Танымал актриса әрі продюсер Мөлдір Мұқан желідегі парақшасында жаңа жазбасын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Мөлдір Мұқан Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялаған видеосында үлкен қызы Әдеміні әуежайдан күтіп алған сәтін көруге болады.
"Бұл қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмай тұрмын. Адемогым аман-есен үйге жетті. Әлемде тыныштық болсын!" – деп жазды Мөлдір Мұқан.
Бұған дейін Мөлдір Мұқан әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен ажырасу туралы алғаш рет ашық айтып, бұл шешімге қалай келгенін бөліскен еді. Өнер иесі бұл жайында журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында баяндаған. Оның айтуынша, отбасын сақтап қалу үшін ұзақ жылдар бойы тырысқанымен, ақыры ажырасуға мәжбүр болған.
Мөлдір Мұқанның сөзінше, олардың некесінің ұзақ уақытқа созылуына басты себеп – үміттің үзілмеуі.
"Он төрт жылға созылудың себебі – үзілмеген үміт. Бес балам бар, сондықтан отбасымның бұзылғанын қаламадым. Бір күні Тұрсынбектен "Сонымен не істейміз, ажырасамыз ба?" деген смс келді. Ол бірінші қадамды мен жасағанымды қалаған сияқты. Мен оны бес саусағымдай білемін. Сөйтіп, бірінші арыз жазуға тура келді", – деді ол.
Продюсердің айтуынша, уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас салқындап, арадағы үнсіздік күшейген.
"Маған өте ауыр болды. Жүрегім қан жылады. Сол кезде ол "Біз қалай ажырасамыз, бәрін бірге жасадық қой" деді. Басында сол сөздер мені ұстап қалатын. Бірақ кейін ол үйден жиі кетіп қалатын болды", – деп еске алды әнші.
Соған қарамастан, Мөлдір Мұқан бұрынғы күйеуіне қатысты жылы пікір білдіріп, оның балаларға қамқор әке екенін атап өтті. Алайда ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік ақыры шешілмеген.
"Тұрсынбек – жақсы әке. Бірақ мен өзімді күйеуі бар адаммын ба, жоқпын ба – соны түсінбей қалдым. Бұл тек біздің тағдырымыз емес, балаларымыздың өміріне де әсер етті. Сол себепті осындай шешім қабылдауға тура келді", – деді продюсер.