АҚШ әкімшілігінің Гренландияға қатысты қатаң мәлімдемелері аясында Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері Вашингтонда АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады Kazinform.
Ақпаратқа сәйкес, Ақ үйде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Данияның Сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен және Гренландияның сыртқы істер ведомствосының басшысы Вивиан Мотцфельдтпен келіссөз жүргізген. Кездесуде жартылай автономды аумақ саналатын Гренландияның болашағы талқыланған. Алайда тараптар келіссөз қорытындысы туралы әзірге ресми мәлімет берген жоқ, деп жазады CBS News.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық маңызы бар әрі пайдалы қазбаларға бай Гренландия АҚШ қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, арал Ресей немесе Қытайдың бақылауына өтіп кетпеуі үшін Америка оған иелік етуі тиіс.
Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында кездесуге бірнеше сағат қалғанда Гренландияның «Алтын күмбез» деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі үшін шешуші рөл атқаратынын атап өткен.
Ал Гренландия мен Дания билігі аралдың сатылмайтынын, күш қолдану жөніндегі мәлімдемелерді жауапсыз деп санайтынын және қауіпсіздік мәселелері одақтастар арасында шешілуі тиіс екенін мәлімдеді. Еуропалық одақ елдері де бұл мәселеде Данияны қолдады.
Сарапшылардың пікірінше, Вашингтондағы кездесудің басты мақсаты – шиеленісті ушықтырмай, дипломатиялық жолмен шешім табу. Бұл туралы Denipt басылымы хабарлайды.
Норвегияның Осло қаласындағы Фритьоф Нансен институтының Арктика және теңіз саясаты жөніндегі зерттеу директоры Андреас Остхагеннің айтуынша, түпкі мақсат – тараптарды қанағаттандыратын қандай да бір ымыраға келу немесе, ең болмағанда, Дональд Трамптың қатаң риторикасын жұмсарту.
Дания мен Гренландия бастапқыда Марко Рубиомен кездесіп, НАТО аясындағы екі одақтас арасындағы дағдарысты реттеу жолдарын талқылауды көздеген.
Сонымен қатар гренландиялық басшылардың ұстанымында өзгеріс байқалады. Бұған дейін олар Гренландияның тәуелсіздікке бет алғанын жиі айтса, қазір жария мәлімдемелерінде Даниямен бірлікті сақтауға көбірек мән беріп отыр.
Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен қазіргі жағдайда өзін-өзі анықтау құқығын тәуекелге тігуге болмайтынын атап өтті.