Қазақ киносының жауһарларының бірі саналатын "Менің атым – Қожа" фильмі ХХ ғасырдың 60-жылдарында түсірілгенімен, әлі күнге дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Көпшілік біле бермейтін қызық жайттың бірі – фильмдегі басты кейіпкер Қожаның дауысы актер Нұрлан Сегізбаевтың өз дауысы емес, деп жазады Malim.kz.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Нұрлан Сегізбаев бала кезінде, нақтырақ айтқанда 8-сыныпқа дейін "р" мен "л" дыбыстарын анық айта алмаған. Осы себепті фильм екі тілде дыбысталған кезде де актердің өз дауысы пайдаланылмапты. Орыс тіліндегі нұсқада Қожаны мәскеулік актриса Марина Виноградова сөйлетсе, қазақ тілінде кейіпкерге дауыс берген – актриса Фарида Шәріпова.

Фильм 1963 жылы жарық көргенін ескерсек, сол кезеңде Фарида Шәріпова небәрі 27 жаста болған. Демек, көрермен сүйіп тыңдайтын бала Қожаның үні шын мәнінде жас әйелдің дауысы болып шыққан.
Фарида Шәріпованың дауысын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева "алтын дауыс" деп бағалаған. Оның айтуынша, "Менің атым – Қожа" фильміндегі дауыс арқылы-ақ актрисаның талантын аңғаруға болады.
"Өкініштісі, Фарида апайды қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Алтын дауыс иесі еді ғой! Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым – Қожа" атты киносын баршамыз жақсы білеміз. Осы фильмдегі Қожаның дауысын Фарида апай орындайды. Міне, қараңыз, содан-ақ оның қандай талантты актриса болғанын бағамдауға болады", – деген екен Ғазиза Әбдінәбиева.

Фарида Шәріпова 1936 жылы 16 желтоқсанда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Шәуешек қаласында дүниеге келген. Ол Қытай киностудиясы түсірген "Хасен-Жәмила" фильмінде басты рөлді сомдап, өнерімен көзге түскен. 1955 жылы Қазақстанға оралып, 1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған. Кейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына қабылданып, жарты ғасырдан астам уақыт осы сахнада еңбек етті.
Фарида Шәріпова дубляж саласында да өлшеусіз үлес қосып, ел ішінде "дубляж патшайымы" атанды. Қытайдан келген кезде орыс тілін жетік білмеген актриса тілді кітап жаттау, интонация мен сөйлеу мәнерін қайталау арқылы меңгерген. Осы қажырлы еңбектің арқасында ол қазақ киносының ең мықты дыбыс шеберлерінің біріне айналды.