Латвия Ресей арнасын көрсетуді тоқтатты

Елнұр Бақытқызы

  • 09.02.2021

Латвия Ресейдің федералды "Россия-РТР" арнасын көрсетуге тыйым салды. Бұл туралы Латвияның электронды ақпарат құралдары жөніндегі Ұлттық кеңесі төрағасы Ивар Аболиныш Twitter-дегі аккаунтында хабарлады.

Кеңес 15 ақпаннан бастап Латвия аумағында "Россия-РТР" арнасының ретрансляциясына бір жылға тыйым салды. Латвияның Ресей арнасына тыйым салуына бірнеше бағдарламадағы мәлімдемелер себеп болды. 2020 жылы 10 шілдеде "60 минут" бағдарламасындағы талқы кезінде жүргізуші Ольга Скабеева мен хабарға қатысушылар Украинаны "террористік мемлекет, ал оның бұрынғы президенті Петр Порошенко террорист" деп атаған.

Латвияның электронды ақпарат құралдары жөніндегі кеңесі (NEPLP)"бұл субъектілердің ешқайсысы террористік деп танылған жоқ, бағдарлама жүргізушісі мен қатысушылардың украиндықтарға  кемсітушілікпен қарады, шоуда алауыздықты қоздыру белгілері бар" деп мәлімдеді. Осы хабардан кейін Латвияның электронды ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңесі Ресейдің федералды арнасы ұлт араздығын қоздырды деп мәлімдеп, оның трансляциясын тоқтату процедурасын бастап кеткен.

Сондай-ақ Латвияның электронды ақпарат құралдары жөніндегі ұлттық кеңесі "Россия-РТР" жүргізушісі Владимир Соловьев те өз бағдарламасында украиндық тарап пен украиндықтарға қарата қорлайтын, басқыншыл және жек көрініш тудыратын сөздерді айтты" дейді.

Латвия байқаған Ресей арнасындағы даулы мәлімдемелер мұнымен шектелмейді. Евгений Поповтың бағдарламасында да Украинаға қарата даулы мәлімдеме айтылған. Атап айтқанда,"Скабеева-Попов" бағдарламасы эфирінде зорлық-зомбылыққа шақыратын сөздер айтылыпты.

Оны былай қойғанда, "Нарваны Ресейге қосу керек, ол жақта тек орыстар тұрады. Латвиядағы Екабпилс қаласы – бұл орыстардың қаласы" деген мәлімдемені де Латвия заңға қайшы деп тапты.

"Алауыздық тудырып, соғысқа шақыратын бағдарламаларға Латвияда орын жоқ.  Кремль пропагандасындағы басты орындағы "Россия-РТР" шектен шықты, біз ақпараттық кеңістігімізді қорғадық, қорғап жатырмыз және алдағы уақытта қорғаймыз", - деді Латвияның электронды БАҚ жөніндегі ұлттық кеңес төрағасы Ивар Аболиныш.

Оқи отырыңыздар: Мұхтар Тайжан: Алауыздық тудырған телеарна жабылсын

Міне, Латвия Украина туралы айтылған бірауыз сөз үшін Ресей арнасын көрсетуге тыйым салып жатыр. Ал Қазақстан өзінің жеріне көз алартатын Ресей саясаткерлерінің даулы мәлімдемелерін таратып жүрген Ресей арналарының трансляциясын тоқтату мәселесін мүлде көтермейді. "Қазақстан территориясы – Ресейдің берген сыйлығы" деп жар салған Дума депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесі 2020 жылдың желтоқсанында Ресейдің "Первый канал" мемлекеттік арнасының мінберінде айтылды. Ресейдің федералды арналары бұған дейін де Қазақстанның егемендігіне қол сұғып, жеріне көз сүзетін мәлімдемелерді таратқан. Мысалы,  2014 жылы 23 ақпан күні Мәскеудегі митингіде сөйлеген ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновский Орталық Азиядағы мемлекеттерді тәуелсіздіктен айыру туралы пікір білдіріп, "Орта Азияда ешқандай мемлекет жоқ. Ортаазиялық федералды округ, оның басты қаласы – Верный" деп мәлімдеген. Ал мұндай доспейіл емес, тіпті ұлт араздығын қоздыратын мәлімдемелерді тарататын Ресейдің федералды арналарын  Қазақстандағы кабельді операторлар емін-еркін көрсетеді.  Никоновтың 2020 жыл соңындағы даулы мәлімдемесінен кейін Ресей арналарына тыйым салу мәселесін Қазақстан мүлде көтермеді.