Айгерім ҚИЫҚБАЙ. ТҮНГІ КӨБЕЛЕК

Маған жұмбақ себеппен көз жұмған анамнан кейін әкем екінші рет үйленді.

  • 07.06.2021

Асүйдің еденінде ұйықтап жатқанымда танауыма жағымсыз иіс келді. Одан соң біреу басымнан ары-бері аттап жүргенін сездім. Бір кезде тура көзімнің үстіне сұп-суық су тамды. Созылып келіп тиіп кететін секілді. Көзімді ашсам, екі жасар сіңлім Асыл. Соншалық тап-таза риясыз күлкісімен менің төбемнен қарап күліп тұр екен. Арғы жақтан тәтемнің даусы шықты.

– Тал түске дейін жата бермей, тұрып шай қой! Ана баланың құйрығын тазалашы, бағана бүлдіріп қойған. Содан әлі жүр. Аузынан суы ағып, кеудешесін су қылып тастапты, оны да ауыстыра сал. Бетіме тамған судың қайдан келгенін сонда ұқтым.

Біз бір бөлмелі бұл пәтерде төрт адам өмір сүреміз. Маған жұмбақ себеппен көз жұмған анамнан кейін әкем екінші рет үйленді. Ол әйел мені алғаш көрген күннен өзін «тәте» деп атауымды сұрады. Асыл сол кісіден туған. Бірақ мен оны бәрібір қатты жақсы көремін. Оның тәтті қылықтары үй ішімізді шат күлкіге балайды. Әкемнің анам қайтыс болғаннан кейін мұң шалған қабағын осы Асыл емдеген еді. Күн жұма. Тәтем асүйде шелпек пісіріп жүрген. Мен сабақ қарап отырдым. Асыл жаныма келіп біресе дәптеріме, біресе қаламыма жармасып мазамды алды. Өзіне беймәлім нәрсемен шұғылданған мені айналшықтап жүр. Ал мен еріксіз оның күнәсіз қылмыстарына көз жұмудамын. Мектептен келе салысымен үй тапсырмасын орындауға құлшынып-ақ тұрам, бірақ оған сабақ оқуға енді отыра берсем, тәтем «шай қой» деп бұйырады. «Әкең жұмыстан шаршап келеді» дейді. Оны тындыра салып тағы кітабыма жармассам, «әкең келгенше еденді жуып қой» дейді. Оның не үшін керегін білмеймін, жұмыстан сүріне-қабына жеткен әкеме еденнің жуылған-жуылмағаны бәрібір секілді. Одан қалды, басындағы ақ шаштарын жұлдырады. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» дейді ылғи. Сөйтіп, дүниенің бітпес жұмысымен шұғылданып жүріп, ертесінде сабақты Асылмен бірге жанталасып орындауға етім әбден өліп кеткен. 

 Қайткенмен де мен жақсы оқитын оқушылардың қатарындамын. Мектепте өтетін жиналыстарға ылғи тәтем барады. Бірақ ылғи қабағы қатулы оралады. Сынып жетекшім мені мақтағаннан басқаны айтпайды екен. Оны көрші Роза апай айтады. Оның ұлы Қасым менімен бір сыныпта оқитын. Қасымның әкесі жоқ. Анасы жалғыз ұлым деп еркелетіп өсірген. Сол үшін оны  ылғи тәртібі үшін жазғырады екен. Роза тәте бірақ оған шамданбайтын. «Ер бала өзінікін істейді, есейгесін қояды» деп жүретін. Кейде мен сол Қасымға қатты қызығатынмын. Әкем Роза апайға неге үйленбеді екен деп ойлайтынмын. Роза апай секілді біреу мені де мақтап, жылылық сыйласа деп армандайтынмын.

Үй тапсырмасының біразын орындап болып, енді қазақ тілі пәнінен үйге берілген шығарманы жазайын деп, дәптерімді іздеп таппай қойдым. Сөмкемді он ақтарып, үстелдің үстін жүз тексерсем де, қолыма ілікпеді. Есік жаққа көзім түсіп кеткені сол еді, теріс қарап отырған Асылды көрдім. Әлденені ұстап алып мыжғылап, шетінен тістеп жеп отыр. Алғашында тәтем шелпек беріп қойған екен деп ойладым да, дәптерді іздеуді жалғастыра бердім. Дегенмен қылығы күдіктілеу бола бастаған соң жанына жақынырақ барып қарасам,  шелпек дегенім менің жоғалған қазақ тілі дәптерім екен. Бір шеті кеміріліп, жарымжан күйде Асылдың жұлмалауына көніп жатыр.

– Ой, шошаңдаған неме-ай! – дедім ашудан. – Қасымнан шықпай қойып едің, неғып тынышталып қалды десем... Менің дәптерімді кеміріп отыр екенсің ғой! – дедім айқай сап. Көзімнен ыстық жас құйылып кетті. Лезде арғы бөлмеден тәтем келді де, баланың қолындағы дәптерді оны шырылдатып тұрып жұлып алды. Одан соң тура сол дәптермен менің шекемнен салып қалды. Жұдырығымен тағы ұрды басымнан.

– Жоғал әрі! Жетесіз! Қайдағы жаман сөзді үйренгенше, балаға дұрыстап қарамайсың ба? Топас неме! Саған сабақ не керек? Оқу сенің не теңің! Жетімек неме! Шошаңдап дейді ғой. Кім шошаңдайтынын білемісің, сен? Түнгі көбелектер шошаңдайды! Ұқтың ба? Мисыз!

Шекемді ұстап жылаған күйі қазақ тілі дәптерімнің қалдығын  сөмкеме салғалы жатқанда «Менің арманым» тақырыбына жазған шығарма үшін алған бестік бағамды көрдім. Сол күні мені мұғалім ерекше мақтап еді. Сол беті мыжып сөмкеме салдым да, жылдам киініп, сыртқа безе жөнелдім.

Далада жапалақтап қар жауып тұр екен. Әжем жарықтық «аспаннан Алланың нұры жауған кезде тілеген тілек қабыл болады» дейтін. Дәл сол сәтте мен ғажайып ертегілер әлеміне кетіп қалуды қаладым. Бәрінен алысқа, бәрінен жыраққа!

Жылай-жылай көзім ісіп кетті. Мектепке баратын уақыт та болды. Қазір дәл осы күйімде сыныпқа жетіп барсам, балалар қоршап алып сұрақтың астына алады. Шетінен «не болды, не болдылап» есімді шығарады. Оны жақсы білемін. Үй мен мектептің арасы жүз қадамдай ғана. Мектепке алғаш рет бармай, көшеде қаңғырған менің санамда сандалған ой біреу ғана еді: «Түнгі көбелек» дегеннің кәдімгі көбелектен қандай айырмасы бар?..