Қазақстанда әртістерге телевизиялық шоулардан басқа жерде фонограммамен ән айтуға тыйым салу ұсынылды, деп Malim.kz тілшісі Сенат аппаратының жетекшісі Максим Споткайдың Telegram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сенат "Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау туралы" заңға түзетулер енгізіп, 200 және одан да көп көрермен қатысатын концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салу туралы норманы нақтылады.
"Дауыстық (вокалдық) фонограммаларды тек телевизиялық контент жасау кезінде және концерт өткізуге арналмаған орындарда ғана пайдалануға рұқсат етіледі", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң жобасында:
- көрермендерді концертте фонограмма қолданылатыны туралы алдын ала хабардар ету міндеті енгізілді;
- шығармаларды БАҚ пен онлайн платформаларда пайдалану кезінде автордың аты-жөнін көрсету талабы нақтыланды.
Құжат Сенатта мақұлданғаннан кейін қайта қарау үшін Мәжіліске қайтарылды.