Украиналық дрондар алғаш рет Түмен облысына жетті

7 қазан, сейсенбіге қараған түні Түмен қаласында Антипино ықшамауданындағы бір кәсіпорын аумағында үш дрон табылып, залалсыздандырылды. Бұл туралы облыс үкіметі Telegram арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Билік мәліметінше, жарылыс та, өрт те болған жоқ, ешкім зардап шекпеген, көрші кәсіпорындардың жұмысы да тоқтамаған.
Дрондар туралы ақпарат жергілікті уақытпен сағат 23:00 шамасында төтенше қызметтерге түскен. Арнайы мамандар жарылғыш заттың детонациясын болдырмай, қауіптің алдын алған.
Бұл – Түмен облысына дрондар алғаш рет жасалған шабуыл. Аймақ билігі дрондардың украиналық екені немесе еместігі туралы нақты ақпарат бермеді. Түмен қаласы Украина шекарасынан шамамен 2000 шақырым қашықта орналасқан. Өз кезегінде украин әскері де Батыс Сібір аймағына шабуыл жасалғанын растамаған.
Украиналық Exilenova+ OSINT-жобасының дерегінше, шабуыл салдарынан Антипино ықшамауданындағы мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) зақымданған. Бұл — «Русинвест» компаниясына тиесілі Түмен мұнай өңдеу зауыты (бұрынғы Антипин мұнай өңдеу зауыты).
Кәсіпорын 2014 жылдан бері жұмыс істейді, жылына 1,2 миллион тонна мұнай өңдейді және негізінен дизель отынын, мазут пен битум өндіреді. 2020 жылдан бастап зауыт «Роснефть» кен орындарынан шикізат алатын жүйеге қосылған.
Фото: ukrin/dpa/picture alliance