Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтіп жатыр.
Бұл жиынға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения вице-премьері Мгер Григорян келді.
Биыл Қазақстан Республикасы ЕАЭО органдарына төрағалық етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 31 желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларына жолдаған үндеуінде Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтарын айқындайды.
Олар: жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы ретінде дамыту, ЕАЭО логистикалық кеңістігінің әлеуетін пайдалану, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді қысқарту және үшінші елдермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.
Қазақстан Республикасының төрағалығы аясында 2026 жылғы 28–29 мамыр күндері Астана қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы мен Еуразиялық экономикалық форумын өткізу жоспарланған.
Жалпы алғанда, Қазақстан ЕАЭО құқығында бекітілген орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы негізгі мақсаттар мен қағидаттарды жүйелі әрі дәйекті түрде іске асыруды жалғастыруға ниетті.