Анахронизм, Абай, Авраам

  • 23.08.2021

XVII ғасырда өмір сүрген суретші Чезаре Дженнаридің Орфейді скрипкамен бейнелеген әйгілі туындасы бар. Тәп-тәуір картина.  Алайда сол суретте бір гәп бар – Ежелгі Грекияда және оның мифологиясында скрипка аспабы атымен болмаған. Мұндай тәсілді өнертанушылар анахронизм деп атайды.

Анахронизм тәсілі оқиғаларды, құбылыстарды, тұлғаларды немесе бұйымдарды білместікпен немесе әдейі басқа уақытқа телиді – осылайша хронология бұзылады.

 Жақында Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешенінде болғанымда музейлерге жауапты басшылардың анахронизмнің фанаттары екеніне тағы да көзім жетті. Фанаттары деуге де келмейтін шығар. Себебі олардың анахронизм тәсілінен хабардар екені күмәнді. Хабары болса, мұндай тәсілдің музей жасақтауда, оны реставрациялауда орынсыз екенін түсінер еді ғой. Музейдің, соның ішінде мемориалды музей-үйлердің ең негізгі міндеті – келушілерге сол заманның атмосферасын сездіру емес пе?!

     

 1993 жылға дейін Абай зираты өте қарапайым болған деседі көзкөргендер. «Абай-Шәкәрім» кешеннің құрылысы Абайдың 150 жылдығына орай 1993 жылы басталып, 1995 жылы аяқталған екен. Кешен тұрғызу үшін Республикалық конкурс ұйымдастырылады. Конкурста атақты Бек Ыбраевтың жұмысы жеңіске жетеді. Кешеннің элементтері қазақтың арғы-бергі наным-сенімдеріне, Абай өмірінің фактілеріне сәйкестендіріліп ойластырылған. Архитектуралық тұрғыдан тартымды шыққан.

 Алайда менің айтпағым кешеннің архитектуралық әдемілігіне, архитекторлар мен құрылысшылардың жұмысына мүлде қатысы жоқ. Десек те кешеннің сол әдемілігі оның тарихы құндылығына нұқсан келтіріп тұрғандай. Себебі зират пен оның маңы, музей-үй бастапқы қалпында сақталмаған. Музей-үйдің темір қақпасы, ауладағы брусчатка, үйдегі паркет пен біраз бұйым Абай заманында болмаған. Ақын зираты да ондай болмаған. Абайдың үйі мен зиратының алғашқы қалпында сақтау, ол тіпті ұсқынсыз болған жағдайда да, Абайдың ұлылығына, оның талатына көлеңке түсірмесе керек?!

 Біз қалайша бас ақынымыз - Абайдың зираты мен үйін жұпыны қалыпта ұстап, көпшілікке көрсетеміз? Ел не дейді? Маңдайымызға біткен бірегей ақынымызға құрмет көрсетуге жарамадық па? Осы сарындағы сұрақтар Абайшыл әрбір адамның көкейінде тұратын шығар. Сұрақтардың жауабы қарапайым – Абайға деген мұндай жанашырлық пен құрмет тарихқа қиянат.

Мен сіздерге Америка аша алмайтын шығармын, алайда сол Американың бір мысалын айтайын. АҚШ-тың Иллинойс штатында Спрингфилд деген қала бар. Штат астанасы деген аты болмаса, кішкентай ғана қалашық. Сол қалашықта бір кездері Абаймен аттас Авраам Линкольн өмір сүрген, саяси карьерасын бастаған. (Абайдың азан шақырып қойған есімі Ибрахимді христиан әлемі Авраам деп атайды) Кісі қолынан Вашингтонда қаза тапса да, Спрингфилдте жерленген. Линкольн АҚШ тарихындағы ең шешуші, ең маңызды, ең күрделі, ең қайшылықты кезеңде президент болған ұлы тұлға. Спрингфилдке турист ретінде келетіндер негізінен сол Линкольн үшін келеді. Мұнда Линкольнің тұрған үйі мен зираты, музейі бар.

(1860 жылғы Авраам Линкольн және үйдің бүгінгі түрі)

2018 жылы арнайы Спрингфилдке бардым. Менің сапарым музейден басталды. Музей Линкольннің түрлі өмір кезеңдерінен сыр шертетін бірнеше залдан тұрады. Залдарды сторителлингке негізделген мультимедиялық шешімдер әдемі толықтырып тұр. Музейдің алғашқы залына кіріп, соңғы залынан шыққан кезде Линкольннің кім болғанын, оның тұлға болып қалыптасуына не әсер еткенін, президент ретінде не тындырғанын ұмытпастай жаттап аласыз. Әсіресе, соңғы зал есіңізде ерекше қалады. Ол залдың іші қараңғы және оның қабырғаларына ұзын қара ленталар ілінген. Фон музыкасы да қайғылы. Залдың тура ортасында айналасы қызылды-қара гүл шоқтарымен көмкерілген Линкольннің табыты тұр. Дененің түршігіп кетеді.

Музейден шығып, Линкольннің тұрған үйіне қарай беттедім. Алыс емес. Бір кварталдан кейін асфальт жол бітіп, қиыршық тасты жол басталды. Жол Линкольннің үйіне апарады. Елестетіп көріңізші, тек үйдің алды ғана емес – тұтастай бір кварталдың көшесіне қиыршық тас төселген! Тура XIX ғасырда жүргендей әсер аласың. Бұған қоса, мемлекет кварталдың тарихи келбетіне нұқсан келтірмеу үшін Линкольн көршілерінің үйін де сатып алған, қорғауына алған. Екі қабатты ескі үй де тарихи қалпында сақталған. Үйдің интерьері, оның әрбір элементі сол тарихи кезеңге сай. Тарихқа деген, тарихи тұлғаға деген құрмет жасалса, осылай жасалса керек.  

Реті келсе, тарихымыздың тереңдігімен мақтануға дайын тұратын халықпыз ғой. Бізге салса, алғашқы адамдар Оңтүстік Африкада емес, Оңтүстік Қазақстанда пайда болған деп айтудан да тартынбаймыз. Хан болған, батыр болған, би-болыс болған ата-бабаларымызбен мақтанамыз. Оларға бір-бірінен аумайтын ескерткіштер, мавзолейлер саламыз. Бір жерімізге қарамай, жол-жөнекей АҚШ-тың тарихы жоқ екендігін, иммигрант келімсектердің елі екенін айтып қаламыз. Сөйте тұра, АҚШ сияқты тарихымызды өзімізге де, өзгеге де тартымды етіп айта алмаймыз, ұсына алмаймыз, тарихи жәдігерлерімізді ұқыппен сақтай алмаймыз.

Нұрбек Мәтжани

 

Байланысты жаналықтар

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

29.09.2024

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

11.09.2024

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

10.08.2024

Елімізде Абай есімді 19 мыңға жуық адам тұрады

09.08.2024

Абайдың қара сөздері (1-18 қарасөз)

05.08.2024
MalimBlocks
Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

Жаңа маусым «Абай» опералық спектаклімен ашылды

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

Ол құлаққаппен ән тыңдап, теміржолдан өтіп бара жатқан

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

12 мешіттің аузына құлып салынып, архиепископ дін таласына шақырады

Елімізде Абай есімді 19 мыңға жуық адам тұрады

10 тамыз Абай Құнанбайұлының туған күні

Абайдың қара сөздері (1-18 қарасөз)

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы. Философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Ақын шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.