Астанада алимент өндірудің жаңа тәсілдерін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Malim.kz.
«Бұл тәсіл тек мәжбүрлеу шараларын қолдануға ғана емес, сонымен қатар қарыздың пайда болу себептерін жоюға бағытталады. Ұсынылып отырған әдіс профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, психологиялық ықпал ету тетіктерін қолдануды, проблемалы отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеуді, сондай-ақ борышкерлерді ресми жұмысқа орналасуға және жауапты ата-ана болуға ынталандыруды көздейді», – деп түсіндірді елорда прокуратурасының атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Серік Бегежанов.
Оның айтуынша, атқарушылық өндіріс саласына психология элементтерін енгізу алимент төлеуден жалтарудың себептеріне тиімді әсер етіп, проблемалы істердің санын азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, оның мәліметінше, соңғы бес жылда алиментті жүйелі түрде төлемеген 667 борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2,5 млрд теңге қарыз өндіріліп, сондай-ақ борышкерлердің 331 мүлкі қарызды өтеу есебінде өндіріп алушыларға берілді. Жүргізілген жұмыстардың арқасында шамамен 15 мың кәмелетке толмаған баланың құқығы қорғалды. Тек биылдың өзінде ҚР ҚК-нің 139-бабы – “Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу міндеттерін орындамау” бойынша 26 сотқа дейінгі тергеу басталып, оның ішінде үш борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды», – деді Бегежанов.
Спикер алимент төлеуден жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылғанын, тіпті екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы барын еске салды.