Ресейдің Львовқа шабуылы. Германиялық депутаттар жертөлеге тығылуға мәжбүр болды

Германия Бундестагының депутаты, Солшыл партия мүшесі Дезире Бекер 5 қазан, жексенбі күні Ресей армиясының Львов қаласына жасаған ауқымды шабуылына куә болды. Ол бұл туралы сол күні кешке DW ақпарат агенттігіне телефон арқылы баяндап берді.
Депутаттар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысын және жарылыстарды естігенін айтты.
Парламентарий Львовта Роза Люксембург қоры ұйымдастырған сапар аясында жүрген. Делегация құрамында Финляндия мен Швециядан келген Еуропарламент депутаттары Юсси Сарамо мен Ханна Гедин, сондай-ақ Германия Бундестагының депутаттары Лея Райснер, Шарлотт Нойхойзер және Зада Салихович те болған.
Бекердің айтуынша, шабуыл салдарынан ол және басқа еуропалық делегация мүшелері қаланың орталығында орналасқан қонақ үйдің жертөлесінде таңғы сағат 3:50-ден 9:00-ге дейін бас сауғалауға мәжбүр болған. Депутаттың айтуынша, қонақүй шабуылдың нысанасы болмаған. Алайда дрондар мен зымырандардың дыбыстары бұл жерден анық естілген.
Жексенбі күні таңертең Львовтан кетіп бара жатқанда, делегация мүшелері тағы да ресейлік дрондардың дыбысын естіген. Қаладан шыға бере, олар шабуылдан зардап шеккен орындарды көрген. Солардың ішінде шабуыл салдарынан төрт адам қаза тапқан үй де болғанын депутат айтып берді.
Бекер Украинаға қару жеткізуге қарсы
Бекердің айтуынша, Ресейдің әуе шабуылының мақсаты Львовтың индустриялық паркі болған. Алайда оның маңындағы тұрғын үйлер де зардап шеккен. "Путин үшін жақын маңда азаматтық инфрақұрылым бар ма, жоқ па — бәрібір. Ол мұндайды елемейді", — деп ашуланды депутат.
Бекер осындай жағдайды бірінші рет бастан кешіріп отырғанын айтты. "Мұндай шабуылдар ешқашан қалыпты жағдайға айналмауға тиіс. Бірақ Украина тұрғындары үшін бұл баяғыда қалыпты өмірге айналып кеткен", — деді ол.
Осы оқиғаны бастан өткергеніне қарамастан, Бекер Германиядан Украинаға қару-жарақ жеткізуге қарсы екенін тағы да айтты. "Бұл шабуыл бізге тек бір нәрсені көрсетіп отыр — біз барлық мүмкін жолдарды қолданып, қару үнін өшіріп, бұл соғысты тоқтатуға тырысуымыз керек", — деді ол.
"Мен украиндар күн сайын өмір сүріп жатқан шынайылықтың бір сәтін ғана бастан өткердім. Мен мұндай жағдайда өмір сүрмеймін және үйге қайтып кете аламын", — деді ол. — "Алайда бұл оқиға мені көбірек бомба мен зымыран керек екен деген ойға итермелемейді. Қайта, бізге мүмкіндігінше тезірек оқ атуды тоқтату қажет. Ал бұған диалог пен келіссөздер арқылы ғана қол жеткізуге болады".
Фото: dts-Agentur/picture alliance