Дархан Мыңбай: Аға - пейіл, іні - мейір болсайшы

Ханбибі Есенқарақызының жазған жырлары, прозалық туындылары мен естеліктері әдебиет әлемінде елеулі орын алады

Malim Админ

  • 12.12.2024

Биыл қазақтың өр мінезді қыздарының бірі, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы мерейлі 75 жасқа толып отыр. Қаламгерлер, жалпы зиялы қауым ақынды «Хан қызындай Хан апа» деп құрметтейді.   Ақынның мерейтойына орай  еліміздің әр аймағында шығармашылық кештер өткізіліп, халық ізгі лебізін жеткізуде. Қуанышты сәтке орай, қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың мақаласын ұсынуды жөн көрдік. 


Құлағы өзінен қырық жыл бұрын туатын ақыннан қырық жас кіші екенін өзгелер мойындап жүрсе, бәлкім, өмірде қателесу болмас па еді... Өйткені, Жаратқан иенің өзі шайыр бойына дарын, көкірегіне көз береді, қажет кезінде аузына намысты оятып, сезімді қозғайтын сөз де салады. Мәртебесі биік әрбір ақынның өз тағдыры, өз жолы, соқпағы бар. Оның сөз кестесі мен ой кестесі, көмейіне құйылған өлеңді оқу мәнері ешкімге ұқсамайды. Сондай талантты ақынның бірі - “Барыс” орденінің иегері, еліміздің төрт тарапына да сыйлы тұлға Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ. Биыл мерейлі белесіне орай ол туған өлкесінде әп-әдемі шығармашылық кештер өткізді. Жыл соңындағы қарбалас аяғымызға тұсау болып, қатыса алмадық.

Жұртты аузына қарата білетін тапқыр, қарсы келгенді ұтқыр сөзімен қалпақтай түсіретін ұлт ақының қалам қуаты туралы қанша жазса да көптік етпейді. Оның турасын айтып туғанына жақпай қалатын адами мінезінен бөлек өлеңіндегі мінез де айрықша. Мүмкін қалың оқырманға сонысымен ұнайтын шығар.

Шындығында, тұрмысқа шығып, дүниеге перзент әкеліп, жақсы тәрбие беріп, ана деген ардақты атты жоғары ұстайтын, қандай қызмет атқарса да шығармашылығын қатар алып жүретін ақын көп болса екен деп армандаймыз.

Әрине, олар қоғамда жан-жақты әрі нақты қолдау көруге тиіс. Екінші жағынан, жоғары білімді, шыншыл, өзіндік позициясы бар қыздар мен әйелдердің шығармашылығы елеусіз қалуы мүмкін емес. Бұл болашағымыз үшін, саналы ұрпақты ғана емес, ұлтымызды тәрбиелеу үшін аса маңызды.

Ханбибі Есенқарақызының жазған жырлары, прозалық туындылары мен естеліктері әдебиет әлемінде елеулі орын алады. Фариза ақын айтқандай, “Қазақ жыры кіріспесі Бұқар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибінің ақындық творчествосы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады”.

Оның жазған мақалалары мен сұхбаттары да көпшіліктің назарын аударып келеді. Қоғамдық ойды жазушы айтпаса кім айтпақ? Ол ақындығына қоса облыс деңгейінде іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде де танылды.

Мысалы, ғасырлар алмасып жатқан тұста Ш.Қалдаяқов атындағы филормония ұжымының тізгінін ұстап, қамын күйттеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. 1998 жылы тарихи ғимаратты жөндеуден өткізіп, оның алдына ұлы композитордың бюстін орнаттық. Қас беті жағына мемлекетіміздің гимні ретінде мойындалмай тұрған кездің өзінде-ақ “Менің Қазақстаным” әні нотасының барельефін орнатуды да бірге атқарған жайымыз бар.

Кейінірек ақын апамыз елімізде тұңғыш рет ашылған Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне басшылыққа ауысты. Тағдыр тауқыметін тартқан Алаш қайраткерлері мен әр кезеңде қилы саясаттың жазықсыз құрбаны болған арыстардың өмірін, түп-тұқиянын түгендеумен айналысты. Жыл сайын олардың ұрпағының басын қосып, конференция, тағылымды кеш өткізді. Қоғамдық істерге белсене араласты. Көмекке мұқтаж жастарға да жәрдемін аямады.
Ал ақынның табиғаты хақында:

“Біреуге атқан оққа
Кеудесін төсейді ақын.
Біреулер жаққан отқа
Қақталып есейді ақын.

Дауылға желкен еді,
Жоқ оның айбынары.
Өртесең - өртенеді,
Жылатсаң - қайғырады.

Қарасаң оқты көзбен,
Ілезде өзгереді,
Жұбатсаң тәтті сөзбен,
Баладай тез көнеді.

Жыр жаз деп зорлағанмен,
Шабытсыз самғай алмас.
Өзгені қорғағанмен,
Ол өзін қорғай алмас! - деп ой толғайды.

Архивтерден қазақ баспасөзіне қатысты тың материалдар тауып, тарихи Түркістан баспасөзін том-том кітап етіп шығарды.
Облыста руханият саласына қатысты талай іс-шараны бірлесіп ұйымдастырдық. Өйткені, мәдениеттің, әдебиет пен өнердің мәртебесін көтеру арқылы ғана қоғамдық сананы өзгертуге болатынына көзіміз жеткен.

