Ең қадірлі мамандық – педагогика, ең сыйлы тұлға - мұғалім

Malim Админ

  • 29.09.2020

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, одан бұрынғы бағдарламалар негізінде мұғалімдердің жалақысы өсіп келгені белгілі. Алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдер жалақысын 2 есеге ұлғайту туралы шешім қабылданып, биылғы оқу жылының басынн бастап мұғалімдердің жалақысына 25 пайыз қосылғаны да аян. Мұның бәрі, әрине, педагог мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы статусын бекемдеп, білім сапасын арттыру мақсатында жасалып жатқаны аян. Дегенмен, «бұлақ басынан тұнады» дегенді ескерсек, болашақ мұғалімдер, келешек педагогтар – педагогика мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерді де ұмытпаған ләзім. Осыған орай, бір жыл ішінде студенттердің стипендиясы екі есеге өсті. Олар бұрынғыдай 21 мың теңге емес, 42 мың теңге көлемінде стипендия алатын болып белгіленген, енді, міне, алғашқы стипендияларын да алып жатыр.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласына қатысты өзгерістер және осы стипендияға қатысты жаңалық туралы өзінің Facebook-тағы ресми парақшасында жазды:

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мамыр айындағы отырысында білім мен ғылымды дамыту мәселелері негізгі тақырып болды. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым жүйесі үшін маңызды тапсырмалар берді. Мысалы, педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және стипендия мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайту тапсырмасы берілді. Өткен жылы стипендия мөлшері 21 мың теңгені құраса, Президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өсті. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің степендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр», - дейді министр.

Астын сызып айтатын мәселе – 42 мың теңге көлеміндегі стипендия – барлық мамандықтың ішіндегі ең жоғарғы стипендия. Болашақ мұғалімдер қазірден бастап ең жоғарғы стипендия алса, болашақта ең жоғарғы жалақы алса, мәртебесі көтерілді деген сол емес пе. Бірақ, бұл педагог болуға деген жаппай ұмтылысты арттыратыны да түсінікті. Сол себепті, өзгеден артық жағдай жасаған соң, оларға қойылатын талаптың да өзгелерден жоғары болатыны түсінікті. Осыған орай, биылғы оқуға түсушілер үшін маусым айынан бастап педагогика мамандығына тһқабылдаудың шекті балы – 70-ке дейін көтерілген. Бұл да ең жоғарғы талап. Соның арқасында мектептегі үздік оқушылардың көпшілігі педагогикалық мамандықты таңдай бастаған. Мәселен, бұрындары өзге салаларға қарай кеткісі келіп тұратын «Алтын белгі» иегерлерінің педагогикалық мамандықтарға тапсыру көрсеткіші 2 есеге жуық өсіпті. Бұл туралы:

«Педагог мәртебесі туралы заңды қабылдаудың және атқарылған шаралардың арқасында биыл «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе өсті, ал көптеген бағыттар бойынша орташа балл 100-ден асты. Егер бірнеше жыл бұрын педагогикалық мамандыққа түсушілердің орташа балы 65-ті құраса және педагог мамандығы түлектер арасында көп сұранысқа ие болмаса, қазір жоғары балл жинаған мықты түлектер педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсе бастады», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінінде көтерілген негізгі мәселелердің бірі – ғылымды дамыту болған. Сол кездегі тапсырмаларға орай,докторанттардың стипендиясы 150 мыңға дейін өсіпті. Бұрын 102 мың теңге көлемінде стипендия алып келген ғылым жолын қуушылар енді орташа жалақыға парапар стипендия алады. Бұл, әрине, көп жағдайда отбасылы, балалы-шағалы докторанттар үшін өте маңызды. «Ораза, намаз – тоқтықта» деген сөзді ескерсек, олардың материалдық жағдайы түзелген сайын, өз тақырыбы бойынша ізденісін де күшейтетіні анық. Әйтпесе, докторантурада оқып жүріп, қосыша жұмыс істеп жүретін ғалымдардың мұрнына су жетпей жүретінін көрмей, білмей жүрген жоқпыз. Бұл тараптағы жағдайдың төмендігінен «керек болып қалар, бір диплом артықтық етпейді», деп, екінші кезекке ысырып қойып, тиіп-қашып, есеп тапсырып қойып жүретіндер де аз болмайтын. Бұл қолдау бұдан әрі де тоқтап қалмай, жалғасын таба түссін дейік.

Студенттер мен докторанттардың стипендиясы өсті, ал, мұғалімдердің жалақысы қалай болады? Бұл туралы министр былай дейді:

«Бұдан бөлек 2020 жылғы қыркүйек айынан бастап мемлекеттік гранттың құны айтарлықтай өсті. Бұл неге маңызды? Бұл жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын арттырып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қорытындысы бойынша берген тапсырмаларының барлығы ерекше бақылауда және белгіленген мерзімде орындалатын болады».

Осы және өзге де қолдаулар мен өзгерістердің, жаңалықтардың арқасында Қазақстанда педагогикалық мамандықтарға деген қыщығушылықтың артатыны түсінікті. Әрине, гранттар саны қымбаттаған соң, ақылы оқу да қымбаттайды. Дегенмен, соған қарамастан, педагог болғысы келетін мектеп түлектерінің саны биыл айтарлықтай өсіпті. Бұл туралы бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов Президенттік жастар кадрлық резерві мүшелерімен кездесукезінде мәлімдеген.

«Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтардың мәртебесі туралы заң қабылданды. Заңға қатысты сын пікірлер де көп болды. Дегенмен заң аясындағы жұмыстар басталып кетті. Атап айтсақ, биылғы ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) нәтижесінде педагогика мамандығын таңдаған түлектердің саны артып отыр. Сол сияқты педагог мамандықтары бойынша ҰБТ нәтижесінің орташа көрсеткіші өсті. Бұған дейін педагог мамандықтарына 50 балмен түсу мүмкін болса, биыл ол көрсеткіш 70 балды құрап отыр. Сондай-ақ, мектепті Алтын белгімен бітіріп, ұстаздық мамандықты таңдаған түлектердің де үлесі 2 есеге өсті. Бұл дегеніміз педагогика мамандығына деген қызығушылық пен сұраныстың барын көрсетеді», - деген министр.

Әрине, биылғы түлектер, карантин кезіндегі ерекше жағдайда оқуға тапсырып, онымен қоса талап күшейтіліп, тәртіп қатаң қадағаланып, аздап психологиялық қысымда қалғаны аян. Соның өзінде педагогикалық мамандыққа сұраныс артқанын көріп отырмыз. Келер жылы ел аяғы басылып, қалыпты тіршілікке көшкен соң, түлектер жан-жақты байыптап барып, осы мамандықты қайта таңдарына сенім мол. Өйткені, биылғы пандемия көптеген мамандықтардың уақыты өткенін көрсетіп берді. Көп адамдардың жұмыссыз, екі қолын алдына сыйдыра алмай қалғанын көрген түлектер, ұстаздықтың ешқашан маңызын жоймайтын, өмірдегі ең маңызды мамандық екенін де түсінген болар. Бұл, бірақ, елдің бәрі мұғалім болу керек дегенді білдірмесе керек. Тек, бұған дейін көп айтылған мәселе – педагогтардың өздерінде жеткілікті білім жоқ деген сөз енді айтылмаса ғой дейсің. Соған жағдай жасалса ғой дейсің. Басталған реформа орта жолда үзіліп немесе басқа бір тарапқа ауып кетпесе ғой дейсің. «Алты Алаштыцң баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген ұлы Мағжан айтқан сөздің қайта тіріліп, мұғалімдер қай мағынасында да төрден орын алар күн жақындап келе жатқан сияқты...

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды