Арыс оқиғасы: 1473 жәбірленуші мен 16 сотталушы

Malim Админ

  • 12.06.2020

Арыстағы қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа байланысты кінәлі деп танылғандардың үстінен сот процесі басталды. Алғашқы әскери сот отырысы Шымкентте болып жатыр. Бұл туралы Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Шымкент гарнизоны әскери соты 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласындағы әскери қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа қатысты 16 сотталушының үстінен қылмыстық істі қарауды бастады. Бірінші отырысқа 204 сот процесіне қатысушы келді, оның 16-сы сотталушы, 19-ы адвокат, үш қоғамдық қорғаушы, бес прокурор және 165 жәюірленуші. (...) Сонымен бірге, істі қарау барысында оқиғаға қатысы бар тұлғалар шақырылып, сұралатын болады», - делінген хабарламада.

Жалпы, Арыс оқиғасында жапа жеккендер саны – 1473 адамды құрайды. Ал, қоймадағы жарылыстан 96 млрд теңге тұратын қару-жарақ жойылып кетті. Жеке және заңды тұлғаларға келтірілген шығын – 143 млрд теңгеден асты. Жарылыс орнын залалсыздандыруға 38 млрд теңге жұмсалыпты.

Мамыр айында сотталушылар саны 16 адам екені анықталды, олардың ішінде қоғаныс министрлігінде және оңтүстік өңірде жетекші қызметтер атқарған жоғары дәрежелі офицерлер де бар.

Сонымен бірге, бұл жарылыстың болу қаупі бұрыннан болған, оны жоғарғы шенді офицерлер білген. Қорғаныс министрлігі бұл жарылыстың алдын алу үшін 650 млн теңге бөлген, бірақ, бұл қаржы орта жолда жоғалып кеткен. Осы және өзге де фактілер бойынша айыпталып жатқан сотталушылардың тағдыры алдағы уақытта шешілмек.