2025 жылғы мамыр мен 2026 жылғы сәуір аралығында қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына есептелген инвестициялық кіріс 2,1 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің басқаруындағы міндетті және ерікті зейнетақы жарналары бойынша инвестициялық кіріс шамамен 2 трлн теңгені құрап, кірістілік 8,57% болды. Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша инвестициялық кіріс 108,2 млрд теңгеге жетіп, кірістілік 17,49%-ды құрады.
Инвестициялық кіріс бағалы қағаздардан түсетін табыс, қаржы құралдарының нарықтық және валюталық қайта бағалануы, сондай-ақ сыртқы басқарудағы активтердің нәтижелері есебінен қалыптасады. Сондықтан оның көлеміне валюта бағамдары, инфляция, қаржы нарығындағы өзгерістер және басқа да факторлар әсер етеді.
Биылғы жылдың басынан бері инвестициялық кірістің төмендеуіне теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы әсер етті. Соған қарамастан, ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтері оң нәтиже көрсетіп келеді. Мәселен, 1998 жылдан бері жинақталған инвестициялық кірістілік 1 060,2%-ды құрады, ал осы кезеңдегі инфляция 979,4% болды.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің басқаруынан түскен таза инвестициялық кіріс 10,21 трлн теңгеге жетті. Бұл зейнетақы жинақтарының жалпы көлемінің 39,7%-ын құрайды.
Салымшылар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға беруге құқылы. Сонымен қатар әрбір азамат өзінің инвестициялық кірісі туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы көре алады.