KeshYou «Қайратқа» арнап ән шығарды

Қазақстандық продюсер Баян Алагөзованың жетекшілігіндегі KeshYou тобы алматылық «Қайрат» клубына қолдау білдіріп, арнайы ән жазды. Жаңа туынды топтың ресми парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Malim.kz.
Футбол алаңында түсірілген бейнебаянда қыздар клубтың дәстүрлі қара-сары түстеріндегі образда бой көрсетеді.
Әннің мәтінінде де жеңіске деген жігерлі рух айқын сезіледі:
«Тербеткен мені ел бесік,
Қазақтың даласы есті.
Жүрегім сап-сары, көздерім қап-қара,
Бұл түстер маған үйлеседі.
Орталық бәріне дайын,
Аталар бізді қолдайды.
Енді мен мың өліп, мың тірілсем де,
Жеңіссіз үйге қайтпаймын.
Алдыңда жігіттер, білесің „Қайратты“,
Көтерем бүгін ел көк-сары байрақты.
Алатаудан биік ұшқан,
Қырандар келеді, шулатып аймақты».
Жаңа туынды жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір қалдырды:
– «Креативті шыққан! Сөздері де, образдары да ұнады. Қызық, мәтінді кім жазған екен?»– «„Қайрат! Айырад!“ деген ұран қосылса, тіпті әсерлі болар еді»
– «Қолдау шынымен мықты»
– «Өзім „Ақтөбенің“ жанкүйері болсам да, Қазақстан атынан әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген „Қайратқа“ жеңіс тілеймін! Біз бөлінбейік, бәріміз бір қазақпыз!»
– «Осыдан кейін „Қайрат“ міндетті түрде жеңуі тиіс» деген пікірлер жазылды.
Фото: видеодан скрин