Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары кезінде «Медеу» биік тау спорт кешеніне барып, жүргізіліп жатқан жаңғырту барысын көрді. Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыру барысында аңызға айналған мұз айдынының тарихи келбеті толық сақталады.
Жаңарту шеңберінде кешен халықаралық талаптарға сай қайта жасалып, энергия тиімділігі жоғары технологиялар қолданылады. Атап айтқанда, жаңа тоңазытқыш жүйесі орнатылып, барлық инженерлік инфрақұрылым толық жаңартылады.

Шығыс бөлігіндегі қонақ үй қайта жөнделіп, батыс трибунада демалыс аймағы мен кофеханалар ашылады. Сонымен қатар, жерасты автотұрақтың үстінде «SUN-DECK» деп аталатын ашық демалыс кеңістігі салынбақ.

Кешен аумағында жаяу жүргінші аймақтары, шолу алаңдары, панорамалық нүктелер, көгалдандыру және сәулеттік жарықтандыру көзделген. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған екі лифт те орнату қарастырылған.
Жаңғырту жұмыстары 2027 жылдың төртінші тоқсанына дейін аяқталуы жоспарланып отыр.