Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге белгі қойылды

Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге Қарсақпай кентінде белгі қойылғанын Facebook парақшасында хабарлады.
«Қарсақпай кенті кезінде еліміздің өндіріс ошағы болып, өңіріміздің орталығы болды. Талай азаматтар Қарсақпайда қызмет жолын бастаған. Ендігі жылы соларға арналған арнайы аллея жасалады. Ілияс Есенберлин Қарсақпай аудандық партия комитетінің инструкторы болып қызмет жолын бастаған. Әбділдә Тәжібаев газет редакторы қызметін атқарған. Ал Алаш көсемі Әлиханның ұлы Үгедей институт бітіріп, Қ.И.Сәтпаевтың шақыруымен Қарсақпайда 1930-1935 жылдары геолог-инженер болып қызмет жасаған. Кейін "халық жауының" баласы ретінде сотталып кетті. Тарихи әділеттік болсын деп, биыл Үгедей Әлиханұлына арнайы белгі қойдық. Елімізге қызмет еткен арыстарымызды құрметтейік!» деп жазады әкім Б.Әбдіғалиұлы.
MalimBlocks

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан
«Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – қазақ тарихындағы ірі тұлға, публицист, ғалым, аудармашы. Ол ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларын біріктіріп, ұлттыө мүддені қолдайтын топ ұйымдастырды, қазақты оқу-білімге ынталандырды, орыс зиялыларының арасында беделі ерекше жоғары болды.