Киевте Қытай тыңшылары тұтқындалды

Киевте әкелі-балалы Қытай тыңшылары құрықталды деп хабарлайды malim.kz тілшісі СБУ-ға (Украина Қауіпсіздік Қызметіне) сілтеме жасап.
Олар, Украинаның, теңіз нысандарына қарсы «Нептун» зымыран кешенінің құжаттарын әкетпек болған. СБУ хабарлауынша, бұл зымырандар Украина Қорғаныс Күштерінің бірегей қаруы, айталық, Ресей Қара теңіз флотының флагманы - «Москва» крейсері осы зымыранмен жойылған болатын.
Тергеу көрсеткендей, тыңшылардың бірі – Киевтегі техникалық ЖОО-лардың бірінің бұрынғы студенті. Ол оқу үлгерімінің нашарлығына байланысты оқудан шығарылса да, 2023 жылы Украинада қалып қойған. Екінші тыңшы – осы экс-студенттің әкесі екен. Ол Қытайда тұрады, бірақ ұлының агентуралық жұмыстарын үйлестіруге Украинаға ара-тұра барып тұрған.
Тергеу материалдарына сүйенсек, қытайлық студент «Нептун» зымыран кешенінің құпиясын алу үшін, осы қаруды жасауға қатысы бар Украина азаматын азғырмақ болған.
СБУ хабарлауынша, бұрынғы студент тура – құпия құжаттарды алу кезінде тұтқындалған. Одан кейін – сол құжаттарды алып кетуі керек болған әкесі де ұсталды. Украина заңнамасы бойынша, тыңшылар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
©Photo dw.com (Фото: Depositphotos/IMAGO)


Ең көп оқылған
