Абай. Интернатта оқып жүр

Malim Админ

  • 08.01.2021

Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы –

Жаңа өспірім, көкөрім,

Бейне қолдың саласы.

Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы,

Ойында жоқ олардың

Шариғатқа шаласы.

Орыс тілі, жазуы –

Білсем деген таласы.

Прошение жазуға,

Тырысар келсе шамасы.

Ынсапсызға не керек

Істің ақ пен қарасы?

Нан таппаймыз демейді,

Бүлінсе елдің арасы.

Иждиһатсыз, михнатсыз

Табылмас ғылым сарасы.

Аз білгенін көпсінсе,

Көп қазаққа епсінсе,

Кімге тиер панасы?

Орыс теріс айтпайды,

Жаман бол деп оларды.

Қаны бұзық өзі ойлар

Қу менен сұм боларды,

Орыста қалар жаласы.

Бұл іске кім виноват –

Я, Семейдің қаласы.

Я, қазақтың баласы.

Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы.

Ақылы кімнің бар болса,

Демес мұны тілі ащы.

Айтыңызшы, болсаңыз

Здравомыслящий,

Ақыл айтпай ма ағасы?

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге.

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге.

Қалай сабыр қыласың,

Жазықсыз күнде сөгуге.

Өнерсіздің қылығы –

Тура сөзін айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге.

Аз ақшаға жалданып,

Өнбес іске алданып,

Жол таба алмай жүруге.

Алыс та болса іздеп тап,

Кореннойға кіруге,

«Талапты ерге нұр жауар»,

Жүріп өмір сүруге.

Я байларға қызмет қыл!

Ерінбей шауып желуге.

Адал жүріп, адал тұр,

Счетыңтура келуге.

Жаныңа жақса, соңынан

Жалқауланба еруге.

Қисық болса, закон бар

Судьяға беруге.

Ол да оязной емес қой,

Алуға теңдік сенуге.

Иә өз бетіңнен тәуекел,

Занимайся прямотой.

Жеңіл көрме, бек керек

Оған да ғылым, оған да ой,

Қалайынша қайда енуге.

 

Байланысты жаналықтар

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

20.07.2024

Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

29.08.2023

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

10.08.2023

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

07.06.2023

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды

14.09.2021

Анахронизм, Абай, Авраам

23.08.2021
MalimBlocks
Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

«Қазақтың келістірер қай баласы» деуі — Абайдың астамшылығы немесе нигилистігі емес, ащы шындықты мойындауы әрі суреткер ретінде өзіне тарих жүктеген міндетті терең сезінуі

Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

Ұлы ақынға Қалидің құдіретті де әсерлі үні ұнайды

Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

Алғашқы хат, қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық

Абайдың атын айтып малданамыз, ауылын көрсек қорланамыз  

Абайдың қолжазбалары, домбырасы, тоғызқұмалағы, Құнанбай қажының кісе белбеуіне қауіп төніп тұр

Соққыға жығылған жігіт өз-өзіне қол салды

Анахронизм, Абай, Авраам