Алматы облысында Алмасбек Садырбай мен тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Олар алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу баптары бойынша айыпталып отыр, деп хабарлайды Malim.kz КазТаг-қа сілтеме жасап.
«Облыс прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы биылғы 20 маусымда Садырбай Алмасбек пен тағы 6 адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық), 218-бабының 1-бөлігі (қылмыстық кірістерді заңдастыру) және 262-бабының 1, 2-бөліктері (ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу) бойынша тергеуді аяқтады. Барлығы 27 эпизод тіркелген. Іс 349 томнан тұрады, оның 182 томы – негізгі тергеу материалдары, 167 томы – құжаттық дәлелдер», – делінген Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Прокуратура мәліметінше, 20 маусым мен 15 қыркүйек аралығында істің материалдарымен 4 жәбірленуші – облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері танысқан. 15 қыркүйектен бастап 7 күдікті мен олардың 9 қорғаушысы материалдармен танысуға кіріскен.
«Қамауда отырған Садырбай қазіргі уақытта 108 томмен танысып шықты. Қазір танысу процесі жалғасуда, оны биылғы желтоқсан айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Еске салайық, 2024 жылғы 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбай 1,2 млрд теңге көлеміндегі субсидияларды жымқырды және алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.