Ақтөбе облысында 17 жастағы қыз жылдар бойы зорлыққа ұшырап, оған екі мәрте жасанды түсік жасатылып, спираль салынған, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл деректі "НеМолчи" қоры жария етті. Қордың хабарлауынша, Ақтөбе облысында психикалық ерекше қажеттіліктері бар 17 жастағы қыз бірнеше ер адамның зорлығына ұшыраған. Белсенділерде ауруханадан алынған ресми медициналық құжаттар мен қыздың зорлық туралы баяндаған бейнежазбасы бар.
"Қыз екі мәрте жасанды түсік жасатып, спираль салдырған. Сондай-ақ, ол жыныс мүшелерінде екі абсцесс операциясын бастан өткерген. Қазір кезекті зорлық-зомбылық пен операциядан кейінгі емдеу шараларының алдын алу қажеттілігі туындап отыр", – деп жазды "НеМолчи" қоры.
Қордың ақпаратына сәйкес, қыздың анасының ішімдікке тәуелдігі бар, сондықтан анасының оны қорғай алмайтыны белгілі болған.
"Қыз ауруханада кездестірген белсенділерден көмек сұрап, операциядан кейінгі жарақаттарын емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуды өтінген. Белгісіз ер адамдар оны алып кетіп, психикалық дамуындағы ауытқуларына қарамастан зорлаған. Белсенді полицияға хабарласып, өтініш жазған, алайда полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, мұны қыздың анасының арыз жазудан бас тартқанымен ауызша түсіндірген", – деп мәлімдеді "НеМолчи" қоры.