Төлесованың үстінен арыз жазған полицей сотта жауап берді

Malim Админ

  • 05.08.2020

"Билік өкілін қорлап, күш қолданды" деген айып тағылан Әсия Төлесованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Сотта Төлесованың үстінен арыз жазған полицейлердің бірі Нұрбек Темірхановтан жауап алынды.

"Біз сізді қонаққа емес, сотқа шақырдық"

Кешегі сот отырысында Әсия Төлесованың адвокаттары оған  6 маусым күнгі оқиға бойынша сұрақтар қойған. Бүгін Әсия Төлесоваға прокурор Құланбаев сұрақ қойды. Прокурор кей сұрағында "қылмыс жасағанда" деген тіркесті қолданды. Мәселен, "эмоцияға берілдім дегеніңіз қылмыс жасағаныңызды ақтап ала ма?" деген сұрақ қойды. Адвокат Джохар Өтебеков сот үкімі шықпағанын, сәйкесінше қылмыс жасалғаны әлі дәлелденбегендіктен, соттан прокурорға ескерту жасауды сұрады. Судья Шәкіров адвокаттың бұл уәжімен келісіп, прокурорға ескерту жасады. "Сіз сотта полицейлерден кешірім сұрадыңыз, кінәніңізді мойындамасаңыз не үшін кешірім сұрадыңыз?" деді прокурор. "Ұстамсыз болғаным үшін кешірім сұрадым", - деді Төлесова.

Сұрақ қою кезегі жәбірленушілерге келгенде, арыз жазған алты полицейдің екеуі ғана сұрақ қойды. Адвокат Джохар Өтебеков кей полицейдің онлайн сот отырысы кезінде видеоны өшіріп тастағанын, енді бірінің көшеде қыдырып жүргеніне назар аударды. Ал арыз жазған полицейлердің бірі Нұрбек Темірханов тіпті бұл уақытта онлайн сот отырысында жоқ болып шықты.

Судья полицейлерге ескерту жасап, видеоны қосып отыруды сұрады. Неге видеоны өшіесіздер? Кепкаларыңызды шешіңіздер. Сот залында отырмын деп ойлаңыздар", - деді судья Шәкіров.

Сот отырысында жоқ болып шыққан басты жәбірленушілердің бірі Нұрбек Темірхановқа іздеу салған судья полицей онлайн сотқа қосылуы үшін бес минут үзіліс жариялады. Бес минуттан кейін онлайн сотқа қосылған Нұрбек Темірханов интернетім нашар деп ақталды.

"Біз сізді қонаққа емес, сотқа шақырдық. Бұл жерде арызыңызды қарап жатырмыз. Интернетіңіз дұрыс болсын", - деді судья сотқа кешіккен Н.Темірхановқа.

Артынша прокурор мен Әсия Төлесованың адвокаттары полицей Нұрбек Темірхановтан жауап алды. Н.Темірханов тергедегі жауапта Ә.Төлесова өзін бірнеше мәрте ұрып, бас киімін қағып түсіргенін айтқан.

Сұрақ қойған прокурор Құланбаев 6 маусым күнгі оқиғаны баяндап беруді сұрады.

"6 маусым күні қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қаматамасыз ету бойынша қызметімді атқарып тұрғанда бір топ адамды көрдім. Олардың арасында Әсия Төлесова болды. Ол айқайлады. Күтпеген жерден оң қолымен басымнан ұрды, бірақ одан жалтарып, соққыны дарытпадым. Мақсатына жетпеген соң, басымның көкжелке тұсымнан екінші соққы жасады. Басыма қолы тиіп, бас киімімді ұшырып түсірді. Содан кейін оны тоқтатпақ болып, қолынан ұстамақ болдым. Ол қағып жіберіп, арқамнан ұрды", -деді Н.Темірханов.

Сұрақ қою кезегі адвокаттарға келгенде Н.Темірхановтың тергеуге бір бөлек, сотқа мүлде басқа жауап беріп жатқаны әшкереленді. Сотта Нұрбек Темірханов өзін учаскелік инспектормын деп таныстырғанымен, адвокат Джохар Өтебеков оның тергеуде өзін учаскелік инспектордың көмекшісі деп атағанын еске салды. Судья оның қызметін нақтылағанда, Н.Темірхановтың учаскелік полицейдің көмекшісі екені анықталды.

Джохар Өтебековтің сұрақтарына жауап берген Н.Темірханов Төлесова өзіне үшінші рет арқасына соққы жасағанда, Төлесованың қолы тиіп, болмашы ауырсынуды сезгенін айтты. "Соққыдан кейін ол жер ауырды, бірақ эмоциямды көрсететіндей қатты ауырған жоқ", - деді полицей.

Адвокат Джохар Өтебеков Темірхановтың тергеуде берген оқи жөнелді. Тергеуге берген жауабында полицей үшінші соққыдан ауырсынуды сезбегенін айтқан.

Сонымен қатар сотта жауабында полицей Төлесованы ұстап, автозакқа жеткізген соң, ары қарай оқиға орнында қалып, жұмысын жалғастырғанын айтты. Ал бірақ тергеу кезінде Темірханов тағы бір жәбірленуші полицей Тілек Төлегеновпен бірге Төлесованы полиция басқармасына жеткізгенін айтқан.

Адвокаттар Темірхановтан Төлесова "Жексұрын, сен де жексұрын. Жексұрын менттер!" сөздерін қандай полицейлерге қарата айтқанын нақтыламақ болғанда да полицей әбден шатасты. Тергеуде Темірханов "Төлесова бұл сөздерді полицейлерге және Төлегенов пен Ернат есімді тағы бір полицейге қарата айтты" десе, бүгінгі сотта бұл сөздерді Төлесова жанымда тұрған барлық полицейлерге қарата айтты деп мәлімдеді. Джохар Өтебеков мұны нақтылап, полицейге сұрақ қоя бергенде судья Шәкіров араласып, Темірхановтың орнына жауап берді. "Тергеудегі жауапта "Төлесова мұнымен тоқтамай, полицейлерге – полиция қызметкерлеріне, әбір полицейге көрсетіп, тіл тигізе бастады. Демек, басында полиция қызметкерлері болса, ары қарай ол Төлегенов пен Ернат есімді қызметкерді атайды. Яғни полиция қызметкерлері болған", - деді судья Шәкіров.

Осы жерде Джохар Өтебеков судья жәбірленушінің орнына жауап бергенін айтып, оны кетіруді сұрады. Бірақ бұл өтінішті қараған судья Залина Махарадзе Шәкіровті соттан кетірмеу жайлы шешім шығарды. Сөйтіп, полицейден жауап алу жалғасты. Ертеңгі сот отрысында қалған жәбірленуші полицейлер сұралады.

Байланысты жаналықтар

Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

18.12.2020

Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

30.09.2020

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

12.08.2020

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

12.08.2020

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

11.08.2020

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты

10.08.2020
MalimBlocks
Әсия Төлесова саяси партия құратынын мәлімдеді

Әсия Төлесова: БҰҰ-ға шағымданамын

Алты полицей сотқа берген Төлесова бостандыққа шықты

Әсия Төлесоваға сот үкімі шықты

"Мерзкие менты" деген белсенді кінәсін мойындамады

"Мерзкий мент" сөзіне полицейлер қорланыпты