Украина Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Георгий Тихий Ресейдің Новороссийск қаласында Қазақстан мұнайын тасымалдауға арналған Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) нысанына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан тарапынан наразылыққа жауап берді. Бұл туралы malim.kz тілшісі ҚазТАГ басылымына сілтеп хабарлайды.
«Украина әрекеттері Қазақстанға қарсы бағытталмаған»
— «Украина КТК инфрақұрылымына қатысты Қазақстан Республикасының алаңдауын назарға алды. Алайда, украин тарапынан жасалған ешбір әрекет Қазақстанға немесе үшінші елдерге қарсы емес. Біздің барлық күш-жігеріміз БҰҰ Жарғысының 51-бабында бекітілген өзін-өзі қорғау құқығы негізінде Ресейдің ауқымды агрессиясын тойтаруға бағытталған», —
деді Тихий.
Оның айтуынша, Украинаның қорғаныс күштері стратегиялық негізделген операциялар аясында агрессордың әскери-өнеркәсіптік әлеуетін әлсіретуге, оның соғыс жүргізу мүмкіндігін шектеуге әрекет етіп отыр.
«Қара теңіз аймағындағы тұрақсыздықтың жалғыз себебі — Ресей»
Тихий сонымен бірге, Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздікке төнген басты қауіп — Ресейдің агрессиялық әрекеттері екенін атап өтті.
Бұған қоса, Украина СІМ өкілі Қазақстанның бұған дейін Ресейдің Украинадағы азаматтық нысандарға жасаған шабуылдарын айыптамағанын да еске салды.
— «Қазақстанның Ресей тарапынан Украинаның азаматтық инфрақұрылымына, тұрғын үйлеріне, энергетикалық жүйесіне жасалған шабуылдарды айыптаған ресми мәлімдемелерін байқамадық. Мысалы, екі күн бұрын Ресей тоғыз сағат бойы зымырандық-дрондық соққылар жасап, бейбіт тұрғындар қаза тапты, кемінде 500 мың киевтік пен 100 мыңнан астам облыс тұрғыны жарықсыз қалды», —
деді ол.
Сөзінің соңында, Тихий Украинаның Қазақстанмен достық және прагматикалық қатынастарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
— «Біз қазақ халқына деген құрметіміздің өзгермейтінін және мемлекеттеріміз арасындағы тарихи байланыстар деңгейіне сай қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенімізді растаймыз», —
деді дипломат.
29 қараша күні таңертең казахстандық мұнайды тасымалдауға арналған КҚК-ның теңіздегі айлақ құрылғысы дрондар шабуылынан көп зақым алды. Оқиға Қазақстан билігінің ерекше бақылауына алынған. Бұған дейін КҚК теңіз терминалының әкімшілік ғимараты да дрондармен атқыланған еді.
30 қарашада Қазақстан СІМ КҚК нысанына жасалған шабуылға байланысты Украинаға ресми наразылық нотасын жолдады.