Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекара бекеті маңында қатарынан екінші түн белгісіз ұшу нысандары байқалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде куәгерлердің хабарламалары жарияланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Uralsk_week_media мәліметінше, жергілікті тұрғындар аспанда онға жуық дронға ұқсас аппаратты көргендерін айтқан. Олардың сөзінше, нысандар Ресейдің Самара облысы тарапынан ұшып келіп, шекарадағы өткізу бекеті мен застава үстінен өткен.
Куәгерлердің бірі мұндай жағдайдың алғаш рет емес екенін айтып, шекарашылардың да ұшып жүрген аппараттардың кімге тиесілі екенін білмейтінін жеткізген.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ведомство ел аумағында әуе кеңістігін бұзу дерегі тіркелмегенін хабарлады.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысының аспанында белгісіз нысандар байқалғаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр және жағдай құзырлы органдардың бақылауында.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге, расталмаған хабарламаларды таратпауға шақырды.
Қазіргі уақытта байқалған нысандардың нақты ұшқышсыз аппарат екені ресми түрде дәлелденген жоқ. Олардың Қазақстан аумағына кірмей, шекара маңында ұшуы мүмкін деген болжам да айтылып отыр. Оқиғаға қатысты талқылаулар әлеуметтік желілерде жалғасуда.