз майын!
Әр өрнегі ой салып, тебіренем, толғанам,
Бір ғажайып сыр шертіп жатқан сынды, Ол, маған!
Қарындастың сүп-сүйрік, гүлдей нәзік қолынан,
Шыққан кілем бедері – толы толқын, соны ән!
Қара, менің көзіммен – оюларға зер салып,
Жүрегіңіз тулайды – кеуде кернеп өр шабыт!
Кілем емес, ол, бейне – ақ шағала хаттардай,
Сан бояулы өмірдің сазын сарнап жатқандай!
Ою-өрнек – арудың жанарындай ұялы,
Сезім-толқын дөңбекшіп, жөңкіледі күй-ағын!
Айшықталған «мүйіздер» – қасы – қарындастардың,
Қанатындай – ақтамақ асыл қарлығаштардың!
Кілемші қыз жалықпай, кірпік ілмей күн-түні,
Кестелеген сияқты – жүрегінің лүпілін!
Алуан арман...
Ой-орман...
Аңсау...
Тілек...
Сағыныш...
Жанартау сынды жүректің тереңіндегі жарылыс...
Ақыл-ойдың тұмасы...
Кіршіксіз ар...
Инабат...
Бәрі-бәрі кілемге сіңісіп, қалай сиған, ә?!
Махаббатпен әдіптеп бар өнерін арнаған,
Кілемінен шебердің сыр шертеді бар ғалам!
Қарындастың талдырмаш саусағының әр ізі,
Жазған жүрек-қаламмен ән сөздері тәрізді!
Біртін-біртін алыстап – балалық пен еркелік,
Махаббаттың алғашқы маздағына өртеніп,
Алаулаған арудың – балап балдай үмітке,
Орамалы сияқты – сыйлаған нар жігітке!
Сол киелі орамал қастерленбей кірлесе,
Пәк сезімді аяққа басқанын ол білмесе,
Бақытсыздық торына түскен аңқау арудың,
Аянышты көз жасы бір кесе емес мың кесе!
MalimBlocks

Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні
Желтоқсан айының 6-жұлдызы мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Осыған орай танымал ғалым, қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында естелік жазды.
ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ
Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.
АҚЫН САҒИ ЖИЕНБАЕВТЫҢ ЛИРИКАЛАРЫ
Сағи Жиенбаев 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Әдеби ортада мөлдір де сырлы лирикаларымен ерекше бағаланған. «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жазушы» баспасында қызмет еткен. Оның «Карлығаш», «Сыйлық», «Дала гүлі», «Теңіз сыры», «Таң алдында», «Менің көршім», «Кайырлы таң», «Ақ толқын», «Оркиік», «Алтын қалам», «Жадымдасың жас күнім», «Әлия», «Оймауыт», «Қуралай салқыны», «Бозторғай», «Іңкәр дүние», «Жарық жұлдыздар», «Нан мен тұз», «Жер құдіреті» т.б. жыр кітаптары жарық көрді.
АҚЫН ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ
Ғафу Қайырбеков 1928 жылы 15 тамызда Торғай өңірінде дүниеге келген. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Ол Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналында еңбек етті. «Дала қоңырауы» (1956) поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Қанатты жылдар» (1973) сияқты жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын оқырман қауым ілтипатпен қабылдады. Орыс пен әлем ақындарын, жазушыларын қазақша аударды.