Қазақстанда борышкерлердің банктік шоттарына тыйым салу тәртібі өзгереді. Енді шот толықтай бұғатталмай, тек берешек сомасы көлемінде ғана шектеу қойылады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, бұл жаңашылдық азаматтардан түскен көптеген шағымнан кейін енгізіліп отыр. Бұған дейін тіпті аз ғана қарыз немесе айыппұл болған жағдайда, банктер шоттағы барлық қаражатқа қолжетімділікті толық жауып тастайтын.
«Жүйе жеке сот орындаушысы тек қарыз сомасы шегінде ғана тыйым сала алатындай етіп жетілдірілді. Енді шоттар толық бұғатталмайды», - деді Бекболат Молдабеков.
Әділет министрлігінің мәліметінше, өзгерістер екінші деңгейлі банктермен бірлесіп енгізіліп жатыр. Тиісті хабарламалар жолданған, енді бұл тетік жақын уақытта іс жүзінде қолданысқа енгізіледі.
Аталған реформаны талқылау 2023 жылы басталған болатын. Себебі қолданыстағы өндіріп алу жүйесі сарапшылар мен азаматтардың сынына ұшырап, борышкерлерге шамадан тыс шектеу қояды деген пікірлер айтылған. Көп жағдайда адамдар күнделікті қажеттіліктеріне жұмсайтын қаражатына да қол жеткізе алмай қалған.
Сонымен қатар бұған дейін 2026 жылғы 19 наурыздан бастап Қазақстан азаматтарына ломбардтар алдындағы берешегі болса да, соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға мүмкіндік берілетіні белгілі болған еді.
Бұрын соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіну үшін азамат банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлар алдындағы қарызын кемінде 12 ай төлемеуі керек болатын. Ал ломбард алдындағы қарыздар да есепке алынғанымен, олардың ерекшелігі ескерілмеген. Себебі ломбард несиелері толықтай кепілмен қамтамасыз етіледі және қарыз өтелмеген жағдайда кепілдегі мүлік ломбард тарапынан өздігінен сатылады. Осыған байланысты ломбардта белсенді несиесі бар азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінен жиі шеттетіліп келген.