freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Перденің артында пышақ ұстап тұрды": Мұхтар Шахановты кім өлтірмек болды? (ВИДЕО)

Қоғам
"Перденің артында пышақ ұстап тұрды": Мұхтар Шахановты кім өлтірмек болды? (ВИДЕО)
Malim.kz коллажы

Адвокат Мейірман Шекеев қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың 40 күндік асына қатысып, оның ұлт мүддесі жолындағы күресі туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Шекеевтің сөзінше, Мұхтар Шаханов көпшілікке ақын, композитор және қоғам қайраткері ретінде танылғанымен, оның өміріндегі басты ұстаным қазақ халқының мүддесін қорғау болған.

Мейірман Шекеев ақынның жары Ханшайым апайдың айтқан естелігін келтіріп, Шахановтың Мәскеуге барған сапарларының бірінде болған оқиғаға тоқталды. Оның айтуынша, сол кезде ақын сырқаттанып қалып, оған Кремль ауруханасына жату ұсынылған. Алайда белгісіз бір адам телефон шалып, бұл ауруханаға түссе, аман шығуы екіталай болуы мүмкін екенін ескерткен. Осыдан кейін Мұхтар Шаханов Қазақстанға шұғыл оралып, қауіптің алдын алған көрінеді.

Мейірман Шекеев тағы бір оқиғаны да айтып берді. Оның сөзінше, Мұхтар Шаханов Алматыдағы №7 ауруханада жатқан кезде түн ішінде перденің артында пышақ ұстаған адамның сұлбасын байқаған. Адвокат мұндай жағдайлар ақынның өмірінде түрлі қауіп-қатер болғанын көрсетуі мүмкін екенін айтты.

Шекеевтің пайымынша, осындай қысымдар мен қауіптер кейін Мұхтар Шахановтың Қырғызстанға елші болып баруына да әсер еткен болуы ықтимал.

Адвокат ақын қандай қиындыққа тап болса да, ұлттық мүддеге қатысты көзқарасынан бас тартпағанын атап өтті. Оның айтуынша, Мұхтар Шаханов қазақ тілі, ұлттық сана, елдік және руханият мәселелерінде әрдайым ашық сөйлеп, батыл ұстаным танытқан.

"Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде бекітілуі жолында Мұхтар ағаның еңбегі ерекше. Ол өз ойын бүкпей айтып, ұлт мүддесін қорғауда үлкен қайсарлық көрсетті", – деді Мейірман Шекеев.

Еске сала кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның соңғы аманаты орындалып, ол туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерленді. 

Сондай-ақ Алматыдағы ең ірі көшелердің бірі саналатын Розыбакиев көшесіне жақында дүниеден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы ұсыныс қоғамда кеңінен талқыланды. Осы бастамаға қатысты белгілі заңгер Мейірман Шекеев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы үндеу жолдап, көпшілікті бұл идеяны қолдауға шақырған.

Мұхтар Шаханов кім?

Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиеті мен қоғамдық ойының дамуына айрықша үлес қосқан көрнекті ақын, қаламгер және қоғам қайраткері. Ол 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Әдебиет пен журналистика саласында ұзақ жыл еңбек етіп, "Жалын" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы сияқты жауапты қызметтер атқарды.

Мұхтар Шаханов тек шығармашылықпен шектелмей, елдік мәселелерге де белсене араласты. Ол КСРО және Қазақстан Парламентінде депутат болып, ұлттық мүдде, тіл тағдыры, руханият және тарихи санаға қатысты маңызды мәселелерді көтерді. 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

Ақынның шығармалары қазақ әдебиетінің бағалы мұрасына айналды. Оның өлеңдері терең ойымен, азаматтық үнімен және ұлттық рухты асқақтататын қуатымен ерекшеленеді. Шаханов поэзиясында адамгершілік, ар-намыс, адалдық, тіл, ұлт тағдыры, тарихи жады секілді өзекті тақырыптар кеңінен көрініс тапты.

Мұхтар Шаханов көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. Ол Қазақстанда ғана емес, тұтас түркі әлемінде танылған тұлға ретінде бағаланды. Ақынның қайсар мінезі, ұлт мүддесі жолындағы табандылығы және мол әдеби мұрасы халық жадында сақтала береді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу