Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар жас күндерін еске алып, танысу тарихын айтып берген еді. Бұл туралы олар 2023 жылы "Жақсы адамдарым" бағдарламасында бөліскен, деп хабарлайды Malim.kz.
Биыл өнерлі отбасының шаңырақ көтергеніне 30 жыл толды. Қос жұптың танысқан сәтін Қанат Айтбаевтың жан досы, сазгер Орал Байсеңгіров те еске алды.
Оның айтуынша, Қанат пен Светаның алғашқы кездесуіне өзі куә болған.
"Қанат пен Света алғаш танысқан сәтіне куәмін. 1990 жылдардың басында студент арулар арасында "Қыз сыны" байқауын жүргіздім. Қыздарды рет-ретімен сахнаға дайындап жатсам, көрермен арасынан Қанатқа көзім түсті. Мойын-омыртқасы үзіліп кететіндей Светаға қарап отыр екен", – деп әзілдеді ол.
Досының сөзін Қанат Айтбаев та растады. Оның айтуынша, студент кезінде белсенді болып, түрлі іс-шараларға жиі қатысқан.
"Институт қабырғасында оқып жүргенде белсенді студент болдым. Бір күні педагогикалық колледжде "Қыз сыны" байқауына әділқазы болуға шақырды. Үлкен оқытушы-педагогтармен сол жерде қазылық еттім. Иненің көзінен өтетін аруларымыз өнерлерін көрсетті. Сол байқауда қазылар алқасының шешімімен Светаға екінші орын бердік. Арада екі аптадай уақыт өтті. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Көретініміз – теледидар. Облыстық арнаны қосып қойып, төрт жігіт болып жалдамалы пәтерімізде тамақ ішіп отырсақ, теледидардан: "Бас жүлде иегері – Светлана Төлемісова" деп хабарлап жатыр. Облыстық "Қыз сыны" байқауына қатысып жатыр екен. Сол жерде: "Осы қызға үйленемін" деп өзіме серт бердім. Студент күнімде жергілікті телеарнада жұмыс істейтінмін. Бағдарламаға шақырып жүріп, танысып алдым. Ең алғаш кездескен жеріміз – Ленин ескерткішінің алды. Ол жаққа неге шақырғанымды білмеймін. Жаңбыр құйып тұрса да, келгеніне қарағанда жаман жігіт болмағанмын", – деді Қанат Айтбаев.
Еске сала кетейік, жақында Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі продюсер, композитор әрі музыкант Қанат Айтбаев жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған. Сондай-ақ Қанат Айтбаев 2023 жылы жариялаған жазбасында жұбайы Света Айтбаевамен таныстығы мен шаңырақ көтерген сәтін еске алған.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемдік деңгейде танытып жүрген танымал әнші. Ол ерекше дауыс мүмкіндігімен, кең вокалдық диапазонымен және кәсіби орындаушылық шеберлігімен халықаралық сахнада мойындалған өнер иесі.
Әнші 1994 жылы Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Света Айтбаева да музыка саласына жақын болғандықтан, Димаш бала кезінен өнер ортасында өсті.
Ол сахнаға ерте жастан шықты. Бала күнінен түрлі байқауларға қатысып, табиғи талантымен көрермен назарын аударды. Оның сахнадағы еркіндігі, дауыс ерекшелігі және орындаушылық қабілеті сол кезден-ақ жоғары бағаланды.
Димаш Құдайбергеннің басты ерекшелігі – бірнеше октаваны еркін қамтитын сирек дауыс диапазоны. Ол классикалық шығармаларды, эстрадалық әндерді және халық әндерін шебер орындайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және басқа да тілдерде ән айтып, әлемнің әр түкпіріндегі тыңдарманның ықыласына бөленді.
Әншінің халықаралық деңгейде танылуына «Славян базары» байқауындағы жеңісі үлкен әсер етті. Осы өнер додасында Гран-при иеленгеннен кейін Димаштың есімі шетелдік сахналарда жиі атала бастады.
Кейін ол Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, ерекше дауысымен миллиондаған көрерменді тәнті етті. Бұл жоба Димаштың әлемдік танымалдығын одан әрі арттырды.
Бүгінде Димаш Құдайберген – Қазақстан мәдениетін әлемге танытып жүрген ең белгілі өнер иелерінің бірі. Ол тек вокалдық қабілетімен ғана емес, қазақ тілін, ұлттық өнерді және ел мәдениетін жаһандық аудиторияға жеткізген тұлға ретінде де жоғары бағаланады.