Жетісу облысында жүк пойызының машинисі теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, пойызды шұғыл тоқтатты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол желісінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
Пойыз сағатына шамамен 38 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқан кезде машинист теміржол бойымен жалғыз кетіп бара жатқан баланы көрген.
Ол бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосып, пойызды тоқтатқан. Кейін баланы локомотив кабинасына отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізген.
Айнабұлақ станциясына келген соң төрт жасар бала станция кезекшісіне тапсырылды. Кезекші оның ата-анасымен байланысқа шыққан.
Баланың теміржол маңындағы далада жалғыз қалай жүргені әзірге анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Құрық ауылы маңында ТЖМ құтқарушылары Каспий теңізінде жағадан шамамен бір шақырым қашыққа алыстап кеткен екі жасөспірімді құтқарған еді.