Сондай бір жиында Ханбибі апай маған қарап тұрып, күтпеген жерден: "Дархан аға!.. “ - дегенде, қатты қысылғаным есімде. Санамызда: "Сіздей ақынға інілікке жарасақ, соның өзі тақиямызға тар келмес” деген адами ой да тұрды. Осы жағдайды артынша өзі тігісін жатқызып, былай түсіндірді: "Елге аға екендігі өтірік емес, ал мен елдің мәселесін айтқалы тұрмын”, - дегенде жұрттың күлкісі сол заматта сап тыйылған-ды.

Қандай жиында болсын ойындағысын аспай-саспай, бетің бар, жүзің бар демей батыл айтатын Ханбибі Есенқарақызын, оның шығармашылығын оңтүстік жұрты әрдайым мақтан тұтады.

Анда-санда телефонмен сөйлесе қалсақ, сөз арасында “аға” деп әдейі әзілдесе, сол әлгі оқиға жадымызда жаңғырып, жауапкершілігіміз еселенеді. Сөйтсек, сыпайылық таныту жағынан ол жалғыз емес екен. Жазушы қауымның, әдебиет әлемі өкілдерінің өткеніне көз жүгіртсеңіз, осынау жақсы дәстүр қаламгерлер арасында бұрыннан болыпты. Кезінде абыз ақын Әбу Сәрсенбаев өзінен отыз жас кіші Ізтай Мәмбетовке: “Әй, Із-аға!” - деп өзіне қаратса, ақын інісі ілтипатпен: ”Әу, Әбеке!” - дейді екен. Мұны көргендер де, естігендер де бар.

Әрине, бұл сыпайылық, өзара сый-құрмет болса керек. Өкінішке қарай, мұндай қазақи қасиет бүгінде азайып бара жатқандай. Сондай-ақ, жеті жас үлкендігіне қарамастан қазақтың бекзат ақыны, талантты аудармашы Қуандық Шаңғытбаевтың Шерхан Мұртазаға “Шераға!” деп газетке ресми хат жазғанын да мәлім. Бәлкім, бұл үрдіс тек шығармашыл жандардың, қаламгер қауымның бір-біріне деген ішкі ниеттестігінен, өзара ынтымақтастығынан туындап жататын тілектестік шығар. Қайтсе де, бірі бірінің дәрежесін көтермелеуі жарасымды көрінеді. Тағы бір оқиға еске оралады.

Шымкентте бір мерекелік дастархан басында жүргізуші білместікпен ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырзалиевтен бұрын одан екі жас кіші Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановқа сөз беріп қалды. Сонда халқымыздың сүйікті әншісі: "Қадекең отырған жерде өзге қазақ сөз бастамайды", - деп сөзді ағасына қарай бұрды.

Сонда мұндайды қалт жібермейтін Қадекең:
"Мынауың “Нұрекең отырған жерде басқа қазақ ән салмайды” дегенмен бірдей екен", - деп ризалығын жасырмады. Қандай сыйластық, тілеулестік десеңізші. Бірін бірі бағалай білудің өзі қандай ғанибет! Бұл - кейінгілер үлгі тұтарлық өнеге, жоралғы емес пе?

Шындығында, жақсы аға болу үшін әуелі жақсы іні бола білу керек. “Кішінің беретіні - сәлем” болса, сонысының өзін бұлдап, жасы үлкенді сыртынан мысқылдайтындар кейде бой көрсетіп қалады. Кезінде осыған байланысты “Жастарға” деген жырында Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы:

“Айла орнына ақылды жұмысталық,
Өтіріктің орнына шын ұсталық.
Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
Тура жолда тұрып-ақ тынысталық” - деп ақиқатын жазған еді.

Сондай-ақ, қолында билігі бар атқамінерлердің “осы ақын-жазушылардың тойы бітпейді” деп кіжінетінін де естіп қаламыз. Аға ұрпақтың салып кеткен дәстүрін үзіп тастамай, жалғастырғаны жөн деп ойлаймыз. Өйткені, халқымыз сөз өнерін, сөздің патшасы - өлеңді бәрінен жоғары бағалайды. Мұны арынды

Ханбибі ақын жырға былай қосқан:

“Шыр-шыр етіп, екі оттың арасына,
Түседі әркім қарап ап шамасына.
Өлең деген - ұлы дерт, - жармасады,
Таңдап барып адамзат баласына!”.

Шүкір, қазір елімізде алғаусыз ағалығы мен ілтипатты інілігі бар ақындар өсіп келеді. Ал талғампаз, талапшыл оқырман жаңа шығармалар, сапалы дүние күтеді. Ең бастысы - ақыны көп елдің жамандығы аз болады. Осыны ұмытпалық!

 

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері  

Байланысты жаналықтар

Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні

06.12.2024

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

13.11.2024

Кітап оқудың парқы

04.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Ақын Ханбибі Есенқарақызының өлеңдері

02.10.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024
MalimBlocks
Бүгін Әбіш Кекілбаевтың туған күні

Желтоқсан айының 6-жұлдызы мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Әбіш Кекілбаевтың туған күні. Осыған орай танымал ғалым, қоғам қайраткері, парламент сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында естелік жазды.

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

Кітап оқудың парқы

Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі.

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Ақын Ханбибі Есенқарақызының өлеңдері

Есенқарақызы Ханбибі 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастады. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тәмамдаған. 2003 жылдан облыстық саяси қуғынсүргін құрбандары мұражайының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.