Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

«Тақиялы періште» фильміне түскен актриса: Шәкен Айманов киноға қарнымды ашып түсуді ұсынды

Мәдениет
«Тақиялы періште» фильміне түскен актриса: Шәкен Айманов киноға қарнымды ашып түсуді ұсынды

Биыл қазақ киносының алтын қорына енген, әйгілі режиссер Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» фильміне 58 жыл толды. Халықтың сүйікті туындысына айналған бұл фильмдегі көп сұлудың бірі – Сәуле Жүнісова бүгінде Ақмола облысы, Көкшетау қаласында тұрады. Ол киноға түскен күндерін сағынышпен еске алып, сол кезеңдегі қызықты оқиғаларымен бөлісті, - деп хабарлайды Malim.kz "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасына сілтеме жасап. 

«Тақиялы періште» фильмі 1967 жылы түсірілген. Сол кезде Сәуле Жүнісова эстрадалық-цирк студиясының бірінші курс студенті болған. Кинодағы небәрі бір шағын эпизодтың өзі бір апта бойы таспаланыпты.
«Кино түсірудің қаншалықты қиын екенін сол кезде алғаш рет сезіндім», – дейді ол.

Акробатикалық өнерден киноға дейін

Сәуле Жүнісова Зеренді ауданына қарасты Қызылсая ауылында өсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Қапаш Құлышевамен бірге оқыған. Екеуі 1966 жылы Алматыға оқуға аттанады. Қапаш эстрадалық бөлімге түссе, Сәуле акробатикалық этюдке қызығып, цирк өнерін таңдаған.

Оның айтуынша, акробатикаға қызығушылығы ауылға келген гастрольдік әртістерден басталған.
«Үйге келіп, апамның құс төсегін төсеп алып, мостик жасап көріп, басымды да ауыртқаным бар», – деп еске алады ол.

Шәкен Аймановпен жұмыс

Фильм түсірілімі кезінде режиссер Шәкен Аймановтың талапшылдығы ерекше болған. Бір көріністе Сәулеге би кезінде ішін ашу ұсынылады. Алайда ол бұған үзілді-кесілді қарсы шығады.
«Мен ауылдың қызымын, атам мен апам бар, ел не дейді?» – деп бас тартқанын жасырмайды.

Бұл сәтте әнші Ермек Серкебаев та Сәулені қолдап, режиссерге оның уәжін дұрыс деп тапқан. Нәтижесінде көрініс өзгертіліп, фильм бір сериямен шектелген.

Сәуле Жүнісова сол фильмде Әмина Өмірзақова, Бикен Римова сынды қазақ өнерінің саңлақтарымен бірге ойнағанын зор мақтанышпен айтады.

Қаламақы мен орындалмаған мүмкіндік

Фильмге түскені үшін Сәуле Жүнісоваға 90 сом қаламақы төленген. Ол кездегі орташа айлық 100 сом екенін ескерсек, студент үшін бұл қомақты қаражат еді. Ал стипендиясы небәрі 40 сом болған.

Шәкен Айманов кейін оны «Найзатас баурайында» фильміне шақырғанымен, отбасылық жағдайға байланысты Сәуле оқуын жалғастыра алмай, ауылға қайтуға мәжбүр болады.
«Атам мен әжем қартайып қалды, апам ауырып қалды. Сөйтіп академиялық демалыс алдым», – дейді ол.

Өмір жолы және махаббат

Ауылда еңбек етіп жүргенде Сәуле болашақ жары Серік Баймұқановпен танысады. Қызығы, Серік ағай «Тақиялы періште» фильмін көргенімен, жұбайының сол фильмге түскенін кейін ғана білген.

«Мен Наталья Варлейге ғашық едім. Ал кейін білдім – менің ғашық болғаным өз Сәулем екен», – дейді ол күліп.

Ұрпақпен жалғасқан естелік

«Тақиялы періште» фильмі алғаш рет 1968 жылы эфирге шыққан. Өкінішке қарай, Сәуленің атасы мен әжесі ол кезде ауылда теледидар болмағандықтан, фильмді көре алмаған.

Ал бүгінде Сәуле Жүнісова немерелерімен бірге осы фильмді қайта-қайта көріп, жастық шағын, қазақ киносының жарқын кезеңін еске алып отырады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу