Танымал актриса әрі продюсер Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Instagram желісінде жариялаған видеода үлкен қызы Әдеміні әуежайдан қарсы алған сәті көрсетілген. Видеода Мөлдірдің қызына деген сағынышы мен қуанышы анық байқалады.
"Бұл қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмай тұрмын. Әдемогым аман-есен үйге жетті. Әлемде тыныштық болсын!" – деп жазды Мөлдір Мұқан.
Қызын қарсы алуға оның әкесі, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов та келген. Ол да әлеуметтік желіде қызының аман-есен жеткеніне қуанып, жылы лебізін білдірді.
"Аллаға шүкір, аман-есен келуіңмен, жаным", – деп жазды Тұрсынбек Қабатов.
Айта кетейік, бұған дейін Мөлдір Мұқан Тұрсынбек Қабатовпен ажырасу жайлы алғаш рет ашық айтып, бұл шешімнің қалай қабылданғанын баяндаған болатын. Ол бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында бөліскен.
Продюсердің айтуынша, отбасын сақтап қалу үшін ұзақ уақыт бойы күрескен. Алайда барлық әрекетке қарамастан, некелері сақталмай қалған.
"Он төрт жылға созылудың себебі – үзілмеген үміт. Бес балам бар, сондықтан отбасымның бұзылғанын қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен "Сонымен не істейміз, ажырасамыз ба?" деген смс келді. Ол бірінші қадамды мен жасағанымды қалаған сияқты. Сөйтіп, бірінші болып арыз жазуға тура келді", – деген еді ол.
Мөлдір Мұқанның сөзінше, уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас суып, арадағы түсіністік азая бастаған.
"Маған өте ауыр болды. Жүрегім қан жылады. Ол кезде "Біз қалай ажырасамыз, бәрін бірге жасадық қой" деген сөздері мені тоқтататын. Бірақ кейін ол үйден жиі кетіп қалатын болды", – деп еске алды әнші.
Соған қарамастан, продюсер бұрынғы күйеуі туралы жылы пікір айтып, Тұрсынбек Қабатовтың жақсы әке екенін атап өтті. Дегенмен, олардың арасындағы мәселелер шешілмеген күйінде қалып, ақыры ажырасуға алып келген.
"Тұрсынбек – жақсы әке. Бірақ мен өзімді күйеуі бар адаммын ба, жоқпын ба – соны түсінбей қалдым. Бұл тек біздің тағдырымыз емес, балаларымыздың өміріне де әсер етті. Сол себепті осындай шешім қабылдауға тура келді", – деді Мөлдір Мұқан.