Солтүстік Қазақстан Қырымның тағдырын қайталамас үшін

Malim Админ

  • 04.04.2021

Жыл сайын әлемдегі геосаяси тартыс шиеленісіп барады. Байден билікке келгелі бері АҚШ пен Ресей арасындағы қатынас тіпті күрделеніп, қырғи қабақ боп тұр.  Соңғы берген сұқбаттарының бірінде Байден «Путин – адам өлтіруші» деп ашық мәлімдеді. Кешелі бері Украина мен Ресей шекарасындағы әскери жаттығулар әлемді алаңдатып отыр. Өзара ақпараттық соғыс күшейді.

Бұл жағдай Қазақстанды да бей-жай өтпесі анық. Бір тұста құдай қосқан көрші Ресеймен стратегиялық әріптестік болса, келесі тараптан АҚШ, Еуропа Одағымен инвестициялық байланыс тұр. Дербес, жан-жақты көпвекторлы саясат жүргізу жылдан жылға  қиындай түсуде. Ресейді санкциялармен қыспаққа алған сайын оның өз стратегиялық әріптестеріне де ашуы артуда. Былайша айтқанда Ресей билігі «Не бізбен бірге, не бізге қарсы» дейтін бандиттік түсінікке ауысқандай.

Осылайша Қазақстанға қатысты Ресейдің империялық көзқарасы да арта түсуі бек мүмкін. Мұның алғы шарттарын соңғы кездері елімізге қарсы үдеп бара жатқан «ақпараттық шабуылдардан» байқап отырмыз. Мәжіліс сайлауы қарсаңында Ресей Мемлекеттік Думасының  депутаттары «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің сыйы» екенін айса, енді Путиннің көмекшісі Владимир Мединский жақында сол қаңғыған ойды жұртқа қайта қайтарды.  В. Путиннің баспасөз хатшысы Песковтың «бұл Ресей администрациясының күн тәртібінде тұрған жоқ» деуі де екі мағыналы жауап болды. Керек кезде, күн тәртібіне шығады дегісі кеп тұрғандай.

Сондай-ақ, Ресейдің танымал «Лента.ру» сайтында «Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы» туралы көлемді мақала шықты. Қызықты тұсы, мақала авторы қажет болса «Ресей ақпараттық құрылымдарының ықпалдылығы соншалық, олар Қазақстанда білгендерін істей алатынын» жеткізіпті. Мұның бәрі бекер емес екені түсінікті. Кремельдің Ақордаға деген тағы бір ескертуі немесе қысымы деп қабылдасақ болады. Яғни, өзінің саяси орбитасы шеңберінен, тізгінінен шығармаудың амалы десек болады.

Ашығын айтсақ, осындай пост пандемиялық әлем жағдайында еліміздің екінші Президенті болып тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайланғаны маңызды болып тұрғандай. Қытайдың да, Ресейдің де сыртқы саяси ойындарын жетік меңгерген маман жалаң ұранмен бар абыройынан айырылған Арменияның премьер-министрі Пашанян сияқты айғайға баспай, үндемей жүріп, ұтымды позиция ұстанып келеді. Мұны мойындау керек.

Ресейдің ақпараттық шабуылы әзірше – тек тексеру, түртіп көру, соқтығысуға сылтау іздеу ғана. Қазақстанда қоғамдық истерия орнап, қатты қатты жалаң сөздер айтылып, популистік бастамалар көтерілгені, сөйтіп, бықсып жатқан шоққа майдың құйылуы  – Ресейге өте пайдалы. Әсіре ұлтшылдарды қоздыру арқылы Қазақстандағы орыстілді аудиторияны «Ресей ғана олардың қорғанышы» екеніне сендірмек. Ұраншылдыққа ұрыну  қоғам үшін керісінше Ресейдің үміт еткен сценарийін орындап бергені болып қалмақ. Украинада мұндай әккілікті іске асырған Кремель қажет жағдайда Қазақстанда да ондай ойын қайталай алатынын білдіріп отыр.

Әзірше Ақорда мұндай арандатуға елігіп ермей, салқын қандылықпен жауап беріп отыр. Десе де алаңдайтын жағдай жетерлік. Әсіресе Солтүстіктің тағдыры мазалайды.

Мойындау керек, қазір Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мәз емес. Мектеп бітірген түлектер Ресейдің шекаралас аймақтарындағы жоғарғы оқу орындарына түсіп жатыр. Олар сол жақта қалса бір басқа. Басқа ой, ниетпен күшейіп қайтып келсе, ол үлкен мәселе.  Жұмыссыздық деңгейі, табыс көлемі дейтін маңызды салаларда Солтүстік Қазақстан ең төменгі орындарда. Тіпті, құрдымда тұрған аймақ  десе те болады.

Осы аптада қоғам мән бермеген, көңіл аудармаған мәселе Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. Солтүстік Қазақстан облысының 2025 жылға дейін даму бағдарламасы қабылданды. Енді бұл аймаққа жалпы көлемі 2 трлн. теңге инвестиция салынбақ!  Мына сандарға назар аударсақ:

Ауыл шаруашылығы бойынша 52 сүт фермасы, 2 тауық фабрикасы салынбақ. «Қызылжар» транспорт хабы іске қосылады, басқа аймақтармен байланысты артырып, барыс-келісті барынша күшейту үшін әуе қатынасы айына 16-дан 68 рейске дейін артады.

Сонымен қатар, облыстық жаңа аурухана, аудандарда 47 медициналық обьекті, тұрғындар үшін 21 мың пәтер мен 16 мектеп салынады. Назарбаев университетінің  негізінде жаңа университет іске қосылады. Осы жоспар бойынша 26 мың жаңа жұмыс орын ашылып, оңтүстік аймақтардан 11 мыңға жуық адам көшіп келеді. Бұл қабылданған бағдарламадағы кейбір сандар ғана.

Ашығын айтқанда, Қ.Тоқаев ешқандай айқай-шусыз ұлттық қауіпсіздігі үшін ең тиімді шешім қабылдады. Қырымға тәуелсіздік жылдары ешқандай инвестиция салып, аймақтың дамуын назарға алмаған Украин билігіндей  жалаң сөз, ұр да жық ұран айтқан жоқ, жүйелі де маңызды шешімді ел назарын аудартпай іске асыруды бастап кетті.

Президенттің осы бастамасы аймақты дамыту арқылы ел шебіндегі, шекара бойындағы әлеуетімізді күшейтіп ғана қоймай, ондағы азаматтардың, қандастардың Отанға деген ризашылығын одан әрі күшейтпек. Сөзбен емес, іспен әрекет ету – ерекше маңызды.

Міне, осындай аумалы-төкпелі заманда стратегиялық қауіп-қатердің алдын үндемей алып, қазақ президенті ретіндегі тарихи аманатын ың-шыңсыз атқарып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасына береке мен сәттілік тілейсің. Қайнап тұрған геосаяси тартыстарда үндемей жүріп-ақ, үйдей тірлік атқаратын азаматтарды, президентті қолдау – қоғамның азаматтық парызы болса керек.

Байланысты жаналықтар

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

05.04.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

22.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024
MalimBlocks
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді

Екі ел басшылары өңірлік күн тәртібін талқылап, халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.