ҚазҰАЗУ-де 18 халықаралық зерттеу орталығы бар

Malim Админ

  • 30.09.2020

Биылғы жылы құрылғанына тоқсан жыл толып отырған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті еліміздегі аграрлық білімнің көшбасшысы болып табылады. Жақында ғана «зерттеу университеті» мәртебесін иеленген ҚазҰАЗУдың негізгі мақсаты -  ғылым мен өндірістің интеграциялануын жүзеге асыру, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді және ғылыми-техникалық жобаларды орындай отырып, жоғары білікті мамандарды даярлау.
Университет өз ресурстарын шоғырландыруды іске асыра отырып,  білім беру, ғылым, қарастырылып отырған саладағы еліміздің бәсекелестік қабілеттілігінің дамуына  әсер ететін аграрлық индустриалдық дамудың инновациялық ортасының өзара пісе қайнаған орталығына айналды.

Қазіргі кезде ҚазҰАЗУ әлемдік инновациялық технологияларды, озық білім мен ғылымды тарту және бейімдеу бағытына үлкен мән беруде. Осы мақсатта QS әлемдік рейтингте бірінші орын алатын Вагенинген Нидерланды зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алып отыр. Биыл ҚазҰАЗУ жанында Қазақ-Нидерланд Интенсивті бағы университеттің студенттері мен фермерлерге жеміс-жидек өсірудің қыр-сырын үйретеді. Интенсивті бақта алмұрт, алма, құлпынай, қасқыржем мен көкжидектің 40-қа жуық түрі отырғызылған. ҚазҰАЗУ жанындағы Қазақ-Нидерланд Интенсивті бағының негізгі мақсаты  - жеміс шаруашылығындағы барлық жетістіктерді сол жерде көрсету. Сонымен қатар жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін оқу бағдарламасына енгізу. Интенсивті бақта ерте көктемнен нидерландық әріптестермен бірге жеміс шаруашылығын ұйымдастыру бойынша семинарлар, тренингтер өткізіледі.

Университетте Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корей секілді жалпы саны 18 халықаралық зерттеу орталықтары бар. АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрлігімен және шетелдік банктердің қолдауымен ашылған халықаралық агротехнологиялық және инновациялық су хабы жұмыс істеп тұр. Тек биылғы жылдың өзінде университет жанынан сүт өнімдерінің референттік зертханасы және өсімдіктердің микроклоналдық көбеюі зертханасы сияқты екі ғылыми зерттеу зертханасы ашылды. Сүт өнімдерінің референттік зертханасының мақсаты Қазақстан Республикасында өндірілген немесе шет елдерден импортталатын сүт және сүт өнімдерінің сапасына тәуелсіз арбитраждық баға бере алатын тағам қауіпсіздігі саласындағы жоғарғы білікті мамандарды даярлау. Өсімдіктердің микроклоналдық көбеюі зертханасының мақсаты көкеністер мен жемістер өсірудің басым бағыттары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибеге бағытталған мамандарды даярлау.

Университет базасында құрылған Фермерлердің жоғары мектебі еліміздің агроөнеркәсіптік кешендерінің шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін Extension халықаралық моделі бойынша білім беру және консалтингтік қызмет көрсетіледі.

ҚазҰАЗУ Ректоры-Басқарма Төрағасы Есполов Тілектес Исабайұлы университеттің ендігі жерде әлемдік деңгейде өзіндік орнын иеленуін басты мақсат ретінде айқындап отыр. Биылғы жылы QS әлемдік рейтингінде ҚазҰАЗУ 591 орынды иеленді. Алдағы уақытта университет аталған рейтингте өз көрсеткіштерін жақсарту мақсатында үлкен жұмыстарды атқаруда. Келесі жылы ҚазҰАЗУнің Time Higher Education университеттердің әлемдік рейтингіне кіруі жоспарлануда. Ендігі жерде университетте шет елдік студенттерінің санын арттыру, шет елдерден жетекші ғалымдарды жұмысқа тарту сияқты мәселелерге мән берілмекші. Сонымен қатар, университет басшылығы профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынтасын арттыру бойынша ынталандыру, көтермелеу саясатын жүргізуде. Мысалы, жыл сайын университетте профессорлық-оқытушылық құрамның ішкі рейтингі жасалып, соның нәтижесінде үздіктер айқындалып, оларға материалдық қолдау көрсетіледі. Беделді ғылыми журналдарда мақала жариялаған ғалымдарды да ынталандыру да тиімді жолға қойылған. Профессорлық-оқытушылық құрамның ағылшын тілін меңгеріп, ағылшын тілінде сабақ жүргізу мәселесі де оңтайлы жолмен шешілуде, университет басшылығы ағылшын тілін меңгергендігін дәлелдейтін сертификат алған оқытушыларды да материалдық жағынан ынталандыруды жүзеге асыруда. Университет басшылығы пандемия кезінде де шет елдік әріптестермен байланысын жалғастырып, әртүрлі біріккен халықарарлық жобаларды қолға алуда. Соның бірі Оңтүстік Корей еліндегі әріптестермен бірлесе қолға алынған «Ақылды жылыжай» болып табылады. Қазіргі кезде «Ақылды жылыжайды» жоспарлау-сметалық құжаттары даярланып, үлкен дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы алғанда, еліміздің аграрлық ғылымы мен білімін дамытуда үлкен үлес қосып, көптеген білікті мамандар тәрбиелеп отырған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жаңа мақсаттарды айқындап, өзі иеленген жаңа мәртебеге сай жаңаша қарқынмен қызметін үйлестіруде. Біз алдағы уақытта университетіміздің әлемдік деңгейдегі жоғарғы оқу орны ретінде еліміздің беделін көтеріп, көптеген жаңа хаықарарлық ғылыми жобалардың жүзеге асырылатын орталығына айналатындығына бек сенімдіміз!

 Есбол ӨМІРЖАНОВ

ҚазҰАЗУ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры