Сарапшы: Президенттің көпвекторлы саясаты жемісін беріп келеді
Тоқаев президенттікке келген жылдары түркі мемлекеттерінің бірқатарымен ынтымақтастықтың жаңа деңгейі қалыптасты

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолға алғанына 6 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында еліміз күрделі кезеңдерден өтті. Алда іргелі міндеттер тұр. Malim.kz сарапшы Амангелді Құрметұлымен бірге сындарлы кезеңдерді саралап көрді.
- Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толып отыр. 2024 жылы Қазақстан Солтүстік және Орталық Азиядағы инвестиция көлемі бойынша көшбасшы болып, 15,7 млрд долларлық жаңа жобаларды тартыпты. Елімізге тартылған инвестициялық жобалардың Қазақстанның дамуына ықпал-әсері қандай?
- Инвестициялық жобалардың нәтижесі әдетте ұзақ мерзімге арналады. Дегенмен, шетелдік инвестициялардың тартылуы түрлі салалардың біршама алға жылжуына ықпал етеді. Мысалы, елімізде көлік құрастырылып жатыр. Кейінгі үш жылда Қытай көліктері Қазақстанда құрастырылатын болды. Сапасы туралы сын пікірлер айтылғанымен, бұл да – өнеркәсіп. Айталық, «Астана моторс» биылдан бастап 9 түрлі автокөлік маркасын құрастыруға тиіс. Оның ішінде Қытайдың, сонымен қатар хюндайдың Santa Fe деген маркасы, Мұндай жобалар бірінші кезекте ел қазынасына салық ретінде қаржы түсірсе, екіншіден, азаматтарға жұмыс беру арқылы мемлекеттің дамуына серпін береді. Бірақ, инвестициялық жобалардың нақты нәтижесін, қоғамға пайдасын саралап, сараптау үшін бірнеше жыл керектігі белгілі. Алты жылдың ішінде бұл бағытта көптеген өзгерістер жасалғанын көрдік. Мен өзім түркі әлеміне қызығатындықтан, осы уақыт аралығында, нақтырақ айтқанда 2021 жылы Түркияның Қазақстанға құйған инвестициясы алдыңғы 30 жылмен салыстырғанда рекордтық деңгейге жетті. Яғни Түркия елімізге 680 млн доллар қаржы салды. Бұрын мұндай мөлшерде қаражат тартылмаған. Мұның барлығы отандық экономикаға пайдасын тигізері сөзсіз. Ал биыл салынатын шетел инвестицияларының пайдасын алдағы уақытта көреміз.
- Қазіргі таңда беделді халықаралық бірлестікке айналған Түркі мемлекеттері ұйымының біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені мәлім. Алты жыл ішінде Қазақстан көпвекторлы саясат аясында бауырлас түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас қалай өрбіді?
- Әлбетте, түркі мемлекеттері ұйымының әу бастағы атауы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кеңесі болатын. 2010 жылы құрылған ұйымды Түркі кеңесі деп атап кеттік. 2021 жылы Ыстамбұл саммитінде ұйым атауына ие болды. Мұны Қазақстандағы өзгерістермен байланыстырғым келеді. Өйткені, кеңес ұйымға айналғаннан кейін оның жаңа тынысы ашылғандай болды. «Түркі жоспары – 40» деген стратегиялық мақсат қойылған бағдарлама әзірленді. Өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне көтерілді. Тоқаев президенттікке келген жылдары түркі мемлекеттерінің бірқатарымен ынтымақтастықтың жаңа деңгейі қалыптасты. Айталық, бұрын стратегиялық әріптестік деп атап жүрсек, қазір бірқатар түркі мемлекетімен одақтастық қарым-қатынастамыз. Мысалы, Әзербайжанмен одақтастық туралы өзара декларация қабылданды. Өзекбекстанмен өзара одақтастық қарым-қатынастар туралы жеке келіссөздер болды. Ол келіссөздерде екі елдің мүддесіне сәйкес келетін көп дүние бар. Осы жылдар ішінде Орталық Азия елдерінің әскери жаттығулары өтіп жатыр. Қазақстан әскері соңғы 4-5 жыл ішінде Түркиядағы әскери жаттығуларға жиі қатысатын болды. Мұны қорғаныс саласындағы жаңа бір кезең деп білемін. Қазақстанның Әзербайжанмен, Өзбекстанмен жеке қатынасы нығайып келе жатыр. Мысалы, Қазақстан Транскаспий дәлізін пайдалануды көздейтін болса, ар жақтағы Әзербайжанмен тығыз қатынас орнату керек екенін біледі. Біз бұл елмен арадағы байланыстарды тереңдеттік. Біз оларға локоматив беретін болсақ, олар бізге танкер беретін болды дегендей көптеген келісім, жобалар бар. Көп жағдайда Орталық Азия елдері, Түркі елдері халықаралық мәселелерге қатысты бір позияция байқатып жүр. Айталық, әр түрлі халықаралық оқиғаларға байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыс беретін болсақ, Орталық Азия мемлекеттерінің позициясы біртұтас болып келеді. Бұл - 2021-2022 жылдардан бері жүргізілген саясаттың нәтижесі. Әлбетте, бұл Қазақстан Президенті өзінің әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, оларды дәл осындай позицияның маңызды екеніне көндіріп, көздерін жеткізді деген ойдамын. Сондықтан түркі мемлекеттері ұйымының аясындағы ынтымақтастық, жалпы түрік интеграциясының жаңа кезеңі болды деп есептеймін. Бұл істе, әлбетте, Қазақстан Президентінің рольі ерекше. Біз қазір өзара сауда-экономикалық, гуманитарлық қарым-қатынастар және басқа да салалардағы қарым-қатынасты нығайтып келе жатырмыз. Тіпті түркі мемлекеттерінің әскери бағыттағы өзара байланысы да жақсарып келе жатыр. Мұны Тоқаевтың президенттікке келген алты жылдағы ауыз толтырып айтатын жетістіктердің қатарына қосар едім.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Фото: Ақорда