Дархан Мыңбай: Сурет өнерінің де тарихы бар
Еліміздің 100 суретшісінің танымал еңбектерін арнайы шығарып, барлық мектептерге тарату қолға алынса құба құп

Кем дегенде қазақтың жүз суретшісін біліп өскен оқушы әлемге танымал өнер туындыларынан хабары болары хақ. Сондықтан, еліміздің 100 суретшісінің танымал еңбектерін арнайы шығарып, барлық мектептерге тарату қолға алынса құба құп болар еді. Мұны тиісті министрліктер мен Қазақстан Суретшілер одағына ұсыныс ретінде айтып отырмыз.
Өйткені, соңғы кезде ұлттық бейнелеу өнері жайында келелі мақалалардың, теле-радиохабарлардың, талдаулар мен арнайы зерттеулердің сиреп бара жатқандығы алаңдатады. Соның ішінде, белгілі кескіндеме, графика майталмандарының іргелі еңбектері ғана емес, заманауи суретшілердің тың жұмыстары мен ілкімді ізденістері де елеусіз қалып бара жатқандай. Оларға қоғамның көңіл бөліп, бет бұрғаны ауадай қажет деп ойлаймыз. Әйтпесе, мерейтой кезіндегі шағын хабар немесе жеке көрме кезіндегі бірлі-жарымды есеппен шектелу қалыптасқан жағдайды түзей алмайды. Суретші қауым көп уақытын сарп етіп, қаншама күндер мен түндер, айлар мен жылдар бойы еңбектеніп, дүниеге келтірген туындыларды кім бағалайды? Жалпы, жұртшылықтың шынайы талқысы, мамандардың, сарапшылар мен сыншылардың әділетті пікірі сан-салалы өнеріміздің өрісін кеңейтіп, дамытары сөзсіз.
Өткен замандарда, тіпті совет кезеңінің өзінде өнер саласын қолдауға қатысты қабылданған көзқарас пен жақсы дәстүрлер ұмытыла бастағаны өкінішті. Анығында, тарихшы ғалымдар да аталмыш саланы айналып өтпеген екен.
XVI ғасырда шығыстан шыққан атақты ғалым М.Х.Дулатидің “Тарих -и Рашиди” кітабында сурет өнерінің тарихы да сөз болады. Әсіресе, суретші Бекзада және оның шәкірттері салған көркем бейнелерге зор білгірлікпен жан-жақты талдау жасаған. Дулатидің музыка өнері, музыкалық аспаптар, оларды жетілдіре түсу жолдары жайындағы ғылыми ой-пікірлері де ерекше назар аударады.
Ол алғаш рет 1895 жылы Лондонда басылып шығыпты.
С.Асфендияров кейбір бөлімдерін қазақ тіліне аударып, 1969 жылы жарыққа шығарған.
Кез келген елдің тәуелсіздігін халқының өнері мен білімі бекемдей түседі. Сондықтан, өнер саласындағы қайраткерлер, соның ішінде қазіргі көрнекті тұлғалар мен ерекше талантты жастар туралы жарияланымдар, телехабарлар олардың өнегелі өмір жолы, алған білімі мен тәжірибесі, сіңірген еңбегі өзге замандастарын шабыттандырып, оларға рухани күш-жігер бере алады. Ол үшін отандық сурет өнерін, оның тарихын және болашағын білуге тиіспіз.
Фото: syrboyi.kz
MalimBlocks